Жас теннисшілеріміз Түркияда топ жарды
Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде чемпион атанды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Ыстамбұл қаласында төртінші санаттағы ITF Juniors додасында Асылжан Арыстанбекова мен Айя Нұпбай жұптық сында топ жарды. Олар финалда қазақстандық Карина Жұмажанова — мысырлық Мариам Ибрахимді 6:1, 6:2 есебімен ұтты. Бір апта бұрын Асылжан мен Айя Ыстанбұлда осындай жарыста үздік шыққан еді.
18 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Душанбе қаласында өткен дәл осындай халықаралық турнирде Артур Хайрутдинов пен Ислам Орынбасарға тең келер ешкім болмады. Олар соңғы бәсекеде Беларусь өкілдері Артем Алексейчук — Герман Думшеден айласын асырды — 6:2, 7:5. Исламның абсолютті чемпион атанатындай мүмкіндігі болды. Дегенмен ол жекелей сында финалда ресейлік Олег Колниновқа жол берді. Қыздар арасында қазақстандықтар Қарақат Қойлыбаева мен Райса Петровская финалға дейін жетіп, ресейліктер Варвара Паншина — Милина Субханкуловаға есе жіберді — 2:6, 3:6.
Словенияда 14 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe — Grawe Open сериясымен өткен додада Дамир Жалғасбай жұптық сында чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ол украиналық Никита Белозертцевпен бірге финалда үш сетке созылған тартысты матчта жарыстың алтыншы ракеткалары, швециялық Линус Андерсон — даниялық Мадс Брунхабиді жеңді — 4:6, 6:2, 10:4.