Шымкентте баскетболдан бойжеткендер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр
Шымкентте баскетболдан бойжеткендер арасындағы ел чемпионаты басталды.
Біріншілікке Шымкент қаласынан бөлек Нұр-Cұлтан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Ақтөбе облыстарынан келген командалар да қатысуда.
Маусым Қостанай мен Атырау арасындағы ойынмен ашылды. 40:29 нәтижесімен қостанайлықтар жеңіске жетті. Одан кейін Нұр-сұлтан қаласының ойыншылары жергілікті спортшыларды 52:26 есебімен тізе бүктірді. Түркістан — Ақтөбе арасындағы матчта да дәл осындай көрініс — 52:32. Ал ең ірі есеп Ақмола облысы мен Леңгір қаласының командалары арасындағы кездесуде тіркеліп, ақмолалықтар қарсыластарын 88:15 есебімен ойсырата жеңді.
Сондай-ақ бойжеткендермен қатар Шымкентте 2008-2009 жылғы қыздар арасындағы ел біріншілігі де қатар өтіп жатыр. Бірінші ойын күні Павлодар облысының баскетболшылары түркістандық қарсыластарын 78:46 есебімен жеңсе, Алматы облысының қыздары паркет иелерінен 10 ұпайға артық жинады. Есеп — 64:54.