Бекасыл Сейітхан, Амангелді Сейітханның ұлы: Әкем өзгелерді қайраумен өтті
Қазақ «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Бұл сөз қазақ комментаторларының арасында ойып тұрып өзіндік орын алған Амангелді Сейітханға қарап айтылғандай. Оның жақсылығын, игі істерін достары, әріптестері үнемі сөз етіп отырса, ұшқыр ойынан шыққан қанатты сөздерін халық әлі күнге дейін қолданады. Өмірден өзі өтсе де, оның жолын қуған ізбасарлары бар. Солардың бірі – Аман ағаның ұлы Бекасыл. Бүгін комментатор ағамыздың өмір жолы, өкініші мен арманы жайлы әкесінің жолын қуған Бекасылдан сұрап көрейік деп шештік.
– Бекасыл, алдымен өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз.
–Жасым 18-де, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 1-курс студентімін. Болашақ тіс дәрігерімін. Қазақ-түлік лицейін тәмамдадым.
– Сізді шығармашылыққа жақын деп естігенмін. Бірақ медицинаны таңдапсыз…
– Шығармашылықтан алыс кеткен жоқпын. Әкемнің YouTube арнасын қолға алып, жандандырып жатқан жайымыз бар. Соңғы екі аптада екі сұхбат жарық көрді. Шығармашылық қабілет қай кезде де септігін тигізеді. Оны шегеріп тастау мүмкін емес. Ақындыққа да жақынбыз. Бірақ әзірге оны сахнаға, көпшілік алдына шығаруға шикілеуміз. Болашақта мұның бәрі өз жемісін береріне кәміл сенеміз.
– Сонда сұхбат берушілер негізінен кімдер – спортшылар ма?
– Қазақы нақышты дәріптеуді мақсат тұттық. Қазақтың маңдайына біткен талай жұлдыздың жарығы қоғам әділетсіздігіне, тағдырға байланысты ерте сөнді. Соларды жаңа қазақпен, жастармен таныстыру мақсатында сұхбат ұйымдастырып жатырмыз. Басымдық спортқа берілетіні сөзсіз, бірақ арнамыздан өзге саланың майталмандарын да көресіздер.
– Түсінуімше, өзіңіз жүргізушісіз. Жалпы сұхбат ұйымдастыру, жүргізушілік тәжірибеңіз бар ма еді?
– Әкемнің ізінен ерген балалармыз ғой, сол кісінің өмір жолын көріп өстік. Сондықтан болар, жүргізушілікке белді буып кірісіп кеттік. Алдымен тәжірибе керек деп мақсат қойған жоқпын, менің көздегенім – әкемнің бастаған ісін жалғастыру.
– Әдетте сұхбат жасау үшін қолдау көрсететін команда керек, сізде ондай адамдар бар ма?
– Бұл істің қиындығынан гөрі қызығы басым. Көзімізді ашқалы естіп-білгеніміз спорт болған соң, есімі ауызда жүрген адамдармен кездесу, солармен тілдесу ерекше сезім сыйлайды екен. Шүкір, жол сілтер, өнеге болар ағаларымыз көп. Олардың көбі әкемнің әріптестері, шәкірттері.
– Амангелді ағамен жеке шығармашылығыңызды талқылаушы ма едіңіз? Қандай кеңес беретін?
– Әкемнің айтатын басты ақылы – халыққа пайдалы бол. Қазақта «Еңбекті үйрен де жирен» деген сөз бар ғой. Яғни жиреніп, нәтиже шығара алмасаң, ондай өнерден түк пайда жоқ. Күнделікті осы тақырыпта әңгіме қозғайтынбыз. Бала кезде әкеме «өлең жазуға көмектесіңізші» деп өтінсем, ол кісі «өлеңді мен емес, өзің жазуың керек» дейтін. Сонда оған неге сонша қиналады деп ренжимін ғой. Бала болған соң түсінбейді екем. Сөйтсем бұл әкемнің мені қайрап, оңайға, дайынға үйір болмасын деген тәрбиесі екен. Егер әкем сол кезде келісе салғанда, мендегі бала арман, ұмтылыс деген баяғыда-ақ сөнуші еді.
– Ол кісі спорттағы мәселелерді көтеріп талай мақала жазды. Жалпы Аман аға мақала не өлең жазар алдында қалай дайындалатын?
– Көп ізденетін, қаузайтын тақырыбын, сұхбат алатын адамды жан-жақты зерттейтін. Шабыты қай кезде келсе, сол кезде орнынан атып тұрып, бөлмесіне барып ойын қағаз бетіне түсіретін. Байқауымша, ол кісінің делебесі домбыра тартып отырғанда қозатын. Сондайда компьютерде сағаттап жұмыс істейтін. Ал эфир барысында суырыпсалма қабілетін қосатын. Сол жазғанын кейін бізбен талқылайтын. Мынаны не үшін былай жаздым, мына сөзбен не айтқым келді деген сыңайдағы сұрақтар қояды. Соған қатысты біздің пікірімізді біліп қана қоймай, бізді ойлауға, ойымызды жеткізе білуге үйреткен екен ғой.
– Амангелді ағаны көпшілік ерекше ұйқастары үшін де жақсы көретін. Талай тіркесі ел арасында афоризм секілді айтылып жүреді. Солардың ішінде сізге қайсысы көбірек ұнайды?
– Өзіме «Зинедин Зидан қазақ болса…» деген тіркесі ерекше ұнайды. Әр елде футболда әлемдік деңгейде өнер көрсететін талант бар. Бірақ сондай талант әлі күнге дейін Қазақстанға жетіспейді. Әкемнің қазақтан да Зидан секілді футболшы шықса, ел футболын дамытса деген арманынан туындаған қанатты сөзі ғой.
– Әкеңіздің қандай өкініші бар еді?
– Ол кісінің басты өкініші де спортқа, қазақ спортына байланысты. Қазақ спорты, отандық футбол неге дамымайды деген уайыммен өтті. Ауылдан шыққан балаларды неге ешкім көтермейді, неге біздің балалар жарқ етіп шығып, сосын тез сөнеді дейтін.
– Сіздің ойыңызша, футболдың дамымауына не себеп? Зидан секілді жұлдыздар неге біздің арамызда жоқ деп ойлайсыз? Мәселені сырттан ғана емес, іштен де көріп жүрсіз ғой.
– Балаларды кінәлауға болмайды. Тоқетерін айтқанда, ешқандай жағдай жасалмаған. Іргетас жоқ қой, дайындалатын жер – мектептің спорт залы, алаңы. Болды. Арнайы стадиондар, залдар қарастырылмаған. Соның өзінде әйтеуір жанкештілік пен футболға деген махаббаттың арқасында бапкерлердің, мамандардың көзіне түсіп, кейбір балалар қалаға ауысып келіп жатады. Оларды жұлдыз жасаймыз деген уәде үйіптөгіп беріледі. Содан кейінгі тағдыры белгісіз. Не анда, не мұнда жоқ боп қалады.
– Ағаңыз Ерасыл футболда біраз бағын сынап көрді. Ал сіз спорттың қай түріне жақынсыз?
– Әкем үшін футболдың орны ерекше болатын. Сол себепті де бізді бала күнімізден аладопқа әуес қылып өсірді. Ерасыл екеумізді кішкентайымыздан футбол матчтарына, турнирлерге ертіп баратын. Сонда көптеген журналист ағаларымызбен таныстық, тіпті бірге футбол ойнадық. Қазір аптасына кемі бір рет доп теппесек, өзімізді жайсыз сезінеміз. Менде де футболға қызығушылық болды, тек отбасымызда бір адам футболмен кәсіби түрде шұғылданғандықтан ба, өзім басқа салаға бет бұруды жөн көрдім. Бір үйге екі футболшы көптік етеді деген шығармын. Әкемнің кумирі Диего Армандо Марадона еді. Абайдың «Әр адам өз заманының құлы» деген сөзі бар ғой. Әкемнің уақытында үлгі тұтар футболшылар сол Марадоналар болса, біз Криштиану Роналду, Лионель Месси секілді футболшылардың жолына қарап тамсанамыз. Өзім кәсіби түрде ешқашан футболға қатысқан емеспін. Өмірімде футбол академияларында болып көрген жоқпын. Футбол білімін әкемнен, ағамнан алдым. Қазір футболды ортаңқол футболшылардан кем ойнамаймыз. Негізі спорттың барлық түрін көремін. Үлкен теннис, баскетболды да жаным сүйеді. Бұрын әуес деп қарасам, қазір сұхбатқа қажетті болғандықтан да спорт жаңалықтарын қалт жібермеуге тырысамын.
– Амангелді ағаның футболға деген қызығушылығы бөлек болғанын білеміз. Барын салып ойнайтынын талай рет көрдік. Алаңдағы әкеңіз бен өмірдегі әкеңіздің айырмашылығы бар ма еді?
– Әкем өмірін футболмен байланыстыратын. Алаңда да, алаңнан тыс жерде өмірін қайрауға арнағанадам. Алаңда командаластарын, өмірде футболшыларды қайраумен өтті.
– Әке жолын қуып, өзіңізді комментаторлық салада сынап көргіңіз келмей ме?
– Былтыр Алматыда әкемнің құрметіне өткен турнирдің финалын жүргізу бақыты бұйырған. Аламан десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ демекші, сол ойынды жүргіздім. Осыдан соң стоматологияға барғаным қаншалықты дұрыс, бұл маған қажет сала ма деген сауалдар мазалады. Бір аптадай таңдауыма күмән болып, ой құрсауында жүрдім. Болашақта әлі шыңдала түсіп, бұл салада да өзімді сынап көрсем деген ой бар. Тек ол үшін көп еңбек етіп, көп іздену керек.
– Әкеңіздің стилін қайталауға тырысасыз ба әлде өз бағытыңызды тапқыңыз келе ме?
– Әкем «маған ұқсауың шарт емес, дегенмен менің бір жақсы қасиеттерім болса, өзің үлгі тұтатын адамдардың жақсы тұстарын бойыңа сіңіре білсең, өзіндік стиль қалыптастыра алсаң, онда сенің жеңгенің» деп айтатын. Жүз пайыз әкем секілді жүргізсем демеймін, бірақ оның қанатты сөздерін қолданатыным анық.
– Қазіргі комментаторлар арасында кімнің жүргізгені ұнайды?
– Ермұхамед Мәулен, Ербол Қайыров, Уәлихан Қосанбай, Айбек Қабылша, Ерік Ерсін секілді ағаларымыз жүргізген матчтарды үзбей көруге тырысамыз. Осындай комментаторлар барда спортдамитынына, спорт жанашырлары көбейетініне күмән жоқ.
– Өткен күндерге көз жүгіртсек. Аман аға бұрын денсаулығына шағым айтып па еді? Мен білетін Амангелді аға үнемі күлімдеп, айналасын да күлкіге қарық қылып жүретін…
– Әкемнің өмірде денсаулығына шағым айтқанын естіген емеспіз. Кінәрат болған шығар, сөйте тұра «ауырдым, сырқадым» деп ешкімге тіс жарған емес. Жалпы төсек тартып жатқаны да есімде жоқ.
– Ол кезде сіз оқушысыз. Қайғылы жайтты қалай қабылдадыңыздар?
– Аспаннан жай түскендей күй кештік. Аяқ астынан болды. Жанында жүрген біздің өзіміз мұндай болады деп ойлаған жоқпыз. Жазылып кететініне сенімді болдық. Себебі «уайымдамаңдар, бәрі дұрыс дейтін». Телефонмен сөйлескенде денсаулығын сұрай бастасаң, тіпті ұрсып тастайтын. Кейіннен дәрігерлер «қатты ауырды, қиналды» деп айтып жатыр. Жасырған, бізге көрсеткісі келмеген. Ойлап қарасаң, мұның өзі үлкен өнеге, тәрбие.
– Қоштасып үлгердіңіздер ме?
– Жоқ, өйткені мұндай болады деп ойлаған жоқпыз. Ауруханаға кіргізген жоқ, тек телефонмен хабарын біліп отырдық. Өзі де келгенімізді қаламады, қиналғанымды көрмесін дегені шығар. Токио олимпиадасы өтіп жатқан кез, ауырып жатып та төртжылдықтың бас додасы жайлы сұрап отыратын.
– Қандай арманы бар еді?
– YouTube арнасында өзіндік тәрбиелік мәні бар, өнегелік подкаст түсірсем деп армандайтын. Өз балаларын ғана емес, қазақтың әр баласын әлемдік деңгейден көргісі келді. Айтысты да сағынды, айтысқа шықсам деген ойы да болған. Өйткені әкем үшін осы өнер футболдан кейін екінші орында тұратын
. – Сізді де болашақта айтыстан көруіміз мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Жұрт алдына шығып айтысу үшін білімің терең, жан-жақты болуың керек. Ол үшін көп іздену қажет. Қазір аптасына бір өлең жазып тұрамын. Негізінен өлеңдерім ұлт, намыс, спорт тақырыптарына арналған. Ат спортын ерекше жақсы көрген соң, жылқылар туралы өлеңдерім де бар. YouTubeарнамызда ұшқыр бәйге туралы да көрсетіп жүрміз. Әйтеуір сол әке арманын орындасақ, бастаған ісі жалғасын тапса деген ой ғой.
– Ниетіңізге жетуіңізге тілектеспіз!
Сұхбаттасқан: Мәдина АСЫЛБЕК, «Қазақ спорты» газеті