Балалар спортына дүмпу әкелетін маман
«Жүзден жүйрік». Дәл осындай атаумен елордада алғаш рет ерекше форматтағы жүзу жарысы өтті. Оған олимпиадалық даярлау орталығының 200-ге жуық шәкірті қатысты. Бәсеке балалар және жасөспірімдер арасында болды.
Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі өрендер де барлығымен бірдей жарысқа араласып, бағын сынап көрді. Осы тұрғыда жобаны дайындап ұсынған әрі осы арқылы болашақ чемпиондарды даярлауға ден қойған жаттықтырушы Дәулет Исмағұловты сөзге тартып едік. Жас маман қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығында қызмет етеді.
– Дәулет, «Жүзден жүйрік» деген жарысты өткізу туралы идея қайдан келді? Оны ұйымдастырудағы мақсат қандай?
– Бұл жарысты өткізу жөніндегі идея олимпиадалық даярлау орталығының қарамағындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі» және «Қазақстан» спорт кешендерінде жүзумен айналысатын балалардың арасында ең мықтысын анықтау ойынан туындады. Жарысты «Жүзден жүйрік-2022» деп атауымның себебі де сонда. Келесі жылы «Жүзден жүйрік-2023» жарысын өткізу жоспарымызда бар. Оған елордамыздың басқа да спорт кешендері мен бассейндерінде жаттығатын балалар да қатыса алады. Мақсатымыз, біріншіден, балалардың денсаулығын жақсарту, яғни бұл жарысқа қатысатын балалар өте шыдамды әрі мықты болуы керек. Екіншіден, жасөспірімдерге жаңа серпін беріп, рухын оятып, спорт пен жеңіске деген ұмтылысын арттыру және осы арқылы елімізде жүзу спортын дамыту.
– Жарысқа мүмкіндігі шектеулі бала да қатысты. Сау спортшылармен бірге бағын сынады. Неге осындай формат таңдалды?
– Иә, бұл жарыста Тұрғанбеков Әли қатысты. Әли біздің бассейнімізде жаттығады. Ол өзі бәсекеге араласқысы келді. Біз де басқа оқушыларға «мотивация болсын» деп шешімін қолдадық. Айта кету керек, ол 50 метрге еркін жүзу әдісін аяқтың көмегенсіз, қолының ғана күшімен 1 минут 1 секунд аралығында жүзіп, «Рух жігері» номинациясына ие болды.
– Болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеуге бола ма?
– Әрине. Негізінде атақты спортшылардың көбісі 6-7 жастан бастап жаттыққан. Мен де тобымыздағы 4 жаттықтырушымен 7, 8, 9 жастардағы оқушылар арасында ең мықтыларын алып, олармен қарқынды жаттығулар жасап, әлемдік және жергілікті турнирлерге дайындықты бастамақшымыз. Олардың келешекте әлемдік деңгейде чемпион атануларына кәміл сенеміз және осы мақсатта өзіміздің тарапымыздан барымызды саламыз.
– Кәсіпқой мансабыңызда АҚШ-та да жұмыс істеген екенсіз. Ол жақтағы бағдарламаның ерекшелігі неде? Қай жағын үйренуіміз керек?
– АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына 2017 жылы шет тілін жетілдіру мақсатында Ф1 оқу бағдарламасымен бардым. Оқу барысында Brooklyn swim center орталығымен таныстым. АҚШ-қа аттанар алдында жүзу бойынша жаттықтырушы болсам екен деген арманым болатын. Ақырында Нью-Йорктің екі орталығында суда жүзуден жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Олардың бағдарламалары мен біздің елдегі әдістемелердің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бір ерекшелігі, жүзу спортына ерекше көңіл бөлініп, тіпті мектеп деңгейінен жүзуді дамытуға бар жағдай жасалған. Мәселен, мен Нью-Йоркте мемлекеттік мектептің бассейнінде жаттықтырушы болдым. Ал Қазақстанда мемлекеттік мектептерде оқушыларға арналған жүзу бассейні мен арнайы жаттықтырушымен жүзу сабақтарын сирек кездестеріміз. Еліміздегі статистикаға мән берсек, балалар мен ересектердің суда жүзе алмай батып кеткен жағдайлардың көп екенін аңғара аламыз. Өз басым мемлекеттік мектептерде бассейн салынғанын, баланы мектеп кезінен міндетті түрде жүзуге үйрету керек деген заңның қабылдануын және мектептер мемлекет тарапынан балаларды жүзуге үйрету үшін бар жағдаймен қамтамасыз етілгенін қолдаймын. Мұндай қадамдар балалардың өмірлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, денсаулығын шынықтыруға және елімізде жүзуді жаңа деңгейге шығаруға үлесін қосар еді. Мемлекетіміздің өсекелең ұрпақтың жоғары деңгейде өсіп-өркендеуі мен дамуы үшін қажетті жағдайды жасайтынына кәміл сенемін.
– Біздің елдегі әдістеменің негізгі кемшін тұсы қандай? Не жетіспейді? Неге әлем және олимпиада чемпиондары шықпады аз? Олқылықты қалай түзеуге болады?
– Елімізден әлем және Олимпиада чемпиондары шықпады деген пікірмен келіспес едім. Мәселен, Баландиннен бөлек Қызылжар қаласының тұрғыны Поляков Владислав деген жүзушіміз 2006 жылы Доха қаласында 200 м брасс әдісімен жүзуде әлем чемпионы атағын жеңіп алды, ал 3-орынды қарағандылық Рыжков Евгений алып, қос қазақстандық спортшыларымыз еліміздің атын шығарды. Оған қоса, бүгінгі күнде Нұр-Сұлтан қаласының жас спортшысы Әділбек Мусин Римдегі (Италия) іріктеу турнирінде баттерфляй әдісімен жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстанның рекордын жаңартты. Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының жас спортшылары қараша айында Беларусь астанасы Минск қаласында өткен үлкен халықаралық ашық турнирде өте мықты нәтижелер көрсетіп, тек алтынмен оралды. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» деп бекер айтпаған. Озық елдермен терезе теңестіріп, еліміздің атын шығаратын жаңа чемпиондарды дайындайтын, бәсекеге қабілетті білікті мамандар қатарын арттырғымыз келсе, жаттықтырушыларға тиісті жағдай жасалуы қажет.
– Жаттықтырушы демекші, жүзу бойынша бапкерлердің біліктілігін жетілдіру қалай жүзеге асады? Біздегі мамандардың деңгейі қандай?
– Еліміздің жүзу федерациясында 2013-2016 жылдар аралығында арнайы жаттықтырушы Дмитрий Манцевич шақыртылып, жүзу техникасы мен арнайы әдістермелері бойынша бірқатар курс өткізілді. Дмитрий Манцевич әлем бойынша көптеген олимпиада чемпиондарын жаттықтырып, еліміздегі жүзу бапкерлерінің тәжірибесі мен кәсіби деңгейін арттыруға құнды кеңестерін берді. Дмитрий Баландиннің 2016 жылы Олимпиада чемпионы атануында осы курстардың елеулі үлесі барын атап өтейін. Осындай ауқымдағы іс-шаралар бапкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы қажетті әрі маңызды қадам болып табылады. Жалпы, бапкерлердің деңгейі әртүрлі. Барлық бапкерлердің деңгейлерін дөп басып айта алмаймын, алайда кәсіби бапкерлерге деген сұраныс жоғары. Сонымен қатар қаладағы бапкерлер мен ауыл-аймақтардағы бапкерлердің деңгейлерін салыстыру қиын, себебі оларға бірдей жағдай жасалмаған. Осы орайда, жүзу бойынша бапкерлердің деңгейін арттыруға өз үлесімді қосу мақсатында жақын арада Түркістан аймағындағы Шаян ауылының спорт мектебіне әдістемелік мастер-класс жүргізу үшін іссапарға аттанамын.
– Ал қазір қызмет етіп жүрген олимпиадалық даярлау орталығының әлеуеті қалай? Бағдарламалары қалай? Қай бағытта жұмыс істеліп жатыр?
– Жалпы Нұр-Сұлтан қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығының қарамағында «Сарыарқа» республикалық велотрегі» және «Қазақстан» спорт кешені бар. Қазіргі сәтте мен «Қазақстан» спорт кешенінде жаттықтырушы болып қызмет етемін. Олимпиадалық даярлау орталығы еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға зор үлесін қосып жатыр. Біздің орталығымыздың бассейндерінде 6 жасқа дейінгі балалар тегін жүзеді және көп балалы ата-аналар тиімді бағамен жаттықтырушыдан сабақ ала алады. Осы орталықта жастайынан спортпен шұғылданып жүрген балалар болашақта арнайы спорт мектептеріне түсіп, олимпиада ойындарына дайындалуға мүмкіндігі бар. Менің ойымша, мұндай мүмкіндік жас спортшылар үшін болашақ кәсіби спорттық мансаптың негізі болып табылады. Жалпы орталығымыздың бассейндерінде балалар мен ересектер елорда бойынша ең арзан бағада жүзумен айналыса алады. Жақында олимпиадалық даярлау орталығының қолдауымен балаларға арналған «Жүзден жүйрік-2022» суда жүзу жарысы тегін әрі жоғары дәрежеде өткізілді. Жоспар бойынша алда олимпиадалық даярлау орталығының осындай ауқымдағы іс-шаралары саны мен сапасы жағынан тек арта түспек.
– Ата-аналардың және балалардың қызығушылығы қалай? Қазақ балалары да әлемдік деңгейде өнер көрсете ала ма? Физикамыз, менталитет келе ме? Бокс пен күрес қана емес, жүзуден де чемпиондар толқынын шығару үшін не істелу керек?
– Ата-аналардың жүзуге деген қызығушылығы арта түсуде. Өйткені қазіргі күнде әр ата-ана жүзудің денсаулыққа тигізер пайдасы орасан зор екенін біледі. Ата-аналар мен балалардың су спорты мен жүзуге деген сұраныстарының күн өткен сайын өсуі, әрине, бізді қуантып отыр және біздің тарапымыздан осындай сұранысты қанағаттандыру мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Қазақ балаларының әлемдік деңгейде өнер көрсете алары күмәнсіз. Бұл жерде менталитет пен физикадан гөрі, жігер мен талпыныстың атқаратын рөлі көбірек. Әлемдік деңгейде чемпионды жынысы, ұлты немесе сырт келбетіне қарап таңдамайды, тынымсыз жаттығуларының арқасында көрсеткен нәтижелеріне қарап таңдайды. Еліміздің Айғалиева Эльмира, Қасқабай Әділ, Камзенов Әйбек, Мусин Әділбек тәрізді әлемдік деңгейде танымал болып жүрген жүзуден чемпиондарымыз осыған керемет үлгі бола алады.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Анықтама: Дәулет Исмағұлов Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. Алматыдағы олимпиадалық резерв спорттық мектебінде білім алды және оқушы кезінде жүзуден спорт шебері атанды. Кейін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдады. Алматы және Нью-Йорк қалаларында жаттықтырушы болып жұмыс істеді.
Сұхбаттасқан – Аслан ҚАЖЕНОВ, «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығының маркетинг бойынша инспекторы