Дәурен Абаев: Олимпиадаға дайындық жұмыстары басталды
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Іс-шараға Ұлттық олимпиада комитеті, спорт федерацияларының басшылары, және мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.
Министр спортшыларды даярлау жүйесінде түйіткілді мәселелер бар екенін айтты және оларды шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, Үкімет тарапынан спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесі әзірленді. Биыл Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздегі 25 жеңіл атлетикалық манеждің тек бірнешеуі ғана жалпы талаптарға сай екенін айтты. Ал 367 жүзу бассейнінің тек екеуінде халықаралық талаптарды ескере отырып жарыстарды өткізуге болады.
Министр Ұлттық құрама командалар мүшелерін даярлауды қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Шілде айынан бастап республикалық спорт колледжі базасында күрес түрлері бойынша жаттығу орталығының жұмысы пилоттық режимде іске қосылса, К.Ахметов атындағы республикалық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі базасында Дзюдо академиясы ашылды.
Тағы бір жаңалық – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап 2024 жылға дейін спорт төрешілерінің жұмысына ақы төлеу кезең-кезеңімен 100%-ға артады. Спорт саласында төрешілерге ақы жарыстың әр күні үшін төленеді. Биыл ақы көлемі 2600 теңгеден 8000 теңгеге дейін, ал 2023 жылы – 13 мың теңгеге дейін, 2024 жылы – 17 мың теңгеге дейін көбейетін болады.
Бұдан басқа, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері және олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарын дайындаған жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету мөлшері 24 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Яғни, олар енді ай сайын орташа есеппен 73 мың теңге емес, 318 мың теңге алып отыратын болады.
Сондай-ақ министр Дәурен Абаев кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.