Бокс. Алуа Балқыбекова алтын үшін рингке шығады
Әлем чемпионатының жартылай финалында айқасқан бес қазақстандықтың біреуі ғана финалға жолдама алды
Түркияда әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының чемпиондық атағына таласатын боксшылар толықтай анықталды. Жартылай финалдық сайыста бес спортшымыз рингке көтеріліп, солардың біреуі ғана өз жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Ол – Алуа Балқыбекова. Ал осы межеде сүрінген Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова, Валентина Хальзова және Дина Жоламан қола медальды қанағат тұтты.
Аса жеңіл салмақтағы Азия чемпионы Алуа Балқыбекова 2018 жылғы Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, болгариялық Севда Асеновамен күш сынасты. 37 жастағы ардагер боксшы жалынды жастың қарқынына шыдай алмады. Бәсеке басталған бетте тізгінді мықтап қолына алған Балқыбекова ауыр соққыларын көптеп дарытты. Бірінші раундтың соңғы минутында Аксенованы қатты ұрып, қабырғасын қайыстырып жіберді. Нокаут! Финалда Алуа түркиялық Айсе Чагирырмен қолғап түйістіреді.
52 кг салмақтағы Жайна Шекербекова Джутамас Джитпонгпен кездесті. Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы және Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар сақа спортшымыз қанша талпынғанымен, өзінен сегіз жас кіші таиландтық былғары қолғап шеберінен айласын асыра алмады. Джитпонг өзінің бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланып, алғашқы екі раундты өз пайдасына шешті. Шешуші кезеңде біздің боксшы басым көрінгенімен, жеңіс Тай елі өкілінің уысында кетті.
57 кг салмақтағы Карина Ибрагимова өте азулы боксшымен жұдырықтасты. Тайпейлік Лин Ю-Тин Олимпиададан басқа жарыстардың барлығында жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 2017-2019 жылдары ол әлем және Азия чемпионы, Азия ойындары мен әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Карина атағы алысқа жайылған қарсыласымен аянбай айқасты. Бірақ мықтының аты мықты ғой. Қарымта шабуылға жүгінген Лин көздеген мақсатына қол жеткізді.
70 кг салмақтағы Валентина Хальзова Мозамбик өкілі Алсинда Хелена Пангуанмен кездесуді қарқынды бастады. Бірінші раундта төрт төреші жерлесіміз жеңді деп есептеді. Үзілістен кейін таразы басы теңесті. Ал соңғы раундта қара құрлықтың өкілі тегеурінін күрт күшейтті. Валентина жиі қателесті. Бір мезетте Хальзова құлап қалды. Рингтегі қазы нокдаун белгіледі. Одан кейін де екпіндеп шабуылдаған Пангуа жеңісті қазақстандық боксшының уысынан жұлып әкетті.
Ал кешкі бағдарламада 54 кг салмақтағы Дина Жоламан румыниялық Лакрамиоара Перишочпен күш сынасты. Бұл бәсекеде румын қызы 4:1 есебімен жерлесімізден басым түсті. Осылайша, әлем чемпионатының жартылай финалында айқасқан бес қазақстандықтың біреуі ғана финалға жолдама алып отыр.