Қазақстандық регбиші қыздар Португалиядан олжалы оралды
Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Португалияда өткен ALGARVE SEVENS турнирінің күміс жүлдегері атанды.
Турнирге Португалияның командаларынан бөлек Франция, Англия, Испания, Гонконг құрамалары және Еуропаның басқа да елдері қатысты. 12 ұжым жиналған турнирде Анна Яковлева жаттықтыратын Қазақстан қыздары үздіктер тобында өнер көрсетті. Өз тобында алдымен дәл осы турнирдің 2019 жылғы жеңімпазын оңай жеңген жерлестеріміз одан кейінгі ойындарды да сәтті өткізіп, еш қиындықсыз финалға шықты. Алайда чемпиондық кездесуде Франция аруларынан жеңіліп, күмісті қанағат қылды. Есеп – 14:17.
Анна Яковлева, регби 7 әйелдер құрамасының бас бапкері:
– Күзде бізді Азия чемпионаты күтіп тұр. Жылдың ең маңызды турнирі сол. Қазірден бастап дайындықты жан-жақты пысықтап жатырмыз. Өкінішке қарай, осы турнирде сары құрлықтағы басты бәсекелесіміз Гонконгпен кездесе алмадық. Олар басқа топта болды. Дегенмен командамызды тағы бір турнирде шыңдай алдық.