Күрес
Қазақстандық балуандар Сурдлимпиада ойындарында табысты өнер көрсетті
Бразилияда Кашиас-ду-Сул қаласында өтіп жатқан XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында грек-рим күресінен өткен сында 4 қазақстандық балуан жүлделі орындарға ие болды.
Байрақты бәсекеде спортшымыз Шонку Хайратхаан 130 келіде өнер көрсетіп, финалдық кездесуде түрік спортшысы Мехмет Юсалды айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды. Хайратхаан бұдан бұрын 2017 жылы өткен XXIII Сурдлимпиада ойындарында қола жүлдегер болған.
Өз кезегінде 97 келі салмақта Асылан Тажиев ирандық споршыға есе жіберіп, жарыста күміс жүлдеге ие болды. Ал Нұржан Асан (77 кг) мен Алдияр Балташев (60 кг) үшінші орынды жеңіп алды.
Еске сала кетсек, жазғы Сурдлимпиада ойындарында әлемнің 100 елінен келген 4 мыңнан астам спортшы қатысып, бақ сынауда. Мамырдың 1-інен басталған дүбірлі дода 15 мамырда мәресіне жетпек.