Дәрмен СӘДУАҚАСОВ, гроссмейстер: Елімізде шахматтан жеке мемлекеттік бапкер де жоқ
Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Спорт пен дене шынықтыруды дамыту» мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде гроссмейстер Дәрмен СӘДУАҚАСОВ еліміздің шахматында қордаланған біраз мәселе бар екенін айтты.
«Біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерлан Лұқпанұлы Тоғжановпен бұған дейін де бірнеше рет кездесіп, елдегі ахуалды талқыладық. Өкінішке қарай, соңғы кездері сырттағы оқиғалар да жағдайды ушықтырып жатыр. Теңгенің бүгінгі ахуалын көріп отырмыз. Тиісінше инфляцияның болуы да заңдылық. Мұның бәрі алдағы уақытта жұмыс орындарының қысқаруына да әкелуі мүмкін. Мұнай-газ секторына да қауіп төніп тұр. Өздеріңіз білесіздер, мұнай-газ компаниялары Ресеймен байланысын үзіп жатыр. Қазақстанға қатысты мәселелер де көтеріліп жатыр. Бұл өз кезегінде біздің экономикаға да қауіп.
Өзім «Болашақ» бағдарламасымен Питтсбург қаласында оқыдым. Бұл шаһар Эндрю Карнегидің арқасында бір кездері болат өнеркәсібінің орталығы болған. Дәл осы шаһарда әлемдегі болаттың 71 проценті өндірілген. ХХ ғасырдың 60-жылдары ол жақта дағдарыс орнады. Себебі болат Қытай мен Кореяда да өндіріле бастады. Салдарынан АҚШ-тың болат өндірісі тоқтады. Жұмыс орындарынан айырылған Питтсбург үлкен күйзеліске ұшырады. Өз-өзіне қол жұмсау, мародерлік белең алды. Ал қазір олар АҚШ-тағы өмір сүруге ең қолайлы қала саналады.
Олар бұл дағдарыстан қалай шықты? Олар спортты дамытты. Инвестицияның барлығын спортқа құйды, американдық футбол, хоккей және бейсболға арналған үш стадион салды. Бүгінде «Питтсбург Пингвинз» хоккей клубын барлығы біледі. Сол арқылы олар елдің, ұлттың, адамдардың рухын көтерді.
Ұлт рухы дегеніміз – спортты өмірі көрмейтін анамның әлем чемпионатындағы Қазақстанның нәтижесі қандай екенін сұрауы, спортты білмейтін жұбайымның таң атпай тұрып Головкиннің жекпе-жектерін тамашалауы. Ұлт рухы дегеніміз – адамдардың ешкім мәжбүрлемей-ақ өзгелерге жанкүйер болуы. Мұның бәрі қажеттілік, адам баласы белгілі бір жетістіктермен мақтанғанды қажет етіп тұрады.
Өкінішке қарай, Олимпиада ойындарындағы соңғы нәтижелер көңіл көншітпейді. Бұл тек спорттық нәтиже туралы емес. Бүгін залда отырғандардың барлығы спортқа тікелей қатысы бар адамдар және олар халықтың мақтануына сеп болатындар. Сондықтан да қазір терең ойланып, дұрыс шешім қабылдайтын уақыт екенін түсінуіміз керек. Себебі үлкен зауыттар салу – өте күрделі әрі ұзақ уақытты талап ететін бағдарлама. Үкіметтің жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқаны түсінікті. Дей тұрғанмен спорт жағына көбірек ден қою керек деп ойлаймын.
Шахматқа тікелей қатысым болғандықтан, соңғы уақытта біздің шахматта сапалы серпіліс болды деп айта аламын. Соңғы он жылда шахматшыларымыз әлем чемпионаттарында 40-тан астам медаль иеленді. Әйелдер құрамасы екі рет әлемнің үздік үштігінің қатарына енді. Жақында ғана 17 жастағы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионатында топ жарды. Оның еңбегі еленіп, тіпті Мемлекет басшысының қабылдауында да болды. Біздің әйелдер құрамасы өте жас, тиісінше дәл осы құрамның өзі тағы 15 жылдай олимпиадаларда медаль үшін таласуға қауқарлы. Олардың артынан еріп келе жатқан қыздарымыздың өзі қаншама. Бәсеке өте жоғары. Ал ерлер арасындағы шахматта қаржыландыру мәселесі өзекті. Тіпті жеке мемлекеттік бапкердің өзі жоқ. Біздің бапкер тоғызқұмалақтан да мемлекеттік бапкер болып қызмет етеді.
Тағы бір жайт, шахматтың өңірлердегі дамуына да тоқталғым келеді. Ата-аналардың балаларының болашағы үшін салып жатқан қаржысының арқасында Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында шахматтан нәтиже ауыз толтырып айтарлық. Жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы өңірлерге қажет. Себебі ауыл-аймақтардағы ата-аналардың балаларына инвестиция құюға жағдайы келмейді. Сондықтан басты қалалардан бөлек шағын қалаларда және аудан-ауылдарда да секциялар, орталықтар ашу үшін күш салу қажет», деді алқа жиналысында гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов.