Теннис
Қазақстандық жас теннисші Франциядағы додада топ жарды
Еуропаның 14 жасқа дейінгілер арасында 5-ракеткасы Заңғар Нұрланұлы Парижде Tim Essone турнирінің финалында жеңіске жетті.
Финалда жас теннисшіміз жергілікті Тимео Труфеллимен кездесті. Үш сет қорытындысы бойынша Заңғар қарсыласын 2:1 есебімен жеңді.
Дода барысында Заңғар әуелі австриялық Максимиллиан Хейдельмайерден айласын асырды – 7:6 (7:4), 6:3. Сосын Францияның жасөспірімдер арасында бірінші ракеткасы Лени Кутурьені ұтты – 7:5, 6:7 (5:7), 6:4. Ширек финалда Нұрланұлы Ресейдің жарық жұлдызы Сава Рыбкинге бірде-бір гейм бермей, тас-талқан етті – 6:0, 6:0. Ал жартылай финалда ливандық Даниэль Жадтан басым түсті – 6:1, 6:2.
Бұл айтулы жарыста кезінде Роджер Федерер, Рафаэль Надаль, Гаэль Монфис сияқты мықтылар жеңімпаз атанған еді.