Ольганың қызы да чемпион
Қазақ елінің мақтанышы, үш Олимпиада ойындарының жүлдегері Ольга Рыпакованың қызы Анастасия анасының жолын қуып, үш қарғып және ұзындыққа секірумен жастайынан айналысып келеді.
Анасы Ольга Рыпакова өз тәжірибесімен бөлісті, шыдамдылық, сын сәтте дұрыс шешім қабылдау секілді қасиетті оған бала кезінен үйретті. Анастасияның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Қазірдің өзінде облыс, ел біріншіліктерінде сан мәрте топ жарып үлгерді.
Жақында Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде ел чемпионаты аяқталды. Анастасия бұл жолы да ерледі. Ұзындыққа секіруден 6 метр 11 см секіріп, ел чемпионы атанды. Семейлік Надежда Дубовицкая 1 метр 96 см нәтижемен Қазақстан чемпионы атанса, өскемендік Елизавета Матвеева қола медаль иегері болды. Сонымен қатар риддерлік Арина Гладышева мен Регина Митрофанова 1500 метрлік қашықтықта күміс пен қола медаль иеленді.
Өскемендегі жеңіл атлетика манежінде осы наурыз айында 16 мен 18 жасқа дейінгі саңлақтар арасында тағы екі республикалық біріншілік өтпек. Пандемиядан бір жарым жыл бойы есеңгіреп қалған спортшыларымыздың екінші тынысы ашылып, енді алысқа шабатыны барлығымызды қуанта бергей…
ӨСКЕМЕНДЕ БАЙКШЕРИНГ БАР
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар шаһардағы спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бос уақытында өзі де футбол ойнап, бұқаралық спорттың жандануына жан салып жүрген азаматтың тындырған істері баршылық.
Мәселен, Шығыс кенті мен 19-шы және 28-ші шағын аудандарда футбол алаңдары пайдалануға берілді. Шағын ауданда тұратын тұрғындардың өтінішін орындау мақсатында мұнда шайбалы хоккей қораптарын салу қолға алынды. Қаладағы екі мұз манежі тұрғындардың жиі бас қосатын сүйікті жеріне айналған.
Олимпиада ойындарының чемпионы Борис Александров атындағы спорт сарайы, Стаханов көшесіндегі дене шынықтыру кешені күрделі жөндеуден өткен. Мұнда да бұқаралық спортты мұрат еткендер қалаған уақыттарында келіп тегін жаттыға алады.
Былтыр облыс орталығында байкшеринг, яғни велосипедтерді жалға алудың автоматтандырыған жүйесі іске қосылғанын айта кетейік. Міне, өзендер өрнектеген өскелең қала Өскеменнің басшылығы осындай игілікті істер атқаруда.
ТӨРТ СПОРТ МЕКТЕБІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Дәл қазір Семейде төрт спорт мектебі бар. Олардың барлығы өз есігін балғын спортшыларға кеңінен ашқан. Осы спорт мектептерінде төрт мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін жаттығуда. Оның үстіне қаладағы 22 спорт федерациясы мен түрлі бағыттағы 27 спорт клубында спортты серік еткендерге барлық жағдай жасалған.
Семей қалалық спорт бөлімінің басшысы Ерлан Әубәкіровтің айтуынша, бұқаралық спортты дамытуда қалада көп игі істер атқарылған. «Арена», «Голд Кинг», «Цементник» спорт кешендерінде жаттығатын жастарға қызмет көрсету тегін. Қаладағы «Локомотив», «Спартак» стадиондарына күрделі жөндеу жасалмақ. Ол ол ма, «Отель номад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәдени спорты кешені бассейнінде мүмкіндігі шектеулі балаларға жүзу бойынша тегін қызмет көрсетіледі. Қорыта айтқанда, Семей спортында елеулі өзгерістер бар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақ спорты газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы өз тілшісі
Суретте: Өскемендегі жабық жүзу бассейні
Сурет автордікі.