Жібек Құламбаева Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды
Елордада теннистен ерлер мен әйелдер арасында ҚР қысқы чемпионаты мәреге жетті.
Әйелдер арасында жарыстың бірінші және екінші ракеткалары Жібек Құламбаева мен Гөзал Айнитдинова финалда бас жүлдені сарапқа салды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Тартысты өткен бәсекеде Ж.Құламбаева 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Жібек жұптық сында да озық шықты. Ол Екатерина Дмитриченкомен бірге финалда аса тартысты матчта Аружан Сағындықова мен Софья Чурсинадан басым түсті – 4:6, 6:3, 10:7. Осылайша Ж.Құламбаева абсолютті чемпион атанды.
Жекелей сында қола жүлде үшін бәсекеде Аружан Сағындықова Е.Дмитриченконы 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді.
Ерлер арасында Ақтау қаласының түлегі Бейбіт Жукаевтың бағы жанды. Ол сағат жарымға созылған финалдық ойында алматылық Денис Евсеевтен айласын асырды – 7:6 (7:3), 6:2. Сөйтіп 21 жастағы Б.Жукаев алғаш рет ел біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Тимур Хабибуллинді 6:1, 6:3 есебімен ұтқан Григорий Ломакин қола жүлдеге ие болды.
Жұптық сында Денис Евсеев пен Григорий Ломакин жеңімпаз атанса, Бейбіт Жукаев пен Тимур Мәуленов екінші, Алексей Кедрюк пен Достанбек Ташболатов үшінші орынға көтерілді.