Бокс

Үздіктер Азия чемпионатына барады

Бокстан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Оралға еліміздің барлық өңірінен келген 212 боксшы 13 салмақ дәрежесінде өзара жеңімпазды анықтады.

 

Ағайынды сегіз боксшы сынға түсті

 

Оралда өткен чемпионатта 3 алтын медаль жеңіп алған Нұр-Сұлтан қаласының былғары қолғап шеберлері командалық есепте көш бастады. Ал 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншілеген түркістандықтар екінші орынды еншілесе, Қарағандыдан келген боксшылар 2 алтын жеңіп, жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеді.

Ел біріншілігінде 8 бірдей боксшы тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Мұны әлем чемпионатында жүлде алған бес боксшы мен жаһан жарысында ауыр жекпе-жек өткізген Асланбек Шымбергеновті (71 кг) жарыстан босатқанымен байланыстыруға болады. Сонымен қатар бұған дейін құраманың көшбасшысы саналған, бүгінде кәсіпқой бокста жүрген Бекзат Нұрдәулетов пен Қамшыбек Қоңқабаев және бокс қолғабын шегеге ілген Теміртас Жүсіпов, Зәкір Сафиуллин, Василий Левит сынды былғары қолғап шеберлерінің құрамадан кетуі де жас боксшыларға жол ашты. Кейбір салмақ дәрежелерінде чемпиондық атаққа жете алмай жүрген боксшылар мықтылардың жоқтығын пайдаланып, ел чемпионы атанды. Атап айтсақ, 48 кг салмақта Санжар Ташкенбай, Дамир Әбдіқадыр (51 кг), Талғат Сырымбетов (54 кг), Асылқұл Оразбеков (57 кг), Василий Самчук (60 кг), Ермахан Жақпеков (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг) алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.

Бір қызығы, Қазақстан чемпионатында Айбек (92 кг), Нұрбек (80 кг) Оралбайлар, Саматәлі (60 кг), Санатәлі (63,5 кг) Төлтаевтар, Ермахан (71 кг), Ерасыл (80 кг) Жақпековтер және Нұрлан (+92 кг), Даниял (+92 кг) Сапарбай сынды ағайынды сегіз боксшы сынға түсті. Солардың алтауы жүлдеге ілінді. Тіпті аса ауыр салмақта сынға түскен ағайынды Нұрлан және Даниял Сапарбайлар бір-бірімен кездесіп қалуы да мүмкін еді, егер Даниял ширек финалда сүрінбегенде.

 

 

Атыраулықтардың қарқыны күшті

 

Чемпионаттың қорытындысы бойынша командалық есепте төртінші орынды Атырау боксшылары алды. Бұрын-соңды атыраулықтарға командалық есепте үздік төрттікке кіру былай тұрсын, жүлделі орындарға ілінудің өзі қиын болатын. 2013 жылы Атырауда өткен ел біріншілігінде шаршы алаң иелеріне 1 алтын, 3 қола медаль бұйырған еді. Бұл жолы үш бірдей атыраулық боксшы финалда өнер көрсетті. Атап айтсақ, 75 келіде Нұрқанат Райыс жеңімпаз атанса, 54 келі салмақ дәрежесінде Олжас Байниязов пен +92 келі салмақтағы Аманат Сабырғали күміс медальды қанағат тұтты. Атыраулықтарды көптен бері білікті маман Нұрлан Айтуаров баптап жүр.

Ал қысқы спорт түрінен алдына жан салмайтын аймақтың бірі Солтүстік Қазақстан облысы боксқа келгенде немқұрайлық танытатын секілді. Себебі Оралда өткен Қазақстан чемпионатында осы өңірдің боксшылары ғана жүлдеге іліне алмады.

 

 

Чемпиондардың жолы түйісті

 

Сонымен, кеше 13 салмақта ел чемпиондары мен жүлдегерлері анықталды. Осы тұста тек 75 келі мен 92 келі салмақтағы жекпе-жектерге тоқталғанды жөн көріп отырмыз. 75 келі салмақта финалға жолдама алған Нұрқанат Райыс пен Аятулла Такижановтар – былтырғы Қазақстан чемпионатының күміс және қола жүлдегерлері. Сондықтан екі қарсылас бір-бірін жақсы біледі. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл құрамадан кеткеннен кейін Сербияда өткен әлем біріншілігінде ел намысын кім қорғайтынын білу үшін осы екі боксшы арасында жекпе-жек өткізілген-ді. Сол сында Нұрқанат сәл ғана басымдықпен жеңіске жеткен еді. Осы жолы Аятулла финалдық айқас бастала сала қолының ұзындығын пайдаланып, соққы жасай бастады. Бірнеше соққыны өткізіп алған Нұрқанат екінші-үшінші раундта ғана белсенділік танытты. Алма-кезек шабуылдармен өткен кездесуде 3:2 есебімен Нұрқанат Райыс чемпион атанды.

92 келі салмақта Айбек Оралбай мен Абзал Құттыбеков арасындағы финалдық айқас бокссүйер қауымның көңілінен шықты. Олай болмағанда ше?! Айбек жастар арасында Олимпиада чемпионы болса, Абзал – әскерилер арасында әлем чемпионы. Қос халықаралық дәрежедегі боксшы арасындағы үш раундқа созылған жекпе-жек алма-кезек соққылармен өрбіді. Нәтижесінде, бірінші раундта барлық төреші басымдықты Айбекке берсе, екінші раундта бес төрешінің төртеуі Абзалды үздік деп таныды. Шешуші, үшінші раундта белсенділік танытқан Айбекке бес төрешінің үшеуі жеңісті беріп, қорытынды есепте 4:1 есебімен жеңіске жетіп, А.Оралбай Қазақстан чемпионы атанды.

Енді Қазақстан чемпионы атанған жас боксшылар қаңтар айында тұңғыш рет 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Ал толық құрамдағы былғары қолғап шеберлері жазда өтетін Азия ойындарында бақтарын сынайды.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан облысының әкімі:

– Президент тапсырмасына сәйкес облысымызға қарасты аудандарда 13 спорт кешені салынуға тиіс. Әзірге 7 спорт кешені пайдалануға берілді, қалғаны салынып жатыр. Жалпы, соңғы жылдары спортқа көп көңіл бөліп келеміз. Биылдың өзінде каратэден, дзюдодан Қазақстан чемпионатын ұйымдастырдық. Міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бокстан Қазақстан чемпионатын Орал өңірінде тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Бұған дейін біздің шаһарда ірі көлемде бокс додасы өтпегенін ескерсек, осындай сайыстар өңірден болашақ чемпиондардың шығуына жол ашады деп ойлаймын. Қазақстан біріншілігінің финалында облысымыздың екі боксшысы өнер көрсетті. Бұл да жақсы нәтиже. Жалпы, биылдың өзінде ересектер мен жастар арасынан өңірімізден 14 әлем чемпионы, 3 Еуропа және 8 Азия чемпионы шықты.

Осы сәтті пайдаланып Қазақстан бокс федерациясының Батыс Қазақстандағы филиалының президенті Бауыржан Каримовке алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ осы іс-шараның басы-қасында жүрген барлық қызметкерлердің де еңбегі орасан зор.

 

Рахымжан РЫСБАЕВ,

Лондон және Рио Олимпиадаларының төрешісі:

– Орал қаласындағы айтулы іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Осыған байланысты бірінші кезекте Батыс Қазақстан облысы Бокс федерациясының басшысына алғысымды білдіремін. Жаһандық жарыс пен Қазақстан біріншілігі арасындағы уақыт тығыз болғандықтан чемпионатта құраманың кейбір боксшылары өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Оны түсінуге де болады. Соған қарамастан, чемпион атанған боксшыларымыз алдағы уақытта халықаралық турнирлерде топ жарады деп сенемін. Жартылай финал мен финалдық кездесулерде төрешілер өте жоғары деңгейде қызмет атқарды.

 

Аркадий ТОПАЕВ,

бокстан әлем кубогының жеңімпазы:

– Бокс державасы болғымыз келсе, Қазақстан чемпионатын әрдайым осындай жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек. Құрамаға көптеген жас спортшы келіп жатыр. Олардың барлығы халықаралық аренада тәжірибе жинауы керек. Себебі дәл қазір құрамаға келген жастар әлемде көшбасшы болуға дайын емес. Келесі Олимпиадаға дейін біраз уақыт бар. Тынбай даярлық жасаса, боксшыларымыз өз қабілетін әлі-ақ көрсетеді. Сондай-ақ боксшылардың бойындағы намысын ояту – басты мәселе. Көзінде оты, бойында жеңіске деген жігері бар спортшы ғана жоғары нәтиже көрсете алады.

 

Қазақстан чемпионаты. Орал қаласы, 2021 жыл

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

48 кг 51 кг
1 Санжар Ташкенбай (Нұр-Сұлтан қ.) 1 Дамир Әбдіқадыр (Алматы обл.)
2 Даниал Сәбит (БҚО) 2 Нұрсұлтан Нуриденов (БҚО)
3 Кенже Мұратұлы (Алматы обл.) 3 Тимур Қабдешов (Ақмола обл.)
Ернұр Қайрат (Алматы қ.) Қуаныш Дүйсенбай (Маңғыстау обл.)
 
54 кг 57 кг
1 Талғат Сырымбетов (Қарағанды обл.) 1 Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл.)
2 Олжас Байниязов (Атырау обл.) 2 Айдос Арапов (Қостанай обл.)
3 Дәулет Молдашев (ШҚО) 3 Ерболат Сабыр (Павлодар обл.)
Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда обл.) Бейбарыс Жексен (Жамбыл обл.)
 
  60 кг   63,5 кг
1 Василий Самчук (Қарағанды обл.) 1 Ділмұрат Мижитов (Алматы қ.)
2 Әділет Құрметов (ШҚО) 2 Абзал Серік (Шымкент қ.)
3 Саматәлі Төлтаев (Маңғыстау обл.) 3 Санатәлі Төлтаев (Маңғыстау обл.)
Мұхамедсабыр Базарбайұлы (Түркістан обл.) Сұлтан Мусинов (Ақмола обл.)
 
  67 кг   71 кг
1 Дулат Бекбауов (Жамбыл обл.) 1 Ермахан Жақпеков (ШҚО)
2 Дархан Дүйсебай (Алматы обл.) 2 Қуан Қуатов (Павлодар обл.)
3 Мирас Ертанов (Алматы обл.) 3 Армат Арманұлы (Алматы қ.)
Дәулет Нысан (Шымкент қ.) Нұржан Амангелді (Алматы обл.)
 
  75 кг   80 кг
1 Нұрқанат Райыс (Атырау обл.) 1 Нұрбек Оралбай (Нұр-Сұлтан қ.)
2 Аятулла Такижанов (Павлодар обл.) 2 Жәнібек Қартбаев (Ақтөбе обл.)
3 Диас Молжігітов (Жамбыл обл.) 3 Еркебұлан Әкімбай (Алматы обл.)
Тимур Нұрсейітов (Алматы қ.) Бауыржан Байғоншеков (Павлодар обл.)
 
  86 кг   92 кг
1 Сағындық Тоғамбай (Түркістан обл.) 1 Айбек Оралбай (Нұр-Сұлтан қ.)
2 Мәди Әміров (Алматы қ.) 2 Абзал Құттыбеков (Түркістан обл.)
3 Оңталап Рахманов (Қызылорда обл.) 3 Ерхат Бекзат (ШҚО)
Бекзат Таңатар (Шымкент қ.) Бексұлтан Орынбай (Шымкент қ.)
 
  +92 кг    
1 Нұрлан Сапарбай (Түркістан обл.)    
2 Аманат Сабырғали (Атырау обл.)    
3 Дамир Тойбай (Алматы қ.)    
Ержан Сейтімбетов (Ақтөбе обл.)    

 

 

Командалық есеп

Облыс/қала Алтын Күміс Қола Барл.
1 Нұр-Сұлтан қаласы 3 3
2 Түркістан облысы 2 1 1 4
3 Қарағанды облысы 2 2
4 Атырау облысы 1 2 3
5 Алматы облысы 1 1 4 6
6 Алматы қаласы 1 1 4 6
7 ШҚО 1 1 2 4
8 Ақмола облысы 1 2 3
9 Жамбыл облысы 1 2 3
10 Павлодар облысы 2 2 4
11 БҚО 2 2
12 Ақтөбе облысы 1 1 2
13 Қостанай облысы 1 1
14 Шымкент қаласы 1 3 4
15 Маңғыстау облысы 3 3
16 Қызылорда облысы 2 2
17 СҚО 0

 

 

Финалдық жекпе-жектердің нәтижелері

48 кг:         Даниал Сәбит (БҚО) – Санжар Ташкенбай (Нұр-Сұлтан қ.) – 1:4

51 кг:         Нұрсұлтан Нуриденов (БҚО) – Дамир Әбдіқадыр (Алматы обл.) – 0:5

54 кг:         Олжас Байниязов (Атырау обл.) – Талғат Сырымбетов (Қарағанды обл.) – 2:3

57 кг:         Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл.) – Айдос Арапов (Қостанай обл.) – 3:2

60 кг:         Василий Самчук (Қарағанды обл.) – Әділет Құрметов (ШҚО) – 5:0

63,5 кг:      Ділмұрат Мижитов (Алматы қ.) – Абзал Серік (Шымкент қ.) – 3:2

67 кг:         Дархан Дүйсебай (Алматы обл.) – Дулат Бекбауов (Жамбыл обл.) – 0:5

71 кг:         Қуан Қуатов (Павлодар обл.) – Ермахан Жақпеков (ШҚО) – 1:4

75 кг:         Нұрқанат Райыс (Атырау обл.) – Аятулла Такижанов (Павлодар обл.) – 3:2

80 кг:         Нұрбек Оралбай (Нұр-Сұлтан қ.) – Жәнібек Қартбаев (Ақтөбе обл.) – 5:0

86 кг:         Сағындық Тоғамбай (Түркістан обл.) – Мәди Әміров (Алматы қ.) – 5:0

92 кг:         Айбек Оралбай (Нұр-Сұлтан қ.) – Абзал Құттыбеков (Түркістан обл.) – 4:1

+92 кг:       Нұрлан Сапарбай (Түркістан обл.) – Аманат Сабырғали (Атырау обл.) – 5:0

 

ОРАЛ

Басқа жаңалықтар

Back to top button