Үкіметке жаттықтырушылардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс беріледі
Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің алқа жиналысы өтті.
Жиын барысында Үкіметке жаттықтырушылардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс берілетіні белгілі болды. Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, жүргізілген сараптама спорт түрлері бойынша білікті жаттықтырушылардың мүлдем жетіспейтіндігін анықтап берген.
«Бұл олардың жалақыларымен тікелей байланысты. Бүгінде азаматтық қызметшілердің еңбекақы жүйесіне сәйкес, еңбек өтілі, санат жоқ, біліктілігі орташа деңгейдегі жаттықтырушылардың жалақысы 63 мың теңгені құрайды. Осыған орай дене шынықтыру факультеттерін бітірушілер қызмет көрсету, күзет фирмалары, құқық қорғау органдары саласы қызметкерлерінің қатарын толықтырып отыр. Бірақ, спортты емес», — деді Дәурен Абаев.
Министр Үкіметке дайындықтың бастапқы кезеңінде жаттықтырушылардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс енгізіледі және оларды материалдық тұрғыда ынталандыру мәселесі пысықталады деп айтты.