Басқа спорт түрлеріБасты

РУХСЫЗ, БІЛІМСІЗ СПОРТ…

Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ашық хат

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Токио олимпиадасы аяқталған бойда: «Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді», деп миллиондаған жанкүйердің көкейіндегі ойды дөп басты.

Иә, Токиодағы Олимпиада ойындары спорт саласындағы ұзақ жылғы жүйесіз тірлікті, білімсіздікті, жойдасыз жемқорлықты, бүтін ел тізгінін сеніп тапсырған басшылар мен қосшылардың өз ісіне немқұрайды, атүсті қарағанын, білікті кадрлар дайындау бағытындағы ұзақтан жалғасқан кемшілікті, көптеген жауапты адамдарда ұлттық-патриоттық және ел алдындағы жауапкершілік сезімінің әлсіздігін анық көрсетті. Ақиқатын айтсақ, республикалық және аймақтық спорт мекемелері басшылары мен бапкерлерінің көпшілігі өз қызметтеріне сай емес. Ащы шындық: біз ең әуелі мемлекетшіл, білікті кадрлардан қатты ақсап тұрмыз. Ел қамын, ұлт намысын тереңнен ойлатын, арлы, білімді, намыскер азаматтар баршылық. Бірақ білімсіз, пысықай басшылар ондай мамандарды шетқақпайлап, жауапты қызметтерге жолатпауға тырысады.
Сізге спорттың тізгіні аса бір жауапты кезеңде тапсырылып отыр. Қаңтар дүрбелеңі халықты дүр сілкіндірді. Қазір жұртшылық бұрынғыдай жылтырақ, арзан сөзге алдана қоймайды. Ал, спорт саласы, турасын айтсақ, шіріген арқан тәрізді үзілгелі тұр. Бұл жердегі ең басты проблеманың бірі: кейінгі отыз жыл бойы спорт ғылымын шетке қағумен болдық. Кейінгі жылдары кадр саясатын ойыншық қылып жібердік. Хош, енді ғылымсыздықтан бастап негізгі проблемалардың бірнешеуін тізіп өтейік.
ҒЫЛЫМСЫЗ СПОРТ. Совет одағы тұсында бір ғана Қазақ дене шынықтыру институтының өзі республика спортының темірқазығы әрі қара нары іспетті еді. Бұл ұжым тек дене шынықтыру институты ғана емес, сонымен қатар Қазақстан спортының ғылыми-зерттеу институтының деңгейінде қызмет жасады. Ректор Хамза Мұхамеджановтан бастап ұжымда Қ.Байболов, П. Матущак, Қ. Байдосов, М. Тәнекеев, А. Асубаев, Б. Елғондиев, Ә. Нұрмаханов, В. Филимонов, А. Тулупов, А. Крюков, М. Хван, С. Сатыбалдиев, И. Потапов, Ленская т. б. білікті мамандар еңбек етті. Институт Қазақстан спортының ғылыми даму жүйесін түзумен қатар, республика спортының ғылыми-әдістемелік орталығы қызметін атқарды. Ұлттық құрама бапкерлері мен спортшыларының басым көпшілігі осы институттың түлектері болатын. Қазақстан ұлттық құрамасы 1971 жылғы ССРО халықтарының жазғы спартакиадасында командалық бесінші орынға (17 құрама арасында) табан тіреді. Одан кейінгі кезеңде де республика құрамасы одақтағы маңдайалды команданың бірінен саналды. Ал Қазақ дене шынықтыру институты Совет одағындағы спорттық оқу орындары арасында үздіктер қатарында нық тұрды. Себебі, ол кездің мамандары адал еңбекке, ғылымға, ізденіске арқа сүйеуші еді. Кейін бұл құндылықтардың құны төмендей бастады. Оған қоса ұлттық рухты әлсіретіп алдық. Соның салдарынан Токио олимпиадасында масқара боп 83-орынға бір-ақ құлдырадық. Ал, спорт ғылымы өркендеген АҚШ жалпы командалық бірінші орынға шықты. АҚШ Олимпиада комитетіндегі ұлттық құраманың ас-суына жауапты дирекция Олимпиада басталардан бір жыл бұрын командалардың диетологтарымен кеңесіп, тамақ мәзірін дайындауға кіріскен екен. Олимпиада қарсаңында бұл дирекция Токиоға 33 тонна тамақ пен сусын жіберіпті. Бұған қоса дирекция Жапониядағы танымал аспаздарды жұмысқа тартып, жапон теңіздерінен ауланған балық өнімдері мен белоктарды қажетінше сатып алыпты. АҚШ мамандарының спортшылар тамағына мән бергені сонша, Токиоға өздерінің ыдыс-аяғына дейін апарған екен (ішінде күміс ыдыстар бар).
АҚШ спорттық ғылымды осындай деңгейге жеткізсе, біз спортшы баптаудың баяғыда қалыптасқан сатыларын жоғалтып алдық. Мысалы, күрес секциясына барған бала әуелгі үш жылда алғашқы дайындық тобының талабына сай жүгіріп, секіріп, созылып, керіліп және гимнастикалық, акробатикалық жаттығуларды меңгеріп, жеңіл-желпі алысып, буындарын, сіңірлерін, қысқасы бүкіл ағзасын сан алуан әдіске, алдағы айқастарға біртіндеп дайындауы керек. Одан кейін үш жылғы оқыған-тоқығанынан емтихан тапсырып, келесі сатыға — оқу-жаттығу тобына өтуі керек. Бұл топта күрес әдістерін, шабуыл, қорғаныс тәсілдерін үйреніп, салмақ «қумай», қатты жанықпай бес жылдай машықтануға тиіс. 16-17-ге толған баланы жарысқа саласыз. Ал спорттық жетілдіру тобына зорықпай, шалдықпай жеткен бозбала (18-20 жас) тау қопаруға дайын тұрады. Ар жағы жоғары спорт шеберлігі тобы. Жоғарыдағы жүйемен баптанған балуан әрі қарай ауыздығымен алысқан аттай тың әрі тегеурінді болады. Өкінішке қарай, кейінгі жиырма жылда бұл жүйе құрдымға кетті. Соның салдарынан отыз жылда күрестің үш түрінен (грек-рим, еркін күрес, дзюдо) бір қазақ балуаны Олимпиада чемпионы бола алмай, жері оймақтай ғана бір уыс шешен мен грузиннің шаңына көміліп қалдық. Тек дзюдоны мысалға алсақ, 2000 жылдан бергі алты Олимпиада ойындарында халқының саны 4 миллионға жетпейтін Грузияның балуандары 4 алтын, 5 күміс, 2 қола медальді қанжығаға байласа, бізге бұйырғаны – 2 күміс, 1 қола жүлде. Шешеннің ағайынды Бувайсар, Адам Сайтиеві еркін күрестен Олимпиаданың 4 алтынын олжаласа, күрестің бұл түрінен алпыс жылда бір қазақ баласы Олимпиада ойындарын ұтқан жоқ. Бүтін бір ұлттың беті күйетін жағдай.
Иә, спорт ғылымы тек жаттығу жүйесімен ғана шектелмейді. Тамақтану, салмақтан арылу, психология, педагогика, биология, биохимия, биомеханика, физиология, диеотология, орта тау деңгейінде, биік тауда жаттығу, жерсіну, т.б. мәселелерді бапкерлер мен әдіскерлер жақсы білуі және білімді мамандарымызды қалыптастыру үшін бізге мықты физкультура институты әбден қажет. Институт құрылған жағдайда басшылығына елін, жерін сүйетін, ар-намысты нәпсіден жоғары қоятын арлы, білімді азаматты тағайындамаса, істің бәрі бекер болмақ.
ОҚУЛЫҒЫ ЖОҚ САЛА. Арнайы институттың жоқтығынан біздің елде спорттың әр түрінен әдістемелік, ғылыми-сараптамалық кітаптар жетіспейді. Кей спорт түрлерінен әдістемелік кітапшаларды емге таппайсың. Ең сорақысы, еліміздегі 18 спорт интернат-колледждерде қазақ спортының тарихынан хрестоматиялық оқулық жоқ. Мұндай жағдайда жас бапкерлер жаттығу мен жарыс процесінде қандай тарихқа, қандай ғылыми негізге сүйенеді, деген заңды сауал туады. Ал Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті осы бір аса қажет, аса маңызды мәселеге жете мән бермей келді. Қадірлі Дәурен Әскербекұлы, басқасын былай қойғанда, интернат-колледждер мен жоғары оқу орындарының дене шынықтыру және спорт факультеттерін хрестоматиялық оқулықпен қамдауға бел шеше кіріссеңіз, мұныңыз талай ұрпағыңыз мақтанышпен айтып жүретін өнегелі іс, тарихи ерлік болар еді.
БАПКЕРЛЕРДІҢ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ. Совет өкіметі тұсында Мәскеуде «Жаттықтырушылардың жоғары мектебі» деп аталатын арнайы орталық болатын. Сол мектеп совет спортының ұстаханасы еді. Әйгілі бапкерлер Диқанбай Биткөзов, Марат Жақыт және Мерей Қойшыбекұлы Мәскеудегі сол мектептің жаттықтырушыларға тигізген пайдасы туралы ықыласпен айтып отырады. Егер Нұр-Сұлтан қаласында дене шынықтыру және спорт институты ашылса, сол мекеменің жанынан міндетті түрде «Жаттықтырушылардың жоғары мектебін» құру керек. Әзірге уақыт жоғалтпау үшін республикалық оқу-әдістемелік, талдау орталығының құрамында осындай арнайы мектеп болса деген тілегіміз бар. Себебі, қазіргі жаттықтырушылардың 90 пайызы жаттығу процесін ғылымға сүйенбей, жоспарсыз, жалаң жағдайда өткізеді. Бұл білген адамға мыңдаған талапкер балаларға жасалып жатқан қиянат дер едік.
Тағы бір ұятты жағдай, біздегі екпінді спорт түрлерінің өзінде заман талабына сай ғылыми-кешенді топтар жоққа тән. Жекелеген дәрігер, психолог, массажшы бар, бірақ олардың басым көпшілігінің кәсіби деңгейін әлемдік дәрежеге лайық деп айту қиын.
ҰЛТТЫҚ РУХ! Бізді Токиода 83-орынға желкелеп сүйреп түсірген ең басты себептің бірі – ұлттық идеологияның әлсіздігі. Ұлттық рухы кем халықтан өрелі тірлік күтпей-ақ қойыңыз. Осы жерде тағы да грузин дзюдошыларын сүйсіне еске аламыз. Олардың Токио кілеміндегі қимылы сойқан болды. Шетінен тұтас Грузияның тағдырын, аманатын иығына артып алғандай буырқанып, бұлықсып тұрады, немесе кілемге шығарда анасы: «Ұлым, сен жығылсаң, бүкіл Грузия жерге қарайды!» деп таусыла қайрап салғандай, жанпида күйге түседі. Мына жалғандағы ақтық айқасы, соңғы арпалысы дерсің. Баяғы, Мәскеу олимпиадасындағы Жақсылық Үшкемпіров ағамның: «Не жеңемін! Не осы кілемде өлемін!» деген серті тәрізді. Көріп тұрып, тұла бойың ду ете қалады. Ал Дағыстанның Абдулрашид Садулаевы күреске беттегенде екі көзі шоқтай жанады. Бір қарасаң, қалың орманда жоны дүрдиіп, жалғыз жортқан жолбарысқа ұқсайды. Сипатына көз салсаң – арыстандай айбатты ер. Жұлқыса кетсе – алды-артына бірдей ер. Оның жерлесі Заур Угуев те аш бөрідей жаланып тұр. Кілем үстінде бұғалық бермес шу асаудай тепсінеді. Солтүстік Осетия өрені Заурбек Сидаков айқас десе, айдынданып, арқырай түсетін жайнақтың тап өзі. Қимылы Қап тауының асау өзеніндей бұрқ-сарқ. Бұлар еркін күрестің жампоздары, ал грек-рим күресіндегі Ингушетия үміті Мұса Евлоев Токио кілемінде бидайықтың көл жайқаған жалғызындай дара көрінді. Мұса сүйегі кесек, білегі құрыш, жарау аттай шымыр жігіт. Беттескенмен бураша тартысып, айғырша шайнасудан тартынбайды. Бұл төртеуі де әлем чемпионатының күміс медалін бойларына шақ көрмейді. Финалда ұтылғанды қорлық санайды. Мұны амбиция дейміз бе? Әлде намысқой жігіттерге тән табиғи, асыл қасиет дейміз бе?! Мысалы, Абдулрашид Садулаев пен Мұса Евлоев 2017 жылғы дүниежүзілік біріншіліктің финалында жеңіліс тапты. Сондағы Садулаевтың түнерген түрін көрсеңіз ғой! Евлоев: «Қап, қаншама адамды жерге қараттым-ау», деп күйінгенде көкірегі қарс айырыла жаздады. Келесі жылғы әлемдік чемпионатта екеуі қарсыластарын сыпыра ұтып шықты. Ал дүние жүзінің 9 дүркін чемпионы, бүтін орыстың айбыны Александр Карелин Сидней олимпиадасындағы «күмісін» олқысынғаны сонша: «Это – предательство перед Россией!» деді өзегін өрт шалғандай күйде. Осындай отты сөз біздің балуандардың жүрегінен неге шықпайды?! Біздің бауырлар әлем чемпионатының «күмісін» жеңіліс санайтын күн қашан туар екен?! Иә, біздің қазіргі жігіттер байсалды, мәдениетті белдеседі, бірақ өлермен емес. Неге?! Қазақ осынша жігерсіз, қайратсыз, осынша намыссыз ба еді?!
Иә, грузиндер ұлттық алфавиті мен ана тілін көзінің қарашығындай сақтап отыр. Ал біз ана тілімізді босағаға ысырып тастап, ұлттық мүддемізге атүсті қарайтын түсініксіз халге жеттік. Соның салдарынан қазақ спортында ұлттық рух жоққа тән. Министрлік пен ҰОК бұл проблемаға бас ауыртқан емес. Егер бас ауыртқан болса, спорт мектептері мен интернаттарда жастардың намысын жанитын рухани кештер, патриоттық тақырыптағы жүздесулер ұйымдастыруға атсалысар еді. Егер ұлттық рухты қатты ойласа, Диқанбай Биткөзов, Жанәділ Атаев, Марат Жақыт, Аманкелді Мұсабеков, Аманкелді Рымқұлов, Жанпейіс Жабаев, Алмас Мұсабеков, Дәулет Тұрлықанов, т.б. спорт ардагерлерінен және Олимпиада, әлем чемпиондарынан топ жасақтап, республиканың әр қиырындағы спорт интернаттарын аралап шығар еді. Ардагерлермен, чемпиондармен жүздесу жас спортшыларға шабыт сыйлайды, олардың бапкерлерін ойға, ізденіске жетелейді.
Ұлттық рухтың қайнар көзі – ұлттың ауыз әдебиеті мен тарихы! Біздің спорт интернат басшылары мен қосшылары бұл мәселеге мән бермейді. Ал шындап, терең ізденген адамға жеңістің бір көзі осында жатыр. Әйгілі желаяқ, Еуропа кубогының жеңімпазы, ССРО-ның бірнеше мәрте чемпионы Әмин Тұяқов айтады: «Кішкентайымыздан «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Алпамыс» жырларын жаттап өстік. Мұхтар Әуезовтің «Көксерегін» мектепке бармай тұрып оқыдым. Халық әдебиетінің бала тәрбиесіне, адам өміріне пайдасы зор». Енді атақты бапкер Диқанбай Биткөзовті тыңдайық: «Әкем жатар кезде «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырларын жатқа айтушы еді. Үйдегі балалар ұйып тыңдаймыз. Тыңдап жатып, батырларға қатты қызығамыз. Батыр болғымыз келіп, бұлықсып, үйге сыймай кетеміз. Соларға еліктегеннен жұдырығымыз тастай түйіледі, ерлік жасағымыз келіп, тұла бойымыз қыз-қыз қайнайды. Сол жырлар бізді батырлыққа ғана үндеп қоймай, өмірдің талай қырын ұғуға тәрбиеледі». Атақты жаттықтырушылар Керей және Мерей Қойшыбекұлының анасы Мағфаруз көзі ашық, сауатты адам болыпты. Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтады екен. Балаларына «Қиналсаң, Абайға жүгін», дейді екен жарықтық. «Отаныңды сүй! Еліңе қызмет ет!» деген қастерлі сөзді ұрпақтарына өсиет қылып қалдырыпты. Керей мен Мерей ағалардың білімді, өрелі азамат боп жетілуіне ұлттық әдебиеттің әсері зор болғаны анық. Ұлт мақтаныштары Әмин Тұяқов, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмахановтар ұлттық тәрбиеге уызында жарыды. Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлықанов, Қанат Байшолақов бастаған 60-70 жылдардың толқыны күш атасы Қажымұқанның жеңіс жолын үлгі тұтты. Сейдахмет Бердіқұл тізгінін ұстаған «Лениншіл жастың» спорт бетін жата-жастана оқыды. Ендеше қазіргі талапкер балаларға батырлар жырларын, жыраулар әдебиетін, спорт саңлақтарының тарихын қосымша оқытумен қатар тартымды, тартысты спорттық киноларды көрсетіп, талдап, түсіндірсек – өнегелі, тәрбиелі жастарымыздың қатары қалыңдай түсетіні күмән туғызбайды. Оған қоса Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, тағы басқа батырлардың ерлікке, елдікке толы шығармаларын спортшы жастарға лайықтап, шағындап басып шығарып, оқыта бастасақ, мыңдаған баланың көкірегі нұрланып, рухы шыңдалып, ой-өрісі ұзара түсері хақ. Біздің аты зор министрлік бұл мәселені әзірге керек қылған емес.
Бір жылдың үш жүз күнін интернатта өткізетін спортшыларды Тоқтар Әубәкіров, Дулат Исабеков, Досқан Жолжақсын, Несіп Жүнісбайұлы, Секен Тұрысбек, Асқар Жұмаділдаев, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Бекболат Тілеухан, Асқар Алтай, Балғынбек Имаш секілді ел танитын азаматтармен жүздестірсе, балалар ұлт мәдениеті мен тарихынан әңгіме тыңдап, рухы өсіп, бір жасап қалар еді ғой. Біздің интернат басшыларының көбі бұл жағына жоқ. Қажымұқан интернатын басқарған кезімізде Тоқтар Әубәкіров, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Сейіт Кенжеахметов, Секен Тұрысбек, Дәулет Тұрлықанов, Бекболат Тілеухан, Бақтияр Артаевты кездесуге шақырдық. Сондағы балалардың көзіндегі жарқыраған отты, кеудесін кернеген арманды тілмен жеткізу қиын. Сол талапкерлердің ішінен күрестен әлем чемпионатының бес мәрте жүлдегері Алмат Кебісбаев, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Азия ойындарының жеңімпазы Ілияс Сүлейменов, т.б. саңлақтар шықты.
Бір мақала аясында республика спортының бар проблемасын түгендеп шығу мүмкін емес. Бірақ жүйелі бағдарлама жасап, дұрыс бағыт ұстансақ, жағдайды 3-4 жылда біршама түзеуге болады. Нақты мысал келтірсек, 1941-1945 жылдардағы екінші жаһандық соғыста 1710 қаласы, 70 мың селосы, 32 мыңға жуық өндіріс ошақтары, 98 мың колхозы, 1876 совхозы, 2890 машина-трактор станциясы қирап, үйіндіге айналған Совет одағы сұрапыл идеология мен темірдей тәртіптің, табанды ғылыми ізденістің арқасында 1956 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында аса күшті АҚШ құрамасын басып озып, дүние жүзі бойынша командалық бас жүлдені жеңіп алды. Біз, Аллаға шүкір, ондай қырғыннан аманбыз. Кешегі совет тұсында қалыптасқан спорттық ғылымның ізі мен дәстүрі толық жоғала қойған жоқ. Сол мектептен дәріс алған мықты кадрларымыз әлі де болса бар. Оларға қоса білім-ғылымға құштар, Отанын жанынан артық сүйетін, ізденімпаз, дарынды жастарымыз бен белді, іскер азаматтарымыз аз емес. Ендеше, алдағы жылдары қазақ спортының қайта түлеу, жаңғыру, өркендеу дәуірін көргіміз келеді. Әйтпесе, кейінгі 6-7 жылда қазақ спорты бұрын-соңды болмаған сорақы күйге түсті. Мәдениет және спорт министрлігінің коллегиялары өте жадағай форматта, жауапсыз, таяз қалыпта ұйымдастырылып келді. Соның салдарынан аймақтардың спорт басшылары мен бас жаттықтырушылар коллегияға атүсті қарауға көшті. Ұлттық құрама бапкерлерінің басым бөлігі жылдағы жаттанды, желбуаз «отчеттарынан» жаңылған жоқ. Мұның ақыры контингентінің басым көпшілігі жеңіліске еті өліп кеткен, жығылып жатса да баяғыдай шамырқанып, намыстанбайтын, ортаңқол спорт армиясының қалыптасуына әкеп соқтырды. Ақиқатын айтсақ, дәл қазір бүкіл Қазақ елінен спорт шаруашылығы төрт аяғын тең басқан бірде-бір облысты таба алмайсыз. Республикалық мекемелердің де жағдайы осы шамада.
ҚАРКЕН АҒАНЫҢ ІЗІМЕН. Дәурен Әскербекұлы, 1959 жылы қазақ спортының тізгіні 29 жастағы комсомол қызметкері Қаркен Ахметұлының қолына тиді. Қаркен ағамыз қамшының сабындай қысқа уақытта республика спортының ардақты, абыройлы басшысына айналды. Ол кісі білімді әрі еңбекқор мамандарды кабинетіне шақырып, не өзі залға барып, олармен шешіле әңгімелеседі екен. Спорт туралы кітап көрсе, жинап жүреді, деседі. Бір жылы классикалық күрес бапкері Петр Матущактың шәкірттері жақсы нәтижеге қол жеткізіп, содан Қаркен ағамыз ол кісіге өзінің үш бөлмелі пәтерін сыйға береді. Шымкентте Құралбек Ордабаев деген жас қақпашының барын естіп, сол жаққа ұшып барады да, Құралбек інісін Алматының «Қайратына» әкеп қосады. Тимур Сегізбаевтың «Қайратқа» алынуына тікелей ықпал еткен осы Қаркен ағамыз. Сонау Мәскеуде жүрген Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосановты Алматыға көшіріп алған да Қарекең еді. Әбдісалан Нұрмахановтың ГАНЕФО ойындарына қатысып, ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атануына атсалысқан Қаркен Ахметұлы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол Қарекең ұлттық құрамадағы мықтылардың бәрінің дерлік аты-жөнін білді, дейді көнекөз ардагерлер. Қазір көзі тірі Әмин Тұяқов пен Май Хванмен тілдессеңіз, Қаркен аға туралы талай жайға қанығасыз. Ол кісі қызметке кіріскен 1959 жылы Қазақстанда 12 стадион болса, басқа жұмысқа ауысар кезінде 108-ге жетіпті. 3 бассейн 87-ге, 45 спорт залы 2546-ға жетіпті. Қаркен ағалар кадр аз, спорт ғимараттары тым тапшы кезеңде Қазақстан спортын Совет одағындағы көшбасшылар сапына қосты. Ал сіз «кадры» көп, бірақ шамамен 80-85 пайызы қолына қалам ұстамайтын бапкерлермен, ҰОК-тағы, республикалық мекемелердегі, одан әрі он жеті аймақтағы басшылық қызметке лайығы бар, лайықсызы одан да мол қалың спорт армиясымен бетпе-бет қалып отырсыз. Адам қызығатын жағдай емес. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сізді осы қызметке зор сеніммен жіберген екен, енді шегінетін жер жоқ. Не бел, не белбеу кететін сынақ тұр алдыңызда. Алла жар болсын! Сізге көпшіліктің шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп, халық министрі атанған Қаркен Ахметұлының табысты жолы мен абыройын тілейміз!
Қажет деп тапсаңыз, республика спортына қатысты біраз ұсыныс-пікірлерім бар. Жеке жолығып, талқыласақ, ой бөліссек, деген тілегімді қоса жолдап отырмын.

Құрметпен,
спорт саласында
36 жыл қызмет жасаған
Қыдырбек РЫСБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button