Теннис
Жас теннисшілеріміз алғаш рет аймақтық Дэвис кубогының жартылай финалына шықты
Қазақстандық жасөспірімдер ширек финалда Азиядағы мықты құрамалардың бірі – Оңтүстік Кореяны ұтты.
Нью-Дели (Үндістан) қаласында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет Juniors Davis Cup (әлем чемпионаты) іріктеу кезеңінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Қазақстандық жасөспірімдер ширек финалда Азиядағы мықты құрамалардың бірі – Оңтүстік Кореяны ұтты. Бастапқы ойында Әмір Омарханов Кореяның үздік теннисшісін 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, командасын алға шығарды. Екінші бәсекеде Данир Қалдыбеков қарсыласына есе жіберіп, таразы басы теңесті.
Жұптық сында Әмір Омарханов пен Виталий Зацепин шешуші ұпайды қоржынға салды. Жалпы есеп – 2:1.
Ертең қазақстандықтар аймақтық жарыстың финалына шығу үшін Үндістан құрамасымен таласады. Іріктеу сайыстарында үздік шыққан үш команда әлем чемпионатына жолдама алады.