Криштиану Роналду: Қазір жас футболшылар сынды көтере алмайды
«Манчестер Юнайтед» командасы мен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду жиі сұхбат беретіндер қатарынан емес. Дегенмен жақында екі бірдей ақпарат құралы ақпан айында 37 жасқа толатын футболшымен көлемді әңгіме-дүкен құрды. Осы ретте «ESPN Brazil» басылымы жариялаған сұхбаттың негізгілеріне тоқталғанды жөн көрдік.
Рангникке уақыт керек
Криштиану алдымен Сульшерді алмастырған Рангникке баға берді және неміс маманының тапсырмасының ауқымын айтты.
«Ол бізге бес апта бұрын келді. Аз уақыттың ішінде көп нәрсе өзгертті. Рангникке өз идеясын ойыншыларға жеткізуге уақыт керек. Мен жаңа бапкердің өз жұмысын жақсы атқаратынына сенемін. Қазір ойынымыз жақсы емес екенін түсінемін. Бірақ жағдайды түзеуге мүмкіндік бар. Футболшылардың мінез-құлқын өзгерту оңай емес. Соған қарамастан оның қолынан келеді деп ойлаймын».
Ал Сульшер бапкер жайлы айтатын болсақ, ол командадан кеткен кезде қимастық болғаны рас. Мен онымен бір командада ойнадым. Одан кейін бапкерім болды. Өте керемет адам. Қызметінен кеткенде бәріміз қамықтық. Бірақ бұл өмірдің заңы. Егер нәтиже болмай жатса, бірдеңені өзгертуге тура келеді. Дегенмен ол бұл шешімді түсінді. Өмір мұнымен бітпейтіні тағы бар.
Жаңа бапкердің өз идеясын жүзеге асыруға уақыт қажет. Сульшер кеткенде бас бапкер міндетін уақытша Кэррик атқарды. Енді Рангник келді. Аз уақыттың ішінде осындай көп өзгерістің болғаны қиын. Соған қарамастан біз жақсы маусым өткізетінімізге сенімдімін».
«Манчестер Юнайтедке» менталитетті өзгерту маңызды
«Футболда ойыншылардың мінез-құлқы өте үлкен рөл ойнайды. Біздің түсінігімізде «Манчестер Юнайтед» үздік үштікте болуы керек. Басқасына келісе алмаймын. Кейде жақсы бірдеңе тұрғызу үшін ескісін бұзуға тура келеді. Қазір неге солай жасамасқа? Жаңа жыл, жаңа өмір… «Манчестер Юнайтед» ойыншылары жанкүйерлердің қалаған деңгейіне көтеріле алады деп ойлаймын. Олар бұған лайықты. Біз қазір өзгеруге қабілеттіміз. Мен негізі мұның жолын білемін. Бірақ қазір айтсам, этика тұрғысынан дұрыс болмайды. Тек бұдан да жақсы ойнай алатынымызға сенімді екенімді жеткізгім келеді. Турнир кестесіндегі жағдайымызды жақсартуымыз қажет.
Чемпионатта бесінші, алтыншы, жетінші орындар үшін ойнағым келмейді. Мен мұнда жеңіске жетіп, өзгелермен бәсекелестікке түсу үшін жүрмін. Біз басқаларға лайықты қарсылас болуға тырысамыз. Бірақ әзірге өзіміздің толық бабымызға келген жоқпыз. Әлі де көп нәрсе қосу қажет. Команданы жоғары деңгейге көтеру үшін осында жүрмін. Енді сонымен айналысу керек.
Жаңа жыл басталды, тарихтың жаңа парағы жазылады. Енді көп ойынды жеңуге тиіспіз. Әйтпесе, масқараның көкесі сонда болады.
Адамның денсаулығы 33 жастан кейін де кез келген тапсырманы шешуге қабілетті болуы мүмкін, бірақ…»
Роналдудың жасы 36-да. Ақпан айында 37 жасқа толады. Бірақ әзірге футболмен қоштасу ойында жоқ сияқты.
«Генетикалық тұрғыдан өзімді 30 жастағыдай сезінемін. Өзімнің денсаулығыма ұқыпты қараймын. Жақында 33 жастан кейін адамның денесі дұрыс жаттықса, кез келген тапсырманы шеше алатынын түсіндім. Бірақ нағыз шайқас – ақыл шайқасы.
Ең қиыны – талай кедергілерден өтіп келіп, жоғары деңгейде өзіңді сақтап қалу. Соңғы жылдары мен осы мақсатпен өмір сүріп жүрмін. Өз ақыл-ойыммен көп жұмыс істеймін. Өмірде әр түрлі сәттер болады. Жақсылық та, жамандық та кездеседі. Төменге құлағанда қайта тұра алатындай күш қажет. Мен қазір бақыттымын. Футболда әрі қарай да қалғым келеді. Оның соңы неге әкелетінін уақыт көрсетер. Қырық немесе қырық екі жасқа дейін ойнай аламын ба? Соны түсінгім келеді. Ең бастысы – футболдан ләззат алу».
Роналду командаға көмектескісі келеді
«Мен өзіме қарап: «Криштиану, өз деңгейіңді көтеріп, командаға қандай көмек бере аласың?» деп сұраймын. Әрине, команданың нәтижесін жақсартуға өз үлесімді қоса аламын. Егер командаластарым шаршаса, оларға көмектесуге дайынмын. Ойын кезінде кішкентай детальдарға да мән беру керек. Алаңда ақылды әрі қу болу қажет.
Әрбір матч өзінше ерекше. Ойыншылардың да айырмашылығы бар. Командалар да әр түрлі тактикамен ойнайды. Стадиондарда бір-біріне ұқсамайды. Егер ойында жолың болмай жатса, біртұтас команда болып ойнауға тырысу қажет. Сондықтан да біздің команданың аты «Манчестер Юнайтед» деп аталған болар. Бізге қиын сәтте бірлік керек».
Жастардың тәжірибелі футболшыларды тыңдағаны жөн
«Тәжірибелі ойыншылардың жастарға айтар ақылы, берер кеңесі болады. Әрине, оның да өзіндік жолы бар. Мысалы, мен жас футболшыға ақыл-кеңес айтсам, ол оны қабылдамаса онда қиын. Адаммен күні бойы сөйлеесуге болады. Егер өзінде ештеңе жоқ болса, одан бірдеңе шығару неғайбыл. Кезінде 18-19 жасымда менен үлкен ағаларым өз ақылдарын айтатын. Мен оны мұқият тыңдайтынмын. «Криштиану, саған бәрін ой-елегінен өткізу керек. Олардың тәжірибесі мол. Айтқандарын тыңда» деп өз-өзіме шарт қойдым. Олар талай қиындықтан өткен адамдар. Ал, қазір жас футболшылар сынды көтере алмайды. Мен бұл жерде командаластарым туралы емес, жалпы қазіргі жас футболшылар жайлы айтып отырмын. Менің де балаларым бар. Кейде қаталдық танытсаң, олар керісінше істейді. Сондықтан сөйлескен кезде тілін таба білу керек.
Меніңше, барлығы адамның ішкі-жан дүниесіне байланысты. Айнаның алдында тұрғанда мақтана алатындай болуың керек. Егер біреуге көмек керек болса, бірінші болып қолғабыс етуге дайынмын. Ал ондай қолдауды қажет етпесе, өз жұмысын істеп, команданың дамуына үлес қосуы тиіс».
Бек Төлеу