БастыҚысқы спорт

Норвегияның «байлығы»

Қатарынан үш Олимпиадада Норвегияның намыс туын биік ұстаған Бьорн Эрленд Дэли тек Норвегиялықтардың ғана емес, шаңғы спортына ден қойған қазақ ұландары үшін үлгі тұтар саңлақтың бірі, әрі бірегейі.

Қысқы спорт түрлерiнен алдына жан салмайтын Норвегия елi талай-талай мықты спортшыларды өмiрге әкелдi. Бьорн Дэли, Томас Ольсгорд (шаңғышылар), Иван Баллангруд, Юхан Олав Косс (конькишiлер), Уле Эйнар Бьорндален (биатлон) және Хьетиль Андре Омодт (тау шаңғысы) сынды шеберлер шыққан өлкеде Бьорн Дэлидiң есiмi өзгелерден биiк тұр. Неге? Өйткенi, Бьорн Дэли – шаңғы жарысынан ерлер арасында сегіз мәрте Олимпиада чемпионы атанған жалғыз спортшы. 1967 жылғы 19 маусымда дүниеге келген Б.Дэли Олимп шыңын сегіз рет бағындырып қана қоймай, әлемнiң тоғыз дүркiн чемпионы атанды.
Бьорн Дэли Олимпиаданың алғашқы алтын медаліне 1992 жылы Францияның Альбервиль қаласында қол жеткiздi. Бұдан кейiн ол командаластарымен бiрге 4х10 шақырымдық эстафетада жеңіске жетті. Сондай-ақ 50 шақырымдық сында көмбеге бiрiншi келiп, бiр ғана Олимпиадада үш бiрдей алтын медальға ие болды.
Норвегиялық шаңғышының жеңiстi жолы арада екi жыл өткен соң Лиллехаммердегi Олимпиада ойындарында жалғасты. Туған жерiнде тұсауы кесiлген Олимпиада ойындарында Бьорн Дэли аянып қалған жоқ. 10 шақырымдық қашықтықта мәреге бiрiншi келген норвег спортшысы
25 шақырымда да оза шапты. Бiрақ норвегиялық шаңғышылардың өз жерiнде өткен Олимпиаданың эстафеталық жарысында жолы болмады. Бьорн Дэли бастаған Норвегия құрамасы итальяндықтарды алға жiберiп, күмiс жүлденi қанағат тұтты.
Екi Олимпиадада бес алтын медаль еншiлеген норвегия­лық шаңғышы Нагано (Жапония) олимпиадасында 3 мәрте топ жарды. Алдымен өзiнiң үйреншiктi 10 шақырымында жеңiске жетсе, одан кейiн эстафеталық жарыста (4х10), артынша 50 шақырымдық қашықтықта бiрiншi келдi. Жалпы, 50 шақырымдық қашықтықты екi бiрдей Олимпиада ойын­дарында бағындырған спортшылар екеу-ақ. Бiрi – швед шаңғышысы Сикстен Йернберг болса, ендi бiрi – осы Бьорн Дэли. Олимпиада ойындарында төрт мәрте чемпион атанған швед шаңғышысы 50 шақырымды 1956 жылы Кортина д Ампеццода (Италия) өткен Олимпиада ойындарында және 1964 жылы Инсбруктегi (Аустрия) Олимпиадада бағындырған болатын.
Бiр қызығы, Олимпиада ойындарында сегiз мәрте чемпион атанған Бьорн Дэли елiмiздiң мақтанышы, Олимпиада жеңiмпазы Владимир Смирновтың басты қарсыласы болды. Мәселен, 1994 жылғы Лиллехаммердегi Олимпиада ойындарының 10 шақырымдық жарыс жолында Владимир Смирнов Бьорн Дэлидi алға жiберiп, мәреге екiншi болып келдi. 25 шақырымда да Владимир Смирнов норвег спортшысынан ұтылды. Нәтижесiнде, скандинавиялық шаңғышы бас жүлденi иелендi. Отандасымызға күмiс медаль бұйырды. Бьорн Дэлидiң Владимир Смирновты жерге қаратып кеткенi тек бұл емес. Мұның алдында, дәлiрек айтсақ, 1993 жылы Швецияда өткен әлем бiрiншiлiгiнде 15 шақырымға жарысқан спортшылардың арасынан Бьорн Дэли мәреге тағы да бiрiншi болып жеттi. Владимир Смирнов болса, мәреге Бьорн Дэлиден кейiн келдi.
Бьорн Дэли 1999 жылы жарақатына байланысты спорттан қол үздi. 2001 жылы үлкен спорттан кеткенiн ресми түрде мәлiмдедi. 1995 және 1998 жылдары Норвегияның ең үздiк спортшысы атанған Б.Дэли қазiргi таңда өзiнiң жеке кәсiбiмен айналысады.
Осыдан төрт жыл бұрын Бьорн Дэлидің көрсеткішін отандасы Марит Бьёрген қайталады. Пхенчханда өткен Олимпиадада ойындарында норвегиялық бойжеткен екі алтын медаль жеңіп алып, өзінің спорттық карьерасында сегіз дүркін Олимпиада чемпионы атанды.
Қысқы спорт түрлеріне келгенде Норвегияға қызыға да, қызғана да қарайсың. Шаңғы спортынан ерлер арасында сегіз дүркін Олимпиада чемпионы болса, ол Норвегия ұланы – Бьорн Дэли. Сол сияқты әйелдер арасында да сегіз дүркін Олимпиада чемпионы атанған жалғыз спортшы болса, ол да Норвегия елінің мақтанышы Марит Бьёрген. Биатлон спортына бойласаң ол жақтан да Норвегия спортшысы мен мұңдалайды. Атақты Уле Эйнер Бьорндален – биатлоннан сегіз дүркін Олимпиада чемпионы. Қысқасы, Бьорн Дэли, Марит Бьёрген, Уле Эйнер Бьорндален – бір елдің бағына біткен байлығы десек болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button