Мадридтің «Реалы» жұлдызы жанған немесе болашағынан үміт күттіретін бразилиялық ойыншыларды қатарына қосуға құмар. Мысалы, қазіргі кезде корольдік клуб сапында Родриго, Милитао, Винисус, Каземиро секілді ойыншылар жүр. Ал оған дейін де талай бразилиялық футболшылар өнер көрсеткен. Мысалы, солардың бірі қорғаушы – Сисиньо.
Бірақ бұл талантты ойыншының бар қабілетін толық көрсетуге ішімдік кедергі келтірген. Алкогольге деген құмарлығы түбіне жетті. Мұны футболшының өзі жақындап айтып берді. Көптеген құпияның бетін ашты.
«Мен «Реалда» жүргенде жаттығуға мас күйімде баратынмын. Тыныс алуымды реттеу үшін кофе ішемін, иіс шықпау үшін парфюм себемін. Бұл сол кезде оңай еді. Маған ішімдік алып ішу үшін ақша керек емес еді. Адамдар мейрамханада өздері-ақ қуана-қуана тегін ұсынатын», – деп еске алды бразилиялық.
Ол алкогольге бала кезден құмар болды. Ішімдік спорттық карьерасының быт-шытын шығарып, өмірін де құртты деуге болады. Сисиньо кемі 20 жыл күніне 10 құты сырадан ішкен.
Сисиньо 13 жастан ішімдік пен темекіге әуес болған
Футболшының өмірінде 2005 жыл алтын әріптермен жазылары анық. Өйткені Жоао төрт маусымның ішінде «Ботафого» командасының жастар командасынан Бразилия құрамасының жұлдызы болуға дейін жетті. Алдымен «Атлетико Минейро» клубының ойыншысы атанды. Сол тұста бұл команданың оң қапталдағы қорғаушысы Мансини Италияның «Рома» командасына ауысқан. Орнына Сисиньоны алды. Кейін ол «Сан-Паулудың» жейдесін киіп, 2005 жылы Конфедерация кубогында өзінің кумирі Кафудың орнын басады.
Германиядағы турнир оң қапталдағы қорғаушының Еуропаға келуіне трамплин болды десек, қателеспейтін шығармыз. Ол сол додадағы бес ойынның төртеуінде негізгі құрамда өнер көрсетті. Тек жартылай финалда Германиямен кездесуде Майконға орнын босатып берді. Финалдағы Аргентинамен кездесуде Роналдинь MVP атанды. Бірақ үздіктердің бірі Сисиньо болғаны жасырын емес. Жоао үш нәтижелі пас шығарып, мамандар мен жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Осыдан соң топ-клубтар өздері хабарласа бастады.
Қорғаушы кумирі Кафу секілді «Миланда» ойнағысы келген. Бірақ еуропалық клубтардың арасында фаворит «Манчестер Юнайтед» еді. Бразилиялық ойыншыны сол кездегі бас бапкер Алекс Фергюсон қатты қалаған. Сисиньо 30 жастағы Гари Невиллдің орнын басу тиіс болған. Агенті Жулиано Леонельмен бірге Манчестерге соңғы келіссөз жүргізу үшін келеді. Алайда қол қоятын сәтте ол кетіп қалады. Тіпті бұл жағдай оның өзіне күтпеген оқиға болды. Өйткені соңғы сәтте «Реал» шақырып алады. Былтыр Сисиньо осы жағдай үшін Фергюсоннан кешірім сұрады.
«Бүгін менің «Реал» сапына ауысқаныма 16 жыл толды. Сэр Алекс кешіріңіз. Ол кезде маған Роберто Карлос хабарласты. Оған жауап беруім керек болды. «Галактикостың» қатарына қосыласың ба деп сұрады. «Манчестер Юнайтедке» ауыссам да жаман болмас еді. Алайда Роналдо, Зидан, Фигу, Бекхэм, Робиньо, Раул, Касильяс, Жулио Баптиста, Рамостармен бірге жаттығудан қалай бас тартасың?» – деп жазды Сисиньо.
Бразилиялықтың ойын деңгейі «Реалға» сай келді. Бірақ іштей топ-клубқа дайын емес еді. Мадридте қысым көп. Ол жағы айтпаса да түсінікті. Медианың назары, көп ақша, селебрити-достар бар. Бірақ ол үшін бірінші кезекте көңіл көтеру мен алкоголь тұрды.
«Бекхэм, Зидан және Фигу нағыз темірдей тәртіпке бағынған кәсіпқойлар. Ал Роналдо мен Роберто Карлос түнімен көңіл көтеретін. Роналдоның туған күні есімде. Ол отырысқа қыздарды автобуспен әкелді. Мен әйеліммен жүргендіктен бірден кетіп қалдым», – деген еді кезінде Иван Эльгера.
Мұндай көңілді кештерді Робиньо, Роберто Карлостар қатты ұнататын. Мысалы, таңғы астың орнына сыра, кешке шарап ішетін. Бразилиялық ойыншылар жеке ұшақпен жүретін. Маңызды ойындар жақындаған кезде олар сенбі-жексенбі қалай демалатындарын ойлап тұратын.
Осындай өмір ағыны Сисиньоны Кафудың ізбасары деген аттан айырды. Алкогольге деген құмарлығы карьерасының төменге қарай құлдырауына әсер етті.
Негізі жақсы отбасында өскен. Дегенмен айналасындағы достары осындай жаман әдеттерге жақын болды. Бала кезден темекі мен арақтың айналасында жүрді. Тек оны бұл ортадан алып шыққан таланты еді.
«Алғаш рет алкогольді 13 жасымда іштім. Содан бері тоқтамадым. Жексенбіде клубта және алаңда көңіл көтеретінбіз», – дейді Сисиньо.
Ол ата-анасы мен полицейдің алдында ешқашан ұсталмағанына таңқалады. Мадридтегі папарацциге де түсе қоймаған. Журналистер бразилиялық ойыншыны бір рет қана мас күйінде көрген.
«Мадридке келгенімде басым айналды. Жетістігім күн санап өсе бастады. Барлығына ие болғым келді. Барға келіп, даяшыға барлық ішімдікті әкел деп айтатынмын. Сосын барлығын ішуге тырысатынмын», – дейді Сисиньо.
Жоаоның осыдан соң көп нәрсеге құлқы болмайды. Ішімдік ішіп жүріп, негізгі құрамда ойнайды. Бас бапкер бұл туралы білмейді. Ұстатпай жүргеніне мәз. 2006 жылғы әлем чемпионатында 36 жастағы Кафудың көлеңкесінде қалуы да көңіл күйін түсірген жоқ.
«Роналдо, Карлос, Зидандармен танысып, кейін әлем чемпионатына шақырту алғанда «Жетістіктің шыңына жеттім. Енді басқа не ойлауға болады?» деген ой келді. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ләззат алып, демалатын кез келді деп ойладым. Барлығын жеңдім деп жүрдім. Егер Зидандар секілді кәсіби маман болғанымда ұлттық құрамада негізгі құрамға таласар едім. Бірақ мен беріліп қойдым», – дейді Сисиньо.
Ол 2006 жылдан кейін ұлттық құрамаға шақырылған жоқ.
Үш рет тізе жарақатын алды
Мадридтегі көңілді кештер тізе жарақатымен аяқталды. Бразилиялық алты айдан соң қатарға қосылды. Бірақ ол тұста негізгі құрамда орын болған жоқ. Оң қапталда Серхио Рамос пен Сальгадо ойнап жүрді. Сисиньо тіпті Икер Касильястің әдейі Мичель Сальгадоға вице-капитандықты ұсынғанын іштей сезді. Өйткені сол кезде алаңға жиі шығатын болады.
Командадағы бразилиялықтар мен испаниялықтар арасында жік шыға бастады. Латын Америкасынан келген испандар қызғанады деп санады.
«Роналдо бір рет сәтсіз ойын көрсеткен. Сол кезде журналистер Рауль Роналдодан әлдеқайда мықты деп жазды. Раульге Роналдоға жету үшін өмірге үш рет қайта келу керек», – деді Жоао.
Ол тек сырамен шектелмеді. Ішімдіктің түр-түріне әуес болды. Ал сыраны күнделікті шелектеп ішу қалыпты жағдайға айналады.
«Мен кешке ғана емес, кез келген уақытта іше беретінмін. 20 жыл бойы күніне 10 бөтелке сыраны тауысып тастайтынмын, – деп еске алады Сисиньо.
Кейін футболшы Мадридке керек болмай қалды. Сосын Италия чемпионатына ауысты. Римнің атақты командасы «Романың» жейдесін киді. Алғашында бәрі тәуір басталған. Қанша көп ішсе де, негізгі құрамда ойнап жүрді. Бірақ жарақат барлығының күл-талқанын шығарды. 2009 жылы қорғаушы тағы да оң жақ тізесінен жарақат алады.
«Дәрігер бұдан кейін ойнай алмайтынымды айтты. Бұл жағдай көп нәрсені ой елегінен өткізуге итермеледі», – дейді Сисиньо.
Бұл кезде жасы 29-да болса да, ата-анасынан алкогольге деген жақындығын жасырған.
Жарақатынан емделу үшін Бразилияға барады. Таңғы физиопроцедурадан кейін бірден ішімдікке жүгіретін. Футболшы шулы кештерді сағынды. Бірде анасының туған күніне 200 адам жиналады. Оның жартысын өзі де танымайтын болып шығады. Өйткені олар бөтелкелес достары еді.
Сисиньо ішімдіктен бөлек, темекіге де әуес болды. Мұндай әуестік «Ботафого» клубынан бері қалыптасқан. Футболшы негізі ішкенде ғана шегетін. Ал күніне көп ішкендіктен темекінің де біразын тартып үлгереді. Күніне екі қорап темекіні оп-оңай тауысатын. Сосын кейін есірткіге де қызығушылығы артады. Бірақ өз-өзін тоқтады. Өйткені есірткіге жоласа, допингпен ұсталатынын білді. Ол сол кезде карьерасын аяқтағысы келген жоқ.
Өз-өзіне деген сенім мен махаббат құтқарды
Римде ол жақсы жаққа қарай өзгерді. Достарымен қыдырып жүргенде Марри есімді қызбен танысады. Марриге Сисиньоның ішімдікке әуестігі ұнамайды. Сөйтіп қалыпты өмірге оралтып, алкогольге деген құмарлығын тоқтатады. Футболшы 10 жылдан бері аузына татып алмайды. Сосын дінге деген сауаты ашылып, құдайға құлшылық ететін болған.
«Сыраны кезінде жәшіктеп іштім. Ал кейін бір күнде бәрін тастап кеттім. Мұндай жан-рахатын сөзбен айту қиын. Бұрынғы Сисиньо мен қазіргі Сисиньоның айырмашылығы жер мен көктей. Құдаймен кездескенде адам бәрін түсінеді», – дейді футболшы.
Қазір «Реалдың» экс-жұлдызы Бразилияда тұрып жатыр. Ол соқ жақта жергілікті тұрғындарға оқу орталығын және ескерткіге әуес жандарға оңалту орталығын ашқан. Сисиньо өзі осындай қиындықтан өтті. Сондықтан мұның зардабын жақсы түсінеді.
Дайындаған
Бек ТӨЛЕУ