Алматыда БАҚ өкілдері белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхановты еске алды
Алматыдағы «Хан Тәңірі» стадионында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті.
«Шіркін, Зидан қазақ болғанда ғой!», «Ан мықты ма? Кан мықты ма?», «Гол кірмесе кірмесін, тек Дюгарри аман болса екен», «Бір голдың болатыны сөзсіз бүгін, дәл қай минутта екенін айта алмаймын», «Барысша атылып, кенеше жабысты», «Түйенің қос өркешіндей жарасып келе жатқан Фло мен Каннаваро», «Қырық жыл қорғаныста ойнаппыз. Мүмкін шабуылдау керек пе еді?», «Былай қарасаң екі қол, екі аяқ біздің де футболшыларда бар, иә?», «Аюдың апанындай қақпа тұрғанда алақандай ғана маңдайшаға тигені несі депті ауылдағы бір апамыз», «Ойбай-ау, Мұхтархан ұйықтап жүріп осылай бокстасса, ұянып кетсе онда не болады?»…
Көптеген дүбірлі додалардан тікелей репортаж жүргізген атақты спорт комментаторы Амангелді Сейітхановтың осы секілді көптеген қанатты сөздері әлі күнге дейін жакүйерлердің жадында. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде бастаған ол сол кездің өзінде-ақ ойлы, зерделі, салмақты, салиқалы мақалаларымен өз оқырмандарын баурап алды. Студенттік шағында айтыскер ақыны ретінде танылды. Кейіннен «Қазақстан» мен «Хабар» арналарында еңбек етті. Комментор ретінде өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Амангелді ағамыздың сол кезде айтқан керемет теңеулері мен өрелі ой-пікірлерін әлі де сағынып жүрген жайымыз бар. Міне, сол абзал азамат былтыр 53 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.
Сейітхановтардың отбасы және Жандос Айтбай бастаған Амангелді Муатқанұлының бір топ шәкірттері бас қосып, өткен аптаның аяғында Алматыдағы «Хан Тәңірі» стадионында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнирдің тұсауын кесті. Оған еліміздің сегіз өңірінен келген 16 команда қатысты. Жарысты «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли ашты. Топтық турнир аяқталғаннан соң бағы жанған сегіз ұжым плей-офф сайыстарында шеберлік байқасты. Бұл тартыс құрамында Ришат Тұрғанбайұлы, Самат Есентайұлы, Есболат Айдабосын, Асыл Сұлтанғазы, Айдар Қалиев, Аршын Айдынбекұлы, Серік Қантаев сынды сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандары бар Талдықорғанның «Қарекет» командасының жеңісімен аяқталды. Финалда олар «КТК» арнасынан 2:0 есебімен басым түсті. Қола медальді «Экспресс К» газетінің ұжымы иеленді. Үшінші орын үшін өткен бәсекеде олар Нұр-Сұлтанның «Хабар» командасын 2:1 есебімен ұтты.
– Амангелді Сейітханов пен Бейсен Құранбек тек сыйлас әріптестер ғана емес, ажырамас дос та еді. Еңбек жолын олар «Спорт» газетінде бірге бастады. Кейіннен теледидардан жарқырап көрінді. Өкінішке қарай, асыл ағаларымыз өмірден ерте озды. Екеуі де нағыз кемелденген шағында келместің кемесіне мінді. 2020 жылы Бейсен Құранбек бақилық болғаннан соң артынан ерген іні-шәкірттері сол кісінің атынан команда құрып, оны «Қарекет» деп атадық. Қысқа ғана мерзім аралығында біздің жігіттер БАҚ өкілдері арасында өткен Алматыдағы екі бірдей турнирде топ жарып, тағы бірнеше доп додасында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Міне, енді Амангелді Муатқанұлын еске алуға арналған жарыста Бейсен Абайұлы атындағы команда бас жүлдені олжалады, – деп жеңімпаз команданың капитаны Ришат Тұрғанбайұлы тебірене сөйледі.
Бас жүлдені олжалаған командаға 200 мың теңге табыс етілсе, финалда жеңілгендер 150 мыңды еншіледі. Қола медальдің иегерлері 100 мың алса, төртінші орынға тұрақтаған ұжым 50 мың теңгені иемденді. Жарыс қорытындысы бойынша мына журналистер үздік деп танылды: Қақпашы – Самат Есентайұлы, қорғаушы – Дәурен Берікқажы, шабуылшы – Айтбай Жұмағұл, ойыншы – Срайл Смайыл. Олар да ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, бірқатар БАҚ өкілдеріне Амангелді Сейітханов жайында жазылған «Жеңісті күндерде жүздескенше» атты кітап табыс етілді.
Осы жарысты тамашалауға келгендер арасынан Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы, республикалық гандбол федерациясының президенті Гүлнар Тұрлыханова, ардагер спорт журналисі Рабат Жәнібеков, айтыскер ақын Дидар Қамиев және тағы басқа елеулі тұлғалар болды.