Жерар Пике сыбайлас жемқорлыққа қатысты дауға ілікті
«Барселонаның» қорғаушысы Жерар Пике Испания Корольдігі футбол федерациясының (RFEF) президенті Луис Рубиалеспен бірге сыбайлас жемқорлық дауына ілікті.
Бұл туралы El Confidencial-ға сілтеме жасап «Қазақ спорты» хабарлайды.
Дереккөз таратқан жазбалар мен құжаттарға сәйкес, Пике мен Рубиалес Испания Суперкубогын Сауд Арабиясында ұйымдастыру үшін елдің билігіне қысым жасап, сол үшін 24 млн еуро сұраған.
Ал құжаттар мен аудиода Рубиалестің осы іс нәтижесі бойынша Пикеге 6 млн еуро төлеуге келісіп, Жерардың әрекетін жасыруға тырысқанын байқауға болады.
Пике Рубиалеске Испанияның Суперкубогын Сауд Арабиясына ауыстыру туралы келісім жасауға көмектесті. Қорғаушы келіссөздерді өзі акционер болып табылатын Kosmos компаниясы арқылы жүргізгені айтылуда.
Сауд Арабиясымен келісім аяқталғаннан бері Испания футбол федерациясы жыл сайын 40 миллион еуро кепілдендірілген төлемдер алады. Сонымен қатар Рубиалестің жалақысы бірнеше есе өсті. Ал Пике өзінің мәмілеге қатысқаны үшін Kosmos компаниясы арқылы жылына төрт миллион еуро таза төлем алады. Келісімшартта, Kosmos төлемдерді уақтылы жүргізбесе, мәміле бұзылуы мүмкін екендігі де айтылған.