Таеквондо
Қазақстандық таеквондошылар Austrian Open-де үздік үштікке енді
Инсбрукте (Австрия) таеквондодан халықаралық Austrian Open турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Қазақстан таеквондо федерациясының баспасөз қызметі.
Батырбек Еставлетов баптайтын ұлттық құрама медальдік есепте үздік үштікте енді. Отандық спортшылар екі алтын, бір күміс және төрт қола медаль иеленді. Аламанда 46 келідегі Рита Бакишева мен 58 келінің өкілі Жасур Исраиловке тең келер ешкім табылмады. Ал 63 келіде өнер көрсететін Әділет Базарбаев екінші орынға тұрақтады. Елжан Елшібай (58 кг), Сапарғали Әбдірашев (63 кг), Рахым Әділханов (80 кг) пен Руслан Жапаров (+87 кг) қола медаль иесі атанды.
Естеріңізге сала кетейік, жарыстың алғашқы күні Мырзағали Суранов шәкірттері халықаралық аламанда 20 медальмен (7 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль) жасөспірімдер арасында жалпы есепте көш бастаса, жастарымыз 8 жүлде алды – 4 алтын, 3 күміс пен 1 қола.