Теннис

Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирінің үшінші айналымына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирінің үшінші айналымына шықты.

Франция ашық чемпионатының 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 135-орында тұрған 20 жастағы америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі. Бұл олардың өзара бірінші кездесуі еді. Бірінші партия соңына таман Е.Рыбакина брейк жасап, таразы басын өзіне аудара білді – 6:4. Екінші сетте қарқынын тіпті үдетіп, қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Өткен жылы «Ролан Гаррос» жарысының ширек финалына дейін жеткен

Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, америкалық Мэдисон Киз немесе рейтингте 79-сатыдағы франциялық Каролин Гарсияның біреуімен кездеседі.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Ол бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге 1 сағат 52 минутқа созылған тартысты матчта жапониялықтар Эри Ходзуми – Макото Ниномияны 4:6, 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Данилина мен Майя екінші айналымда тайбэйлік Латиша Чань – австралиялық Саманта Стосурды сынап көреді.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик жекелей сында жарыс жолынан шығып қалды. Ол екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецмановичпен ойнады. Осыған дейін екі кездесуде қарсыластар бір-бірден жеңіске жеткен еді. Бұл жолы А.Бублик матчты сәтті бастады – 6:4. Алайда қалған үш сет М.Кецмановичтің еншісінде кетті – 7:5, 6:2, 6:1.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Андрей Голубев екінші айналымнан аса алмады. Ол франциялық Фабрис Мартенмен бірге доданың 16-ракеткалары, үндістандық Рохан Бопанна – нидерландылық Матве Мидделкопқа жол берді – 3:6, 4:6.

Басқа жаңалықтар

Back to top button