Бес үміткердің арасында 50 жастағы Әділет Барменқұловтың бағы жанды. Оған 27 адамнің 14-і дауыс берді.
Әлемдегі нөмірі бірінші спорттағы Қазақстандағы федерациясын басқаратын Барменқұлов туралы ақпарат аса көп емес. Көпшілік тани да бермейді. Қарағанды облысының тумасы мамандығы бойынша математик. Бірнеше жыл мемлекеттік қызметте істеген.
Футболға да соңғы жылдары қызығушылығы артса керек, біраз тәжірибе жинақтаған. Қарағандының «Шахтер» клубы директорлар кеңесінің төрағасы болды. Қазақстан футбол федерациясы Атқару кеңесінің мүшесі, президенттің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Бұрынғы басшылықтың қасында жүрген азамат. Сондықтан федерацияда түбегейлі өзгеріс бола қояуы екіталай. Бірақ барлығы да уақыттың еншісінде.
Жаңа президент сайлаудан кейін журналистердің сұрағына жауап берді. Баспасөз конференциясында берілген жауаптардцң бір-екеуіне тоқталсақ.
-Басшы ретінде алғашқы қадамымды айтсам, бірінші кезекте аймақтық федерациялардың деңгейін көтеруден бастаймыз. Меңінше, футболдың іргетасы өңірлерден басталуы тиіс. Футболға көбірек адам тартуымыз керек. Сол кезде бұқаралық спорт туралы айта аламыз. Бүгінгі таңда алымызға кемі елде 5 миллион адам футболмен айналысу керек деген міндет қойып отырмыз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қазіргі таңда елде 1,5 миллион адам футболға белсенді қызығады. Сол көрсеткішті 5 миллионға жеткізу. Бұл не үшін керек? Мақсат түсінікті. Өйткені неғұрлым аудитория үлкейген сайын мемлекеттің де, бизнестің де қызығушылығын оятады.
Баяндамамда мемлекет пен бизнес иелерімен қарым-қатынасты жақсарту екенін айттым. Бізге іргетасты дұрыс қалау керек. Футбол ұлттық жобаға айналуы тиіс. Жақын арада стратегиялық жоспарды дайындаймыз. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы өте маңызды. Ол үшін барлық сұрақтарға дайындаламыз. Алдағы үш айда барлық жоспарды дайындап шығу керек.
Сайлауда жеңіске жетуімнің сыры неде? Мен барлық облысты аралап шықтым. Жанкүйерлермен ғана емес, аймақтық футбол федерацияларының өкілдерімен де кездестім. Футболға шын берілген жандармен жолықтым. Оның арасында ардагерлер, жастар, мектеп директорлары мен бапкерлер бар. Сондықтан менің бағдарлам көңілден шыққан болар.
Ең бастысы, Әділет Барменқұлов күн сайын кеңсеге барып жұмыс істейтінін айтты. Әділбек Жақсыбеков секілді анда-санда жиналыс ашу үшін ғана соғып тұрмайтынын жеткізді. Тілшілерге де жақын болғысы келетінін жасырмады.