Басқа спорт түрлері

Қазақстан құрамасы XI Дүниежүзілік ойындарға аттанды

Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде АҚШ-тың Бирмингем қаласында өтетін XI Дүниежүзілік ойындарға Қазақстан делегациясын шығарып салу рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры Маратбек Мықтыбеков пен делегация мүшелері қатысты.

Самат Ерғалиев кикбоксингтен әлем чемпионы Шыңғысхан Тлемісовке Мемлекеттік туды табыстап, ел намысын қорғайтын барлық спортшыға сәттілік тіледі.

«Сіздер мұхиттың ар жағындағы өтетін жарыста Қазақстанның көк туын биікте желбіресіздер деп сенемін. Сіздердің әр жеңісіңіз жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлайды. Араларыңызда Дүниежүзілік ойындарға бірнеше рет қатысқан спортшылар бар. Сондықтан біз сіздерге зор сенім артамыз»,-деді.

Сондай-ақ салтанатты жиында қазақстандық спортшылардың Дүниежүзілік ойындармен қатар VI Ислам Ынтымақтастығы ойындарында киетін арнайы киімі таныстырылды.

Ұлттық құрамаға арналған киімнің авторы, дизайнер — Зәуре Құрымбаева. Unica pro бренді осыған дейін де отандық спортшыларға арнап, бірнеше рет киім тіккенін айта кету керек. Жоба авторларының айтуынша, спортшылар киімін тігу кезінде барлық ұсақ-түйек ескеріледі. Ал материалдар Оңтүстік Корея және Түркиядан арнайы алдырылған.

Айта кетейік, XI Дүниежүзілік ойындар АҚШ-тың Бирмингем қаласында 7-17 шілде аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы 8 спорт түрінен 16 атлет апарады. Олар кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг, WKF каратэден жүлдеге таласады. Ал биылғы ислам елдерінің бәсекесін тамыз айында Түркияның Конья қаласы қабылдамақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button