БастыСұхбат

Нұртөре Жүсіп: Кириешкимен қоректеніп отырған баладан чемпион шығады деу қиын

Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында өтті. Сол жиында Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жастардың спорттан алыстап кетуіне қатысты мәселелерді көтерді.

— Бұқаралық спортты дамытуға байланысты Президентіміздің қойған тапсырмасы — жан басына шаққандағы қаржыландыру. Бұл қайратты, мықты, жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатынан туып отыр.

Енді осы ретте өз ұсынысымды айта кетейін.

Кеңес одағы тұсында ұзындыққа секіру, 100 метрге жүгіру деген талаптар болатын. Чемпион болмаса да, осындай шарттарды орындайтын. Қазір де соны енгізу керек секілді.

Екінші мәселе — баланың тамағы. Бүгінгі таңда кириешкимен қоректеніп отырған баладан чемпион шығады деу қиын. Сондықтан балалардың тамақтануына мән беру керек.

Үшіншісі —  мектептердің спорт залдары. Тірек ауылдар деген бар. Мәдениет ошағын ауылдың бір бұрышына салады, ал мектепті екінші жағына тұрғызады. Бұл дұрыс емес. Американың киноларын көрсеңіздер, көпфункционалды мектептер бар. Меніңше, мәдениет сарайлары, спорт кешені бәрі бір жерде болғаны жөн. Қаржыны үнемдеуге, балалардың бір-бірімен тығыз байланыста болуына жақсы.

Сосын спортқа тікелей қатысы жоқ мәселе бар. Біздің тепсе темір үзетін жастарымыздың көбісі құмар ойынға беріліп кеткен. Қарызға батып, тентіреп кететіндей жағдайға жетіп отыр. Енді сол балаларды алып шығуымыз керек. Біз көп айтамыз, енді нақты әрекет керек. Шаралар қолдану қажет. Іске кірісетін уақыт келді. Телефонға байланған баланы спорт алаңына алып келетін жолды табу қажет. Құмарға байланған жастарды құтқарайық.

Уинстон Черчиль соғыс басталғанда, Ұлыбритания Парламенті алдында сөз сөйлепті. Сонда ол «Мақсатымыз жеңіс» деп бір ауыз айтып, трибунадан түсіп кеткен. Сондықтан біздің әрбір спортшының көкейінде ауылдық жарыстан бастап, Олимпиада додасына  дейін қатысқан кезде тек жеңіс туралы ойлауы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button