Қысқы спорт

Президент спортшыларды қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүше­лерімен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы жуырда Бейжің қаласында өтетін ХХІV қыс­қы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып, Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандыратынын атап өтті.
– Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк туы­мызды желбіретіп, Ән­ұраны­мызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақта­ныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіз­дер алдағы сайыста хал­қымыздың сені­мін ақтай­сыздар деп сенемін, – деп жігер­лендірді Президент.
Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақстан атлеттерінің қысқы Олим­пиада және Пара­лимпиада ойындарын­да жалпы 2 алтын, 4 күміс және 4 қо­ла медаль олжалағанын атап өтіп, Олим­пиада тарихында есім­дері алтын әріп­пен жазылған Вла­димир Смирнов, Людмила Про­кашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сынды спортшылардың даңқты жеңістері азаматтарымыздың патриоттық сезімін арттырғанын айтты.
– Алдағы Олимпиадада сіздер де лайықты өнер көрсе­тетіндеріңізге сенім­дімін. Пара­лимпиадашылар үшін де маңызды сәт жақындады. Елімізде ин­клюзивті қоғамды дамыту жолын­да Паралимпиада ойындарының маңы­зы зор. Қазақстандық пара­лим­пиа­дашылардың жеңістері – мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз кү­шіне деген сенімнің үлгісі. Өкінішке қарай, біздің спортшылардың соңғы дайындық күндері қаңтардағы қайғылы оқи­ғалармен тұспа-тұс келді. Ең бастысы, ынтымақ пен бірліктің ар­қасында біздің халқымыз мем­лекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін лаңкестікке лайықты той­тарыс бере алды. Біз бүкіл ел болып ұлттық құрамаға жан­кү­йер болатын жарыс күндері де жал­­пыұлттық бірлігімізді көр­се­­те­­тінімізді білемін, – деді Прези­дент.
Президент спортшылардың Олимпиада жолдамасы жолында жанкештілікпен ең­бек­тенгеніне тоқталып, олар­дың кәсіби тұр­ғыдан жетіле түсуіне бар күшін салған бапкерлердің де еңбегін атап өтті.
– Енді туыстарыңыз бен жа­қындарыңыздың ғана емес, миллиондаған қазақстандық жанкүйердің үмітін ақтау керек. Сіздердің жеңіске деген жі­гер­­леріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұқа­ра­лық және балалар мен жас­өспі­рімдер спорты әрдайым елі­­міздің басым бағыты екенін айтты. Былтырдан бастап өзі­нің тапсырмасына сәй­кес спорт саласындағы мемле­кет­тік тапсырыстар бойынша жан басына қаржы бөлу іске қо­сылғанына тоқталды.
– Бұл шешім спорт секция­лары мен аула клуб­тарының дамуына тың серпін берді. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылды Балалар жылы деп жарияладым. Өскелең ұр­пақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғам күш біріктіруі қа­жет. Қолға алынған осы іс-әре­кеттер балаларымыздың ден­саулығын нығайтуға, олар­ды рухани, адамгершілік тұр­ғы­сынан тәрбиелеуге септігін тигізеріне сенімдімін, – деді Президент.
Кездесу соңында Олим­пиада құрамасының капита­ны Абзал Әжіғалиев пен Пара­лимпиада құрамасының капи­таны Алек­сандр Герлиц Пре­зиденттің қо­лынан Мем­ле­кеттік ту алып, ант берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорт­шылары­мыз­дың көк туымызды Олимп шыңына шығарып, мем­лекетіміздің ме­рейін көтере беруіне тілек­тестік білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button