Қазақстан Дүниежүзілік ойындардан 4 медаль жеңіп алды
Бүгін АҚШ-тың Алабама штатындағы Бирмингем қаласында XI Дүниежүзілік ойындар аяқталды.
Қазақстан құрамасы мұхиттың арғы бетіне 8 спорт түрінен 16 спортшы апарған. Нәтижесі де жаман болмады. Жалпы 4 медаль (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) жеңіп алдық. Командалық есепте Қазақстан Португалиямен бірдей 37-сатыға тұрақтады.
Осы тұста АҚШ-тағы додадп барлығы 73 ел жүлдеге қол жеткізгенін айта кетейік.
Каратэден Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева жарыстың екінші күні өз салмағында қарсылас шақ келтірмеген еді.
Ал джиу-джитсудың неваза түрінен сынға түскен Галина Дуванова мен муай-тайдан 2 дүркін әлем чемпионы Алмаз Сәрсембеков ақтық сында сүрінді. Сондай-ақ спорттық акробатика түрінен Даниэль Диль мен Вадим Шуляр жұбы үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстан Дүниежүзілік ойындарға алғаш рет 1993 жылы қатысқан. Ол кезде Нидерланд Корольдігінің Гаага қаласында өткен. Сол сында бізге 1 алтын, 1 күміс пен бір қола бұйырған. Ал ең нәтижелісі 2017 жылы Вроцлав қаласында (Польша) өткен ойындар болды. Бұл додада 27 спорт түрінен сынға түскен қазақстандықтар 1 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль еншілеген.
Естеріңізге сала кетейік, Бирмингемде әлемнің әр елінен келген 3500-ден астам атлет 34 спорт түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салды. Соның ішінде қазақстандық спортшылар 8 спорт түрі – кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг, WKF каратэден жүлдеге таласты.
Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бастап 4 жылда бір рет, олимпия ойындарынан кейінгі жылы ұйымдастырылады. Дүниежүзілік ойындар 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қол астына көшті.
Әуелі тек олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен өтетін. Бертін келе 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері қосылды. Мәселен, Бирмингемде көркем гимнастика, садақ ату, құзға өрмелеу сынды олимпиадалық спорт түрінен жүлде сарапқа салынады. Ал лакросс, каноэ-марафон, дрон жарыстыру, кикбоксинг, брейк-данс, паркур мен арқан тартыс секілді спорт түрінен алғаш рет Дүниежүзілік ойындарда жарыс өтеді.