Теннис
Индиан-Уэллс турнирі: Рыбакина үшінші айналымда
Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Жарыстың (жүлде қоры – 8,4 млн АҚШ доллары) 17-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші доданы екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 58-орында тұрған бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен кездесті. ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметінше, Е.Рыбакина сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта қарсыласынан 6:1, 7:5 есебімен басым түсті. Қазақстандық теннисші 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 15-і ракеткасы, осы турнирдің өткен жылғы финалисі, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда тартысты бәсекеде рейтингте 51-орындағы швейцариялық Виктория Голубичтен ұтылып қалды – 3:6, 6:2, 4:6.