Қазақ балалары қысқы спортта әлсіз деген стереотипті бұзғым келді — Абзал Әжіғалиев
Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен 500 метрге жүгіруден төртінші орын алған отандасымыз Абзал Әжіғалиев сұхбат берді.
Ұлттық Олимпиада комиетінің баспасөз қызметіне берген жауабында қазақ балалары қысқы спортта әлсіз деген стереотипті бұзғысы келгенін айтқан.
«Олимпиадаға іріктеу мен үшін қиын өтті. Себебі, осының алдындағы маусымды денсаулығыма байланысты дұрыс өткізе алмаған едім. Менің спорттағы ең үлкен арманым – шорт-тректі дамыту еді. Қазақ балалары қысқы спортта әлсіз деген стереотипті бұзғым келді. Біздің де коньки теуіп, сырғанай алатынымызды көрсеткім келді».
Ол жанкүйерлер жазғы спорт түрлеріндегі атлеттерді бірден танып жатады. Ал қысқы спортта қанша жүлде алып жүрсе де, шорт-трекшілер тасада қалып қояды. Басты мақсатым – жанкүйері осы ойдан арылту болды деп отыр.
«Еліміздегі ең жас спорт түрлерінің бірі екеніне қарамастан, біздің шорт-трекшілер әлем кубогі кезеңдерінде үнемі жүлде алып жүр. Әлемде алғашқы ондыққа енеміз. Бұл дәстүр одан әрі жалғасарына сенемін. Ал бүгін қазақ халқын қуантқым келді. Бар күшімді салдым. Финалға дейін екі бірдей Олимпиада чемпионы жарыс жолынан шығып қалды. Осындай бәсекелестікпен ақтық сынға жеткенім қуантады. Өкінішке қарай, медаль бұйырмады», — деді Абзал.