БастыБокс

Бес боксшымыз жартылай финалға жолдама алды

Бокстан Ыстанбұлда өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалдық сайыс­тары өтті. Жарыстың күндізгі бағдарламасында бес боксшымыз шаршы алаң­ға шығып, солардың төртеуі жартылай фи­нал­ға жолдама алды. Олар – Алуа Бал­қыбекова, Жайна Ше­кер­бекова, Карина Ибра­ги­мова, Валентина Хальзова. Ал кешкі бағдарламада сынға түскен Дина Жоламан да жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жарыс басталған бетте Назым Қызайбай (50 кг), Римма Волосенко (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Дариға Шәкімова (66 кг), Надежда Рябец (75 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) сынды белді боксшыларымыз жеңілістің кермек дәмін татқанда қазақ жанкүйерлерінің көңілі қат­ты құлазыған еді. Оған Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) туы астында өнер көрсеткен атышулы Ангелина Лукасты қосыңыз. Олар «Біздің еш кінәміз жоқ. Барлық «гәп» төрешілерде» деп қанша жерден ақталса да, биылғы жылдың басты до­дасына боксшыларымыздың тым нашар даярлықпен келгені сырт көзге анық байқалды. Осылайша, Түркияға сапар шеккен 12 боксшымыздың тең жартысы жарысты аяқтап, қалған алтауы ширек финалға жолдама алған еді.
Кеше ширек финалдық сайыстар өтті. Бұл жолы былғары қолғап шеберлеріміз құлазыған көңілімізді бір серпілтіп тастады. 48 кг салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова үндістандық Ниту Нитуды әдемі ұтса, іле-шала рингке 52 кг салмақтағы Жайна Шекербекова көтерілді. Италиялық Олена Савчукке қарсы сайыста дұрыс тактика құра білген Жайна жеңіске жетті. 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Карина Ибрагимова осы межеде мықты қарсыласқа тап болды. Ол Еуропа ойындарының күміс және Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері ирландиялық Микаэла Уолшпен күш сынасты. Алайда қарсыласының атағынан еш қаймықпаған Карина көздеген мақсатына қол жеткізді.
Валентина Хальзова (70 кг) аустра­лиялық Кэй Скоттпен қолғап түйістірді. 36 жастағы жасыл құрлықтың өкілі 2016 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында күміс медальды мойнына ілген еді. Ол кезде Кэй 81 кг салмақта өнер көрсетті. Одан кейін салмақ қуып, өзінен әлдеқайда жеңіл қарсыластармен жұдырықтасуды жөн көрген екен. Бірінші раундтан бастап тізгінді өз қолына алған Валентина қарсыласының еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Төрешілер бірауыздан Хальзованың мықтылығын мойындады. Бесінші болып шаршы алаңға шыққан Гүлсая Ержанның (81 кг) литвалық Габриэле Стонкутеге әлі жетпеді. Ал кешкі бағдарламада Дина Жоламан (54 кг) Елена Зекичпен шеберлік байқасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған жарыс 20 ма­мырда өз мәресіне жетеді. Әлем чемпионы атанған боксшылар 100 мың АҚШ дол­лары көлемінде сыйақы алса, финалға шық­қан­дар 50 мыңды қалтаға басады. Ал қола жүлдегерлерге 25 мың доллардан тиеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button