Андрес Иньеста. Ол футболдан кеткен жоқ. Негізгі табысы сүйікті спортымен байланысты: жылына 30 млн доллар. Бұдан бөлек Иньестаның шарап, аяқ киім және крипта секілді кәсіптері бар. Иньестаның жапонның «Виссел Кобе» клубымен 2023 жылға дейін келісімшарты бар.
Күншығыс еліндегі нәтижелері де тәп-тәуір. Алаңға негізгі құрамды шығады, гол соғады, нәтижелі пас береді. 2019 жылы Жапония кубогында топ жарса, 2020 жылы Суперкубокта үздік шықты. Түрлі бағыттағы бизнесі де табысты жұмыс істеп жатыр.
Иньестаның J-лигадағы нәтижелері:
2018: 14 матч, 3 гол, 3 нәтижелі пас
2019: 23 матч, 6 гол, 6 нәтижелі пас
2020: 26 матч, 4 гол, 6 нәтижелі пас
2021: 23 матч, 6 гол, 4 нәтижелі пас
«Виссел Кобемен» келісімшарт 2018 жылы жасалды. Испаниялықтан Қытайдың «Чунцинь Лифань» клубы да үмітті болып еді. Дегенмен жапон клубының президенті әрі Rakuten бас директоры Хироши Микитани бәсекелестерінің алдын орап кетті. Себебі Андрестің сәтті инвестиция екенін жақсы білді. Спорттық нәтиже үшін де, табысты арттыру үшін де.
2019 жылы Rakuten Iniesta’s Methodology деп аталатын академия ашты. Онда жергілікті балаларға футбол негіздері үйретіледі. Ал оның бәрі Иньеста ойлап тапқан техника мен философияға негізделген. Негізінен испан мамандары жұмыс істейді, ал оларды Андрестің өзі жеке тағайындайды.
Иньестаның соңынан клубқа Давид Вилья, «Арсенал» мен «Барселонаның» қорғаушысы Томас Вермален және Серхи Сампер ауысты. Микитанинің көзі жайнап шыға келді – стратегия жұмыс істей бастады.
Иньеста келгелі Rakuten Viki платформасында футболшының Жапониядағы өмірі туралы эксклюзивті деректі сериал жарық көрді. Ал Rakuten Sports стримингтік сервисі ашылған соң Иньеста жайлы контент соған көшті, тіпті аяқдоп шеберіне арналған жеке айдар бар: Iniesta TV деп аталады, бағдарламалар ай сайын шығады. Сұхбат, футбол, алаңнан тыс өмірі мен кадрдан тыс түсірілімдерді тамашалауға болады.
Жалпы, Андрес Иньестаның өмірі, көзқарасы тілшілер үшін де, жанкүйерлер үшін қызық. Қызық болатыны, ол көсіліп сұхбат беруге, әсіресе отбасы жайлы соңғы жаңалықтармен бөлісіп отыруға аса құлшыныс танытпайды.
Осы орайда 38 жастағы жұлдызды футболшымен шағын сұхбатты назарыңызға ұсынғымыз келеді.
– Андрес Иньеста деген кім?
– Футболшы.
– Осы ұғыммен ғана шектелесіз бе сонда?
– Иә, мен өмір бойы өзімді жетілдіруге, әріптестерімнен үйренуге тырыстым. Сондағы мақсатым – үздік футболшы атанып, барлық титулдарды жеңу.
– «Барселона» сапында талай жыл тер төктіңіз. Осы клуб құрамындағы жетістіктеріңіздің сіз үшін маңызы қандай?
– Қандай да бір жетістікке жетсем, ол менің көп жылдар бойы тынбай еңбектенгенімнің арқасы. Бапкерлер маған сенді, үміт артты. Жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп отырдым және өзімнің рөліме жауапкершілігім арта түсті.
– Басшылық карьераңызды «Барселонада» аяқтағаныңызды қалап еді…
– Команда өкілдерімен қай кезде де тығыз қарым-қатынаста болдым. Кетуге талай рет мүмкіндігім болды. Бірақ мен үшін бастысы Иньеста болып қалу еді. Командама бұрынғыдай көмектесе алмайтынымды түсінгенде, кету туралы шешім қабылдаймын деп айтқанмын. Сол сәт жеткен соң клубтан кетуім керек дедім.
Менің «Барселонадан» кетуімді бұл клубқа қолымнан келгеннің бәрін бергенім деп түсінгейсіздер.
– Болашақта өзіңізді қай салада көргіңіз келеді: спорт директоры, басшы немесе бапкер?
– Тағдырдың маған не дайындап қойғанынан бейхабармын. Бүгін футболшы болсам, дәл қазір осы жайлы ғана ойлаймын. Егер спорттық ғұмырымды аяқтаған соң клубтан жұмыс ұсынылса, бірден келісемін.
– «Барселона» сапында жүріп бірнеше бапкердің ауысқанына куә болдыңыз. Солардың қайсысымен жұмыс істеу ыңғайлы болды?
– Футбол үнемі өзгеріп отырады. Бастысы – мақсатқа ұмтылу. Бапкер сенім артқанда футболшының ойыны да жүре бастайды. Клубқа келген әрбір бапкермен жақсы қарым-қатынаста болғаныма қуаныштымын.
– Мессимен оның ойыны жайлы жиі сөйлесетін бе едіңіздер?
– Әрине. Мен оған әрдайым: «Сен қажет кезде қажет жерден табыла білдің» деп айтып жүретінмін. Өзім құрмет тұтатын жақын достарымның бірі. Біздің қарым-қатынасымыз футболмен шектеліп қалмайды. Сондықтан өзара сырымыз жоқ. Әріптестерімнің барлығын сыйлаймын. Әрқайсысының орны ерекше.
– «Барселона» сапында талай рет шешуші голдарды соғып, маңызды рөл атқардыңыз. Сол сәттерді жанкүйерлеріңіз әлі күнге дейін сағынышпен еске алады…
– Тарихи сәттер жанкүйер жадында мәңгі сақталатынын білемін. Сол үшін де мақтанамын. Осындай сәттердің қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Жолым болғаны шығар. Оның әрбірі менің футболға, өмірге деген көзқарасымды өзгертті.
Мәдина Асылбек