БастыФутбол

Эмоция да, күш те қалған жоқ

Командалық спорт түрлерінің арасында ұялмай көрсететін жалғыз командамыз деп жүрген футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатын ширек финалдан аяқтады.

Кака жаттықтыратын ұлттық құраманың бұған дейін Нидерланд елінде өтіп жатқан құрлық біріншілігіне қатысып жатқанын жазғанбыз. Ол кезде В тобындағы алғашқы екі ойында 4 ұпай жинаған болатын. Одан кейін топтағы үшінші матчта жерлестеріміз Италия құрамасын 4:1 есебімен жеңген. Бір өкініштісі, осы матчта құраманың екі үздігі Эдсон мен Тайнан сары қағаз алып, ширек финалдағы ойынға қатыса алмады.
Есесіне Шыңғыс Есенаманов пен Альберт Ақбалықов көмекке келген. Осы екеуі топтық кезеңнің соңғы екі кездесуіне қатыса алмаған еді. Қалай десек те Тайнан мен Эдсонның орны қатты білінді.
Бас бапкер Рикардо Кака алғашқы бестікке Италиямен ойында бірінші минуттан шыққандардан тек біреуін өзгертті. Яғни сары қағазына байланысты қатыса алмаған Тайнанның орнына Арнольд Кнаубқа сенім артты.
Қазақстан Украинамен бұған дейін 6 кездесу өткізіп, бір де біреуін жеңбеген. Осы серия бұзыла ма деп үміттенгенбіз. Алайда тағы да сәттілік қарсылас жағында болды.
Бәрін басынан бастасақ, 15-минутта қарсылас команда есепті ашты. Біздің құраманың шабуылшысы Азат Валиуллин айып алаңында тәртіп бұзып, төреші пенальти белгіледі. Нүктеге келген Петр Шотурма мүлт кеткен жоқ. Ал 25-минутта Корсун допты Игитаның басынан асыра салып, екінші голды соқты. Арада 5 минут өткенде Михаил Зварич үшінші доптың авторы атанып, кездесудің тағдырын шешкендей болған. Дегенмен, Қазақстан құрамасы соңына дейін үміттерін үзбей, есеп айырмасын бір допқа дейін қысқартты. Алдымен Біржан Оразовтан пас алған Дуглас мергендік танытты. Одан кейін Оразовтың өзі де көзге түсті. Кака бапкер тәуекелге барды. Қақпашыны бесінші ойыншымен ауыстырды. Бірақ бұл шешім өз жемісін берген жоқ. Украина қақпа бос тұрғанда тағы екі гол кіргізді. Қорытынды есеп – 3:5.
Матчтан кейін бас бапкер Кака жартылай финалда ойнауды армандадық, енді барлығын саралау керек деді. Сосын бұл жеңіліске байланысты жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізді.
Ал команда капитаны Игита жасы 35-ке келгенін, карьерасы аяқталуға жақын екенін айта келе, Еуропа чемпионатын әлі де ұтуды армандайтынын мәлімдеді.

Қазақстан – Украина – 3:5
Голдар: Шотурма, 15 (0:1). Корсун, 25 (0:2), Зварич, 30 (0:3). Дуглас, 34 (1:3). Оразов, 38 (2:3).Разуванов, 39 (2:4). Лебедь, 39 (2:5). Оразов, 40 (3:5).
Қазақстан: Игита (К), Атантаев, Кнауб, Тұрсағұлов, Дуглас, Оразов, Қарағұлов, Валиуллин, Ақбалықов, Есенаманов, Тоқаев, Сағындыков.
Украина: Ципун, Савенко,Чернявский, Корсун, Шотурма (К), Зварич, Радевич, Разуванов, Лебедь, Серый, Абакшин, Журба, Педяш.
Төрешілер: Галларда, Мартинес Флорес (екеуі де – Испания).

Басқа жаңалықтар

Back to top button