ХХIV жазғы Сурдлимпиада жалауын көтерді
Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында жазғы Сурдалимпиа-даның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Байрақты бәсекеде әлемнің 100 елінен 3500-ге жуық атлеттер спорттың 21 түрінен бақ сынайды.
Сурдлимпиадаға Қазақстан атынан 65 спортшы спорттың тоғыз түрінен, атап айтқанда, үстел теннисі, жүзу, каратэ-до, таэквандо, дзюдо, жеңіл атлетика, грек-рим, еркін күрес және бадментоннан ел намысын қорғайды.
Салтанатты іс-шарада еліміздің көк байрағын Самсунда (Түркия) өткен XXIII жазғы Сурдлимпиаданың чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері, таэквондошы Аян Әбдіраш алып шықты.
– Осындай ірі халықаралық додада елімнің байрағын алып шығу маған тапсырылды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Сурдлимпиадаға тыңғылықты дайындалдым. Бар күш-жігерімді салып өзіме артылған үмітті ақтаймын деген ойдамын, – деді А.Әбдіраш.
Айта кететін жайт, Самсун қаласында (Түркия) өткен XXIII жазғы Сурдлимпиадада қазақстандық спортшылар спорттың сегіз түрінен (еркін күрес, грек-рим, дзюдо, таеквондо, каратэ, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі) өнер көрсеткен болатын. 1 алтын, 1 күміс және 5 қола медальді жеңіп алған Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 25-орынға ие болды.
ХХIV Сурдлимпиадада отандастарымызға мол үміт артатынын айтқан Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов бұл сында да спортшыларымыз лайықты нәтижеге жетеді деген ойда.
– Қазақстан құрамасы осымен алтыншы мәрте жазғы Сурдлимпиадаға қатысып отыр. Отандық спортшыларымыз осыған дейінгі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл сында да лайықты нәтиже қол жеткізеді деген ойдамыз. Барша қазақстандықтарды ұлттық құрамаға жанкүйер болуға шақырамыз, – деді Бекболат Құстүтінұлы.
Айта кетейік, есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Олимпиадада спорт түрлерін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін қаржылай сыйақы мөлшері Олимпиада және Паралимпиадамен теңестірілген болатын. Яғни, аталмыш жарыстан бірінші орын алған спортшыға – 250 000, екінші орын – 150 000, үшінші орын – 75 000, төртінші орын – 30 000, бесінші орын – 10 000 және алтыншы орын үшін 5 000 АҚШ доллары беріледі.
Жазғы сурдлимпиада мамыр айының 15-не дейін жалғасады.