Елорда кубогы: Қазақстан құрамасы 43 медаль жеңіп алды
Елордамызда өткен бокстан Елорда кубогы халықаралық турнирі ел боксшыларының үстемдігін көрсетті.
Барлығы 43 медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасының 23 боксшысы финалда жұдырықтасып, 16-сы жеңімпаз атанды. Кейбір салмақ дәрежелерінде үздіктер қазақстандық финалдарда анықталды. Мәселен, 60, 63.5, 67 және 92 келі салмақ дәрежелерінде көрермен қазақстандық финалдарды тамашалады. Ал әйелдер арасында қытайлықтар үстемдік танытып, 60 және 81 келі салмақтарда Аспан асты елінің өкілдері «өз финалдарын» өткізді.
Сонымен, Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзовалар Қазақстанның ғана емес, әлемнің де үздіктері екендіктерін кезекті рет дәлелдеді. Соның ішінде ерлер құрамасындағы капитанымыз Асланбек Шымбергенов 67 келідегі әлем чемпионы жапон Севон Оказаваны жеңді. Бас бапкерлер Қайрат Сәтжанов пен Шәміл Сафиуллиннің басқа боксшылары да керемет жекпе-жектерін көрсетті.
Елорда кубогы халықаралық турнирі 29 маусымнан 4 шілдеге дейін жалғасты. Тұңғыш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, төрткүл дүниенің кіл мықтылары жиналғандықтан, турнирге қатысушылар бұл доданы «Кіші әлем чемпионаты» атап кетті. Турнир ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, Қазақстан бокс федерациясының, Sport Qory спортты қолдау қорының, «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен ұйымдастырылды. Ақпараттық демеуші – QAZSPORT телеарнасы.
Финалдық ойындарды тамашалауға Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев келді. Олар сосын марапаттау рәсіміне де қатысты.