Биыл 31-ші рет ұйымдастырылып тұрған аламанда 14 команда бақ сынайды. Еліміздің қазіргі чемпиондары «Тобыл» алғашқы турда «Ақжайықтан» басым түсті. Бес дүркін Қазақстан чемпионы «Астана» Қарағандыдан келген «Шахтердің» қорғанысын бұза алмады. Турдың орталық кездесулерінің бірінен саналған «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы матч алматылықтардың жеңісімен аяқталды. Маусымның ең үлкен жаңалықтарының бірі – тұңғыш рет ел чемпионатында VAR жүйесі қосылды.
Биылғы маусымның беташар ойыны Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда өтті. Маусымаралық үзілісте Премьер-лигада ойнау-ойнамауы белгісіз болған «Ордабасы» қаржылық қиындықтарды жеңіп, ақыры аламанға қосылды. Беларусь маманы Александр Седневтен тәлім алатын шымкенттік команда 1-турда Қазақстан премьер-лигасына биыл ғана қосылған «Мақтаарал» командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. Ойынның 18-минутында «Мақтааралдың»шабуылшысы Биляль Себаихи осы маусымдағы алғашқы голды соғып, командасын алға шығарды. Бірақ, алаң иелері көп күттірмей, арада 20 минут өткенде таразы басын теңестірді. «Ордабасы» сапынан Ньюадзи Серж гол соқты.
Ойынның екінші жартысы алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Есепте алға шығуға екі жақтың да мүмкіндіктері болғанымен, бірде шабуылшылар мүлт кетіп жатса, енді бірде қақпашылары қырағалық танытты. Есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Осылайша, «оңтүстік дербиі» тең аяқталды.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Мақтаарал» (Мақтаарал) – 1:1
Гол соққандар: Себаихи, 18 (0:1), Ньюадзи Серж 38 (1:1)
Ескерту алғандар: Әмірсейтов, 24, Чикида, 60;
«Ордабасы»: Шайзада, Астанов,Батищев, Кристиано, Гедеш (Тәжібай, 67), Ньюадзи (Халматов, 85), Сұлтанов, Тұрсынбай, Хаджиев (Ваганов, 71), Абдумажитов, Шәмші;
«Мақтаарал»: Литовченко, Ахматов, Бобоев (Оралбай,69), Бруно (Жаксыбайұлы,60), Жұматов (Тұзакбаев,79), Западня, Әмірсейтов, (Чикида, 46), Потапов, Рүстемов, Себаихи (Кенжебек, 79), Юденков;
Төрешілер: Чесноков (Өскемен), Панин (Қостанай), Акбаров (Семей);
VAR төрешілері: Тевяшов (Орал), Тергеусізов (Алматы);
5 наурыз. Шымкент қаласы. Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион.
1000 жанкүйер.
«Астана» (Нұр-Сұлтан) – «ШахтЕр» (Қарағанды) – 0:0
Ескерту: Габышев, 26, Дарабаев, 43, Қуат, 54, Бейсебеков, 67, Досмағамбетов, 76, Назаренко, 90;
Алаңнан қуылды: Ламанж, 90+5;
«Астана»: Милошевич, Бейсебеков (Кусяпов, 70), Бескоровайный, Дарабаев, Қуат (Эбонг, 62), Манзорро, Айымбетов (Камара, 80), Поляков (Басманов,80), Сильва, Томасов, Эуженио;
«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Граф, Досмағамбетов (Назаренко, 89), Каньяс, Маляров, Муртазаев (Тәттібаев, 84), Назымханов (Ламанж, 89), Рустемович (Адуев, 70), Чосич, Букорац;
Төрешілер: Затула (Өскемен), Кольев (Павлодар), Лесив (Семей);
VAR төрешілері: Сахи (Қызылорда), Тасыбаев (Павлодар);
5 наурыз. Нұр-Сұлтан қаласы. «Астана Арена» стадионы. 2000 жанкүйер;
Нұр-Сұлтандағы «Астана Арена» стадионына жиналған 2000 жанкүйер «Астана» мен «Шахтер» арасындағы текетіресті тамашалады. Екі команда да өткір шабуыл ұйымдастырғанымен қақпаға гол соғылмады.
Бұл ойында екі команда да бір ұпайдан алады. Алайда, ойыннан кейін белгілі болғандай, «Астана» регламент ережелерін сақтамағандықтан оларға жеңіліс жазылуы әбден мүмкін. Өйткені, елордалықтардың бас бапкері Срджан Благоевич алаңға жеті бірдей легионер қоя беріп, өрескел қателік жіберді. Жарыс ережесі бойынша алаңда бір уақытта алты легионер (Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінен бөлек) ойнауы тиіс. Ал «Астана» бас бапкері болса, ойынның 80-минутында Абат Айымбетовті либериялық Мохаммед Каамарға ауыстырып, легионерлер санын жетеуге арттырып жіберді. Дегенмен, әзірге Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы ресми мәлімдеме жасамады.
«Атырау» (Атырау) – «Ақсу» (Ақсу) – 0:0
Ескерту алағандар: Тұңғышбаев, 12, Нәбиханов, 40, Хижниченко, 66, Катрич, 89;
«Атырау»: Айрапетян, Барановски, Бисси, Гжельчак (Қалыбаев, 87), Нәбиханов, Петрович, Сапаров (Антанавичиус, 63), Сейтқалиев (Плетнев, 63), Такулов, Тарасов, Филипович (Катрич, 75);
«Ақсу»: Кучеренко, Гаджибеков, Жақсыбаев, Жырғалбекұлы, Қайыркенов (Бакаев, 69.), Какимов (Оспанов, 88), Құлжанов (Красотин, 69), Әбікен, Сүйімбаев, Тұңғышбаев (Марат, 78), Хижниченко (Смаилов, 78);
Төреші: Гороховодацкий, (Алматы), Бельский (Тараз), Навроцкий (Нұр-Сұлтан);
VAR төрешілері: Рахымбаев (Алматы), Тихонюк (Ақтөбе);
5 наурыз. Атырау қаласы. «Мұнайшы» стадионы. 100 жанкүйер;
Қазақстан премьер-лигасына жаңадан қосылған «Ақсу» командасы алғашқы ұпайларын алып үлгерді. Ақсулықтар «Атыраумен» сырт алаңда 0:0 есебімен ойнады. Жалпы «Ақсудың» құрамы жаман емес. Еліміздегі біраз тәжірибелі ойыншыларды жинаған команда маусым қорытындысы бойынша үздік алтылыққа кіріп жатса, таң қалмаймыз. Дегенмен, «Атыраумен» болған ойында «ақсулықтардың» жеңіске жететіндей мүмкіндігі болып еді. Бірақ, шабуылшы Сергей Хижниченко гол соғатын жүз пайыздық мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.
«Каспий» (Ақтау) – «Қызылжар» (Петропавл) – 1:0
Гол соққан: Әділ, 66;
Ескерту алғандар: Панюков, 24, Мартинс, 69, Коне, 85;
«Каспий»: Аязбаев, Ардазишвили, Әділ (Телеш, 78), Барановский, Бондаренко, Киреенко (Нүсіп, 83), Нарзілдаев, Нұрғалиев, Тайкенов, Тигруджа (Дмитренко, 87), Цуцкич;
«Қызылжар»: Лобанцев, Живкович, Зорич, Каршакевич, Бушман (Козлов, 75), Мартинс, Мурачев, Нкололо (Сидоренко, 84), Панюков (Мульдинов, 66), Подио (Коне, 66), Шмидт;
Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Карлов (Павлодар), Павлов (Алматы);
VAR төрешілері: Ноженко (Талдықорған), Васютин (Алматы);
5 наурыз. Ақтау қаласы. «Жас Қанат» стадионы. 1500 жанкүйер.
Былтырғы маусымда үздік төрттіктің төрінен орын алған «Қызылжар» маусымды сәтсіз бастады. Ақтауда «Каспий» клубымен алаңға шыққан Андрей Карповичтің командасы 0:1 есебімен ұтылып қалды. Бір қызығы, ақтаулықтардың «Қызылжар» командасына сонау 2016 жылдан бері «тісі батпай» жүрген еді. Араға алты жыл салып, «Каспий» 10 ойынға (2 тең, 8 жеңіліс) созылған жеңіссіз серияны бұзды.
«Тұран» (Түркістан) – «Тараз» (Тараз) – 0:0
Ескерту алғандар: Федин, 4, Тәубай, 34, Гадрани, 43, Байтана, 54, Залеский, 75, Нұрдаулет, 90+6;
Алаңнан қуылды: Әбілғазы, 85;
«Тұран»: Тоқотаев, Диакате, Залеский, Керімжанов, Клещенко, Мұсабеков (Тапалов, 90+13), Нұрғалиев (Таипов, 89), Нөсербаев (Мұхаммед, 77), Осучукву, Әбілғазы, Федин;
«Тараз»: Сейсен, Ахметов, Байтана, Гадрани, Гамаков (Шахметов, 90), Даиров, Жұмабек (Дос Сантос, 90+6.), Кеңесбек (Джуниор, 90+14), Қожамберді (Караман, 90), Әмірханов, Тәубай (Нұрдәулет, 90+6);
Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Калачев (Атырау), Конивец (Қарағанды);
VAR төрешілері: Нұрмұстафина (Теміртау), Магау (Алматы);
5 наурыз. Түркістан қаласы. «Тұран Арена» стадионы. 4000 жанкүйер.
«Тұран» мен «Тараз» арасындағы матчқа 4000 жанкүйер жиналды. Бұл осы турдағы екінші үздік көрсеткіш.
Түркістандық команда биылғы жылдың басында бас бапкерлікке Владимир Газзаевті тағайындаған болатын. Бұған дейін «Ақтөбе», «Тобыл» сияқты командалармен жұмыс істеп, ештеңе өндірмеген бапкер «Тұранды» түрлендіре алар ма екен?!
«Қайрат» (Алматы) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 2:0
Гол соққан: Канте, 67-пен (1:0), Канте, 83 (2:0);
Ескерту алғандар: Оразов, 7, Гуральски, 36, Канте, 83;
«Қайрат»: Устименко, Баньяк, Буранчиев, Гуральски, Қасаболат, Кейлер, Жоао Пауло (Ульшин, 90+4), Сейдахмет, Үсенов (Швырев, 61), Алвеш, Шушеначев (Канте, 61);
«Ақтөбе»: Покатилов, Балашов, Видемонт, Гинаитис (Қыбырай, 84), Ерланов, Жулпа, Логвиненко, Маляров, Оразов (Камболов, 79), Алвеш, Шомко (Кеңесов, 73);
Төрешілер: Московченко (Павлодар), Белоградов (Павлодар), Филоненко (Тараз);
VAR төрешілері: Байымбет (Тараз), Лабашов (Атырау);
6 наурыз. Алматы қаласы. «Орталық» стадион. 9200 жанкүйер;
1-турдың орталық кездесулерінің бірінен саналған бұл ойын «Қайраттың» жеңісімен аяқталды. Маусым басында алматылықтардың бас бапкері Құрбан Бердыев биыл чемпиондық атаққа таласамыз дегенді айтқан. Былтырғы маусымда Қазақстан кубогына ғана ие болған Бердыевтің командасы жақында Қазақстан Суперкубогын ұта алмады. Команданың ойын өрнегі анау айтқандай керемет деп айта алмайсың. Дегенмен, бір қуанарлығы, Құрбан Бердыев осы маусымда жергілікті футболшыларға басымдық беретін сияқты. «Ақтөбемен» болған ойыннан кейін баспасөз мәслихатында Құрбан Бекиұлы жастарға көбірек сенім артатынын алға тартты. Алғашқы турда Данил Устименко, Дамир Қасаболат, Данияр Үсенов, Арсен Буранчиев сынды жігіттер ойынның алғашқы минутынан алаңға шықты. Тіпті былтырғы маусымда алаң жиегін күзетіп отырған Еркебұлан Сейдахметтің өзіне Бердыевтің өзі үлкен үміт артып отыр. Ол «Ақтөбемен» болған ойында тоқсан минут ойнап шықты. Қысқасы, «Қайрат» Қазақстан премьер-лигасындағы ең жас команда. Ұжымның орташа жасы 22,8 жасты құрайды.
Ал «Ақтөбеге» келсек, бәрі керісінше. Жергілікті жанкүйерлер бас бапкер Владимир Мухановтың жүргізіп отырған саясатына көңілдері толмай жатыр. Әсіресе жергілікті футболшыларға көңіл бөлу, жастарды қатарға қосу Мухановтың миына да кіріп-шықпайды. Айтпақшы, «Қайратпен» болған ойында «Ақтөбеге» жаңадан келген Жерар Гоу өзінің бұрынғы командасына қарсы ойнай алмады. Команда басшылары алдын-ала берілген тізімде Жерар Гоудың нөмірін дұрыс көрсетпеген.
Ойынға келсек, «Қайраттың» жеңіске жетуіне гвинеялық шабуылшы Хосе Канте үлес қосты. Ол ойынның 61-минутында Артур Шушеначевтің орнына шығып, қалған жарты сағаттың ішінде дубль авторы атанды.
«Тобыл» (Қостанай) – «Ақжайық» (Орал) –1:0
Гол соққан: Сергеев, 79;
Ескерту алғандар: Малый, 16, Жарынбетов, 81, Сапанов, 90;
«Тобыл»: Мокин, Васильев, Йованчич (Жарынбетов, 59), Қаиров, Малый, Марочкин, Бриджидо, Мұжықов (Тағыберген, 17), Сергеев, Томашевич, Тошич (Жақсылыков, 59);
«Ақжайық»: Махновский, Газданов (Антипов, 83), Имнадзе (Кордич, 83), Әбдірахманов, Омаров, Өміртаев (Карпенко, 27, Саулет, 67), Приндета, Сабино Дос Сантос, Сапанов, Црнчевич (Стаменкович, 83), Шустиков;
Төрешілер: Омаров (Алматы), Бейжанов (Петропавл), Быстров (Сарань)
VAR төрешілері: Гаузер (Петропавл), Кучма (Көкшетау);
6 наурыз. Қостанай қаласы. «Тобыл Арена» стадионы. 1500 жанкүйер.
«Тобылдың» бас бапкері Александр Москаленконың жеңісті сериясы жалғасып жатыр. 1-турда қостанайлықтар 1:0 есебімен «Ақжайықты» жеңді. Осылайша, «Тобыл» өткен маусымды бірге санағанда 12 матч бойы жеңілмей келе жатыр – 10 жеңіс, 2 тең ойын. Доп айырмасы – 26:9.
Қазақстан премьер-лигасында қалт-құлт күй кешіп жүрген бір команда болса, ол – «Ақжайық». Былтыр әупірімдеп жүріп Премьер-лигадағы орнын сақтап қалған оралдықтардың жеңіске жетпегендеріне 9 ойын болды. Былтыр 28 маусымда олар «Таразды» 3:0 есебімен ұтқан. Бірақ, сол жеңістен кейін жанкүйерлері жеңістің не екенін естерінен шығарып алды.