Басты

Fajr Open. Екінші күн: қазақстандық таеквондошылар үздік үштікке енді

Таеквондодан Қазақстанның әйелдер құрамасы 32-ші халықаралық Fajr Open турнирінде үздік үштікке енді, деп хабарлайды Қазақстан таеквондо федерациясының баспасөз қызметі.

Бұған дейін қоржынымызға 73 келідегі Жансель Дениздің күміс медалі мен 62 келінің өкілі Әмина Нұрғазықызы иеленген қола жүлденің түскенін хабарлағанбыз.

Өкінішке қарай, жарыстың екінші күнінде аруларымызға сәттілік те, әділ төрелік те жетіспеді. Даянгқа шыққан төрт қызымыздың екеуі — Мария Севостьянова (57 келі) мен Айгүл Елубай (+73 кг) ширек финалға жетіп, жартылай финалдың жолдамасы үшін таласта жергілікті спортшыларға жол берді.   

Әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Сәуле Сардарованың айтуынша, доданың халықаралық деген аты болмаса, төрешілердің арасында бір де бір шетелдік маман жоқ. Төрешілік ету тек жергілікті арбитрлерге тапсырылған. Бұл жайтқа қатысты өзге елдер де шағымын жеткізген.

Дегенмен мұның өзі таеквондошыларымыздың алғашқы үштікті түйіндеуіне кедергі келтіре алған жоқ.

Ал еншісінде 36 ұпайы бар Иран көш бастаса, екінші орынға Өзбекстан құрамасы жайғасты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button