Бокс
Спорт комитетінің басшысы боксшы қыздармен кездесті
ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев пен "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК директоры Маратбек Мықтыбеков бокстан әйелдер құрамасымен кездесті.
Бас бапкер Шамиль Сафиуллиннің шәкірттері «Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының” базасында өзбекстандық боксшы қыздармен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Кездесу алға қойылған мақсаттармен таныстыру бағытында өтті. Самат Серікқанұлы Түркияда әйелдер арасында өтетін әлем чемпионаты (2022 ж. мамыр) және Қытайдағы жазғы Азия ойындары (2022 ж. қыркүйек) қарсаңында Ұлттық құрама команда мүшелерінің әрқайсысына көңіл бөліп, жұмыс істеу өте маңызды екенін айтты. Спортшылар мен жаттықтырушыларды не мазалайды, қандай қажеттіліктер бар, дұрыс тамақтану мен сапалы дәрумендеуді таңдау, осы мәселелердің барлығы ашық талқыланып, хаттамаланды. Төраға сөз соңында спортшыларға мықты денсаулық пен жарыстардың жарақатсыз өтуін тіледі. Сондай-ақ жарыс жолында жаңа үлкен жеңістерге жетуге сенім білдірді.