Таеквондошылар Тиранада бақ сынайды
Таеквондодан Қазақстан құрамасы Албанияның Тирана қаласында өтетін «WT President Cup» халықаралық турниріне қатысады.
Албания астанасындағы халықаралық турнир ақпанның 20-22 аралығында өтеді. Құраманың аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов аталған жарысқа кілең мықтыларды қосып отыр. Атап айтсақ, Смайыл Дүйсебай, Руслан Жапаров, Самат Темірхан, Елдар Бірімбай сынды спортшыларымыз Тирана төрінде бақтарын сынайды. Бұлардан басқа командада тағы 16 спортшымыз бар.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасының таеквондошылары ақпан айының басында Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджейро қаласында «FUJAIRAH OPEN G1» халықаралық турниріне қатысып, 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға ие болған. Алтын медальді 54 келіде сынға түскен Саят Төреқұл жеңіп алды.