Баскетбол

Баскетбол: Қазақстан ерлер құрамасы әлем кубогының екінші кезеңіне өтті

Баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы 2023 жылы өтетін әлем кубогының іріктеудің бірінші айналымындағы соңғы ойында Бахрейннен жеңіліп қалды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде болған ойынның есебі – 51:62 (24:29, 5:28, 10:12, 12:13).

Матчтың үздік ойыншылары: Дмитрий Гаврилов — 10 ұпай, Олег Балашов — 10 ұпай, Рүстем Мырзағалиев- 9 ұпай.

Бұған қарамастан Ұлттық құрама D тобында 1-орын алып, іріктеудің 2-айналымына жолдама алды. Енді біздің баскетболшылар 12-24 шілде аралығында Индонезияда өтетін Азия Кубогына дайындалады. Осыдан кейін 2-іріктеу айналымының кездесулері өтеді. Бұл жолда 25 тамызда өз алаңымызда Қытай, ал 29 тамызда түзде Жапония құрамасымен шеберлік байқасамыз.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірде іріктеудегі алғашқы ойында Қазақстан түзде Бахрейнді 48:95 есебімен ойсырата жеңген еді. Жалпы оған дейін екі құраманың жолы тек бір-ақ рет түйіскен. 2013 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан жеңісті овертаймда жұлып әкеткен болатын. Есеп: 79:76. Қазір біздің құрама Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) рейтингінде 68-ші, Азияда 10-орында тұр. Ал Бахрейн FIBA-да 106-шы, сары құрлықта 21-ші сатыда.

Іріктеудің 1-айналымына шолу:

Айта кетейік, былтыр 31 тамыздағы жеребе қорытындысы бойынша Азиядағы 16 құрама Әлем Кубогына берілер жолдаманы сарапқа салу үшін 4 топқа бөлінді. Назарларыңызға D тобындағы Қазақстан құрамасының ойындар нәтижесін ұсынамыз:

2021 жылғы 26 қараша — Қазақстан vs Сирия — 84:74

2021 жылғы 29 қараша — Сирия vs Қазақстан — 71:81

2022 жылғы 24 ақпан — Иран vs Қазақстан — 69:73

2022 жылғы 27 ақпан — Бахрейн vs Қазақстан — 48:95

2022 жылғы 1 шілде — Қазақстан vs Иран — 68:60

2022 жылғы 4 шілде — Қазақстан vs Бахрейн.

Іріктеудің 2-айналымы қалай өтеді?

Енді әр топта соңғы орын алған құрама бұл айналымға өтпейді. Ал қалған 12 құрама (топта 1-3 орын алғандар) 2 топта бөлінеді. Сөйтіп бір-бірімен (үйде-түзде) қайта ойнайды. Матчтар биыл тамыз бен қарашада және 2023 жылғы ақпанда өтеді деп жоспарланған. Айта кетейік, 1-айналымда кездескен құрамалар қайтадан бір топқа түскенімен бұл жолы қайта ойнамайды.

Басты бәсеке жайлы

Баскетболдан 2023 жылғы Әлем Кубогы – Халықаралық баскетбол федерациясы ұйымдастыратын ерлер арасындағы 19-шы әлем чемпионаты. Бәсекені 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында бірден 3 мемлекет – Индонезия, Жапония мен Филиппин өткізеді. Осымен әлем чемионы атағы 2-рет жаңа жүйе бойынша сарапқа салынбақ. 2019 жылғы жеңімпаз Испания құрамасы. Қазақстан құрамасы осыған дейінгі – 2019 жылғы Әлем Кубогына іріктеуде топта 2-орын алып, 1-айналымынан өткенімен, 2-айналымда 5-сатыдан көрініп, финалдық кезеңге қатыса алмады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button