Нұрәлі Әліп: Испания чемпионатында ойнағым келеді
Қазақстан құрамасы қорғаушысы Нұрәлі Әліп «Зенитке» ауысатын болды. Нақтырақ айтқанда Санкт-Петербург клубы «Қайраттан» жалға алады. Отандасымыз Португалияда өткен оқу-жаттығу жиындарында Данияның екі командасына гол соғып мергендік танытты. Жақында футболшы «Спорт Экспресс» газетіне көлемді сұхбат беріпті. Соның қазақ тіліндегі нұсқасын оқырманға ұсынамыз.
Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұрәлі Әліп «Зенитке» ауысатын болды. Нақтырақ айтқанда, Санкт-Петербург клубы «Қайраттан» жалға алады. Отандасымыз Португалияда өткен оқу-жаттығу жиындарында Данияның екі командасына гол соғып мергендік танытты. Жақында футболшы «Спорт—Экспресс» газетіне көлемді сұхбат беріпті. Соның қазақ тіліндегі нұсқасын оқырманға ұсынамыз.
– Нұрәл, «Зенитпен» екі бірдей жаттығу жиынына қатыстыңыз. Командадан алған алғашқы әсеріңізді айтып берсеңіз.
– Әсер керемет. Мұндағы атмосфера – барлығы ұнайды. Жігіттерге де үйреніп қалдым.
– Кіммен көбірек сөйлесесіз?
– Барлығымен аздаған қарым-қатынас бар. Әрине, негізінен жергілікті ойыншылармен көбірек сөйлесеміз. Шетелдіктермен бір-екі ауыз тілдесіп қоямыз. Мысалы, бразилиялық Дуглас пен Малкомды айта аламын.
– Неліктен дәл осы екеуін атадыңыз?
– «Мидтьюлланн» командасымен жолдастық кездесудің алдында бізге Вагнер Лав келді. Екеуіміз бұған дейін «Қайрат» сапында бірге ойнадық. Ол отандасы Дуглас пен Малкомға «Нұрәліге бас-көз болыңдар» деп айтты. Содан бері сөйлесіп тұрамыз.
«Санкт-Петербургке бірнеше қаланы айналып жеттім»
– «Зенит» оқу-жаттығу жиындарына шақыратынын қайдан білдіңіз?
– 22 желтоқсан күні туған күнімді атап өттім. Дәл сол күні «Қайрат» клубының басшысы Қайрат Боранбаев хабарласты. Алдымен туған күнімен құттықтап, сосын жаңа жылда «Зенитке» баратынымды айтты. Сосын жыл басында қайта хабарласып, 4 немесе 5 қаңтарда ұшу керектігін жеткізді.
– Сол күндері Қазақстанда митингтер басталды емес пе?
– Иә, өте қорқынышты болды. Ол кезде туған жерім Ақтау қаласында болатынмын. Қайрат Боранбаев 11 қаңтарда Санкт-Петербургке бару керектігін айтты. Ал 13 қаңтарда медициналық тексерістен өту қажет екен. Ал әуежайлар жабық. Әйтеуір кейін Ақтаудың әуежайы ашылып, жолға шықтым. Алдымен Шымкентке ұштым, одан такси арқылы Алматыға жеттім. Қызығы, төлқұжатымды ұмытып кетіппім.
– Қалай?
– Басында төлқұжатымды Алматыға тастап кеткенімді маған ешкім айтқан жоқ. Чемпионат біткен соң Ақтауға ұшып кеткенмін. Қазақстанда жеке куәлікпен ұша беруге боалды. Ал шетелге шыққанда төлқұжат керек. Алматыға Шымкенттен 8 сағатта таксимен жеттім. Төлқұжатымды алып, тағы бір таксимен Бішкекке бардым. Қазақстанның шекарасынан өткенде ешкім ештеңе демеді. Ал қырғыздар сұрақтың астына алды.
– Сонда не сұрады?
– «Митингке қатыстың ба?» деген сарындағы сұрақтар. Оның үстіне бізге кешкі 11-ге дейін үлгеру керек болды. Өйткені төтенше жағдайға байланысты коменданттық сағат жарияланған. Бішкекте бір түн қонып, Мәскеуге ұштым. Ол жақтан Питерге жеттім. Жалпы жолға екі күнім кетті.
– Туған-туыстарыңыз, достарыңыз митингтен зардап шекпеді ме?
– Ақтауда бейбіт митинг өтті. Құдайға шүкір, ешкімге ештеңе болған жоқ. Барлық таныстарым аман-есен. Алматыдағы достарым үшін алаңдағаным рас. Біреуімен хабарласып сұрағанымда, үйде отырғандарын айтты.
– Қазір Қазақстанда жағдай қалай?
– Бәрі қалпына келіп жатыр. Көліктер жүріп, ұшақтар ұша бастады. Дубайдағы оқу-жаттығу жиындарынан кейін Алматыға барып, бутсы және басқа да керек-жарақтарымды алып кеттім. Тек ПТР-тест сұрады.
«Үлкен бас»
– Енді футболға оралсақ. Бірден келісімшарт ұсынбай, сынаққа шақырғанына ренжімедіңіз бе?
– Жоқ. «Зенит» – үлкен клуб. Мұнда жайдан-жай ала салмайды. Сондықтан өзімді көрсетуім керектігін түсіндім.
– Португалиядағы оқу-жаттығу жиындарында «Мидтьюлланн» мен «Брондбю» командаларының қақпасына гол соқтыңыз. Бірақ қуанған жоқсыз…
– Ешқандай қуаныш сезімін көрсеткім келмеді. Өйткені сынақта жүрмін. «Мидтьюлланнға» гол соққан соң, Вагнерді іздедім. Ол қақпаның артында жаттығып жүрген. Оған қолыммен үлкен жүректі көрсеттім. Яғни «Вагнер Love».
– Матчтан кейін Вагнер саған жейде сыйлағанын білеміз. Екеуіңіз осыншалықты жақсы араласасыздар ма?
– Ол «Қайратқа» 2020 жылы ауысты. Бірінші жаттығуда амандасып, «Май нейм из Кашадаго» деп айтқанмын.
– Бұл не мағына береді?
– «Кашадаго» португал тілінде «үлкен бас» деген мағынаны білдіреді. Мұны бір кіздері маған Исаэл айтқан. Ол кезінде «Қайратта» ойнаған болатын. Вагнерге менің осы лақап атым ұнап қалыпты. Естіген кезде күліп, үнемі солай атап жүреді.
Аршавин
– «Қайратта» Андрей Аршавинмен бірге ойнадыңыз. Қандай естеліктер қалды?
– Мен «Қайрат» сапындағы алғашқы ойынымды 2018 жылы өткіздім. Аршавин үшін сол жыл соңғы маусым болды. Ол мені қолдады. Жасы менен үлкен болғандықтан, жақын қарым-қатынас болған жоқпыз. Бірақ сырт алаңдағы ойындарда екеуміз бір бөлмеде тұрдық. Аршавин менің өміріме қызығушылық танытып, өзі туралы да айтатын. Көп ақыл кеңес берді. Бір мәрте жаттығу жиындарынан кейін неге өзімді прессинг жасайтын шабуылшы ретінде сынап көрмейтінімді сұрады.
– Осы жолы екеуіңіз көрістіңіздер ме?
– Жоқ. Бірақ телефон арқылы сәттілік тіледі. Өзі «Зенитте» жаңа қызметке тағайындалған. Сол туралы да айтты.
– Сергей Семакпен немесе бапкерлер штабындағы қызметкерлердің біреуімен жеке әңгімелестіңіз бе?
– «Мидтьюлланнмен» кездесуден кейін Анатолий Тимощук екеуіміз қонақ үйге бірге бардық. Ол жол бойы ноутбугын қосып, матчтағы қателіктерімді көрсетті. Біз ойынды жылдамдатып, толық көріп шықтық.
Бердыев
– Сергей Семакқа сіз туралы Құрбан Бердыев кеңес берді деген ақпарат бар. Бұл рас па?
– Шынын айтсам, ол жағын білмейді екенмін. Мен Құрбан Бердыевпен алғашқы оқу-жаттығу жиындарының қарсаңында телефон арқылы сөйлестім. Ол маған қорғаныста қалай ойнау керектігі жайлы өз кеңесін айтты: «Ештеңеден қорықпа, бірдеңе түсініксіз болса, бас бапкерден сұра. Ол да бөтен емес. Менің командамда ойнаған», – деді. Дубайда жүргенімде ек-үш рет сөйлестік. Бердыев маған көмектесіп тұрады.
– Жалпы, бұл маманмен жарты жыл бірге жұмыс істедіңіздер. Құрбан Бердыевтың қандай артықшылығын байқадыңыз?
– Ол әрбір детальға мән береді. «Қайратта» Бердыевтың қорғанысқа бөлек көңіл бөлетін жаттығуы бар. Біраз уақытын соған арнайды. Теория жүзінде бәрін түсіндіреді. Жаттығуда қателессек, тоқтатып тастап ұрысады. Сондықтан үнемі бар күшіңді салып жаттығуға тура келеді.
– Жарты жылда қандай көмегі тиді?
– Допты қабылдағанша кімге беретініді ойлану керектігін үйретті. Үнемі соны айтады.
12 жастан жетім өскен
– «Зениттің» оқу-жаттығу жиындарына қатысуыңыздың өзі Қазақстанда үлкен резонанс тудырды. Осыншалықты қызығушылық тудырады деп күттіңіз бе?
– Екі жыл бұрын «Зенитке» Бауыржан Исламхан келген. Сол кезде Қазақстанның туын ұстап отырғандар көп болды. Бізде футболды жақсы көреді. Өз балаларын қазақ халқы қолдайды. Ешкімге ренжітуге мүмкіндік бермейді.
– Каспий жағасындағы Ақтауда дүниеге келгенсіз. Неліктен футболды таңдадыңыз?
– Әкем тірі кезінде еркін күреске берген. Ол кезде 8 жаста болатынмын. Үйде жата берген соң, әкем бірдеңемен айналысқанымды қалады. Үйдің қасында футбол алаңы болды. Сол жерде балалармен доп тебетінбіз. Әкем менің футболға қызығушылығым жоғары екенін байқап, футбол секциясына ауыстырды. 10 жасымда әкемнен айырылып қалдым. Арада екі жыл өткенде анамның жүрек талмасы ұстап, дүниеден өтті. Футболмен Ақтауда жаттыға бердім. Арада үш жыл өткенде, 2015 жылы үш баланы «Қайратқа» шақырды. Бір апта уақыт берді. Екеуіміз қабылданып, біреуі кері қайтты.
– Тағдырыңыз оңай емес. Ата-анаңыздың орнын кім басты? Кім қолдау көрсетті?
– Аға-жеңгеммен бірге тұрдым. Менің екі әпкем бар. Олар тұрмысқа шығып кеткен. Жеңгем күн сайын репетитор шақыртып, оқуыма көмектесті. Өйткені футболда жүріп, сабақтарға қатыса алмайтынмын. Сосын алғашқы бапкерім – Ержан Жамбыровтың еңбегі ерен. Бутсы алуға ақшам болғанда алғаш сыйлаған да сол кісі.
Ла лигада ойнағысы келеді
– Алғашқы бапкеріңіз Ержан Жамбыров бала күнінде шабуылшы болғаныңызды айтты...
– Бала кезде нақты позиция болмайды ғой. Барлық жерде ойнай бересің. Екі-үш жыл шабуылшы болдым. «Қайратқа» барғанымда басында орталық жартылай қорғаушы еткен. Кейін бір турнирде орталық қорғаушымыз жарақат алып, орнына мені қойды. Сол матчта жақсы ойнадым. Команда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Кейін дубльге қабылдағанда орталық қорғаушы ретінде алды.
– Өзіңіз солақай екенсіз? Қандай схемада ойнаған ыңғайлы?
– Шынын айтқанда, айырмашылық жоқ. Үш қорғаушымен ойнағанда маған көп күш түседі. Өйткені сол қапталдағы вингерге көмекке келуім керек. Ал төрт қорғаушымен ойнағанда барлығы қалыпты. Соған үйренгенмін. Құрбан Бердыев үш қорғаушымен ойнайды. Маған біраз нәрсе көрсетті.
– «Зенит» сізді жалға алады. Әрі қарай не болмақ? Арманыңыз қандай?
– Үнемі жұмыс істеу керек деп айтамын. Егер бәрі сәтті болып жатса – жақсы. Ал болмай жатса – ештеңе етпейді. Әрине, шетелде ойнағым келеді. Сүйікті чемпионатым – Испания примерасы. Бірақ сүйікті клубым жоқ.
Аударған – Бек Төлеуов