Басты

Чемпиондар лигасы: І тур несімен есте қалды?

Осы аптада футболдан Чемпиондар лигасының І тур ойындары өтті. Топтық бәсекеде күш сынасып жатқан командалар қараша айының 2-іне дейін 1/8 финалға шыққан мықтыларды анықтайды. Биыл Катарда өтетін әлем чемпионатына байланысты топтық сайыстың ойындарын бір айға ертерек аяқтау жоспарланып отыр.

І турда ешкім күтпеген нәтижелер тіркелді. Англияның азулы клубтары – «Челси» мен «Ливерпуль» ойламаған жерден қарсыластарына тізе бүкті. «Барселона» сапына биыл ғана қосылған Роберт Левандовский хет-трик жасап көзге түссе, Эрлинг Холанд мен Килиан Мбаппе дубль авторлары атанды. Сонымен қатар, екі бірдей клубтың бас бапкерлері І турдың нәтижелерінен кейін қызметтерінен қуылды.

А тобы
«Наполи» (Италия) – «Ливерпуль» (Англия) – 4:1 (Зелиньски, 5, 47, Ангисса, 31, Симеоне, 44 – Диас, 49);
«Аякс» (Нидерланд) – «Рейнджерс» (Шотландия) – 4:0 (Альварес, 17, Бергёйс, 31, Кудус, 33, Бергвейн, 80);

Юрген Клопп баптайтын ағылшынның «Ливерпуль» командасы биылғы маусымда білгенінен жаңылды. Англия премьер-лигасын ала-құла бастаған Клопп шәкірттері І турда итальяндық клубтан оңбай ұтылды. Ойынның қаһарманы – Петр Зелиньски. Ол «Ливерпуль» қақпасына дубль жасады.
«Наполи» Чемпиондар лигасының топтық бәсекесінде «Ливерпуль» қақпасына төрт гол соққан алғашқы команда.
Жалпы «Ливерпульдің» басқасы-басқа дәл осы «Наполиге» «тісі батпай» жүр. 2010 жылы екі команда арасындағы ойын 0:0 есебімен аяқталып еді. Одан кейін 2018 жылы 0:1 есебімен ұтылып қалды. 2020 жылы 0:2 есебімен жеңілді. Бұл жолғы есеп – 1:4.
ІІ тур ойындары келесі аптада басталады. «Наполи» сырт алаңда «Рейнджерспен» күш сынасса, «Ливерпуль» «Аяксты» қабылдайды.
«Аякс» футболшылары алғашқы турды жеңіспен бастады. Чемпиондар лигасының топтық бәсекесінде соңғы рет 2010/11 жылғы маусымда ойнаған Шотландияның «Рейнджерс» командасы «Аякске» еш қарсылық көрсете алмады. Амстердамда өткен ойын 4:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ойынның есебін 17-минутта Альварес Эдсон ашты. Осылайша ол мексикалық футболшылардың Чемпиондар лигасында соққан голдарының санын 50-ге жеткізді.
«Аякс» пен «Рейнджерс» еурокубоктық сайыстарда бұған дейін 4 ойын өткізсе, соның барлығында нидерландтықтардың жеңісімен аяқталған.

В тобы
«Атлетико» (Испания) – «Порту» (Португалия) – 2:1 (Эрмоссо, 90+1, Гризманн, 90+6 – Урибе, 90+4);
«Брюгге» (Бельгия) – «Байер» (Германия) – 1:0 (Силла, 42);

Испанияның «Атлетико» клубы Португалияның «Порту» командасын қабылдап, үш ұпайды ойынның соңғы минутында жұлып әкетті. 90-минут аяқталған тұста есеп ашқан мадридтік футболшылардың қақпасына арада 5 минут өткенде төреші пенальти белгіледі. Оны «Порту» жартылай қорғау­шысы Урибе дәл орындап, таразы басын теңестірді. Бірақ, «Атлетико» командасы жанкештілік танытып, соңғы секундта екінші голын соқты. Гол авторы – Антуан Гризманн.
Бұл топтағы екінші жұпта Бельгияның «Брюгге» командасы жеңіске жетіп, үш ұпай олжалады. Бельгиялық команда Германияның «Байер» командасынан айласын асырды.
2-турда «Байер» «Атлетиконы» қабылдайды. «Порту» өз алаңында «Брюггемен» ойнайды.

С тобы
«Барселона» (Испания) – «Виктория» (Чехия) – 5:1 (Кессье, 13, Левандовский, 34, 45, 67, Торрес, 71 – Сикора, 44);
«Интер» (Италия) – «Бавария» (Германия) – 0:2 (Сане, 25, Д’Амброзио, 67-өз қақпасына);

Кілең мықтылардың арасына түскен Чехияның «Виктория» командасы алғашқы сабағын алды. Каталонияда «Барселона» футболшыларымен жасыл алаңға шыққан чех клубы 1:5 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл ойында команда сапына биыл ғана қосылған Роберт Левандовский хет-трик авторы атанды. Левандовский Чемпиондар лигасында үш түрлі командада хет-трик жасаған алғашқы ойыншы. Ол бұған дейін Дортмундтың «Боруссиясы» мен Мюнхеннің «Бавариясында» жүріп, бір ойында үш гол соққан. Жалпы алғанда бұл Левандовскийдің Чемпиондар лигасында жасаған алтыншы хет-тригі.
1-турдың орталық матчтарының бірінен саналған «Интер» мен «Бавария» арасындағы тартыс «неміс мәшинесінің» жеңісімен аяқталды. «Интер» өз алаңында өткен ойында «Бавария» қақпасының кілтін таба алмады.
Мюнхендік команда осымен он тоғызыншы мәрте Чемпиондар лигасының алғашқы ойынында жеңілмей келеді.
Келесі аптада жанкүйерлер «Бава­рия» мен «Барселона» арасындағы теке­тіресті тамашалайды. Бұл коман­далар былтырғы Чемпиондар лигасының топтық бәсекесінде ойнап, екі ойында да 3:0 есебімен «Бавария» жеңіске жеткен. Оның алдында «Бавария» футболшылары каталониялық клубты 8:2 есебімен ойсырата жеңгенін де жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ.

D тобы
«Айнтрахт» (Германия) – «Спортинг» (Португалия) – 0:3 (Эдвардс, 65, Тринкан, 67, Сантуш, 82);
«Тоттенхэм» (Англия) – «Марсель» (Франция) – 2:0 (Ришарлисон, 76, 81);

D тобына түскен командалардың барлығы деңгейлес командалар. Сондықтан өз алаңында өткен ойындарда ұпай алу өте маңызды. Англияның «Тоттенхэмі» бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Ал, Еуропа лигасының былтырғы жеңімпазы «Айнтрахт» керісінше, өз алаңында ойсырай жеңіліп, бір ұпай алуға да шамалары келмеді.
1-турда жеңіске жеткен қос команда – «Спортинг» пен «Тоттенхэм» келесі аптада Лиссабонда жолығады. Қай жеңгені топ бастайды. Әзірге доп айырмасы бойынша «Тоттенхэм» алда тұр.

Е тобы
«Динамо» (Хорватия) – «Челси» (Англия) – 0:1 (Оршич, 13);
«Зальцбург» (Австрия) – «Милан» (Италия) – 1:1 (Окафор, 28 – Салемакерс, 40);

Топтың бәсекедегі алғашқы сенсация Е тобында тіркелді. Загребтің «Динамосы» Англияның мықтысы «Челсиді» 1:0 есебімен жеңіп қана қойған жоқ, артынша бас бапкер Томас Тухельді де қызметінен кетірді. Лондондық клубтың басшылары Загребтегі жеңілісті ауыр қабылдады ма, бас бапкерге «сау бол» айтып, Германиясына қоя берді. Енді бапкерлік креслоға кімнің отыратыны алдағы уақытта белгілі болады.
Ойында соғылған жалғыз голды Мислав Оршич өз атына жазды. Оршич ағылшын жанкүйерлерінің түсіне кіретіндей-ақ болды. Хорватиялық жартылай қорғаушы Англия клубтарына қарсы өткізген жеті ойында бес гол соқты. Сонымен қатар, Оршич биылғы Чемпиондар лигасының (топтық ойын) алғашқы голын соққан футболшы ретінде тарихқа тіркелді. Былтыр маусымның алғашқы голын «Манчестер Юнайтед» шабуылшысы Криштиану Роналду «Янг Бойз» қақпасына соққан еді. Қызығы сол, Роналду да, Оршич те ойынның 13-минутында мергендіктерімен көзге түсті.
Е тобындағы екінші жұпта «Зальцбург» пен «Милан» кездесіп, ойын тең аяқталды. Енді 2-турда «Милан» «Динамоны» қабылдайды. «Челси» мен «Зальцбург» Лондонда өзара бақ сынасады.

F тобы
«Лейпциг» (Германия) – «Шахтер» (Украина) – 1:4 (Симакан, 57 – Швед, 16, 58, Мудрик, 76, Траоре, 85);
«Реал» (Испания) – «Селтик» (Шотландия) – 3:0 (Винисиус, 56, Модрич, 60, Азар, 77);

Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпазы Мадридтің «Реалы» «Селтикпен» ойында аса қиналған жоқ. Шотландиялық команданың қақпасына жауапсыз үш доп соқты. Дегенмен осы ойында Карло Анчелоттидің екі бірдей ойыншысы жарақат алып қалды. Бірі қорғаушы Милитао, екіншісі сұрмерген Бензема. Биылғы жылдың «Алтын добынан» басты үміткер француз футболшысы енді екі аптадай алаңға шыға алмайды.
Германияның «Лейпциг» командасының басшылары бас бапкер Доменико Тедесконы отставкаға жіберді. Украинаның «Шахтер» командасын қабылдаған «Лейпциг» 1:4 есебімен оңбай жеңілді.

G тобы
«Севилья» (Испания) – «Манчестер Сити» (Англия) – 0:4 (Холанд, 20, 67, Фоден, 58, Диаш, 90);
«Боруссия-Д» (Германия) – «Копенгаген» (Дания) – 3:0 (Роис, 35, Геррейру, 42, Беллингем, 83);

«Манчестер Сити» сапына жаңадан қосылған Эрлинг Холандты дәл қазір тоқтату мүмкін болмай тұр. Ағылшын премьер-лигасында топырлатып гол соғып жүрген норвегиялық жас пері нағыз сұрмергеннің өзі болып тұр. «Севильямен» болған ойында Холланд дубль жасады. Оның қазір Чемпиондар лигасында соққан голдарының саны 25-ке жетті. Ол бұл межені 20 ойында орындап, рекорд жаңартты. Бұған дейін 25 голдық межені ең жылдам орындаған Рууд ван Нистелрой еді. Ол 25 голды 30 ойында соқты.

Н тобы
«Бенфика» (Португалия) – «Маккаби-Хайфа» (Израиль) – 2:0 (Сильва, 50, Гримальдо, 54);
ПСЖ (Франция) – «Ювентус» (Италия) – 2:1 (Мбаппе, 5, 22 – Маккенни, 53);

Францияның ПСЖ командасы Чемпиондар лигасының бас жүлдесінен жыл сайын басты үміткер. Топтық сайыста қамшы салдырмайтын париждік команданың биылғы қарқыны тіптен керемет.
Туриннің «Ювентусын» қабылдаған француз клубы ойынның 5-минутында Килиан Мбаппе жылдам есеп ашқан соң, итальяндық клубтың ойнынан мән кетті. Қорғаушылары алаң иелерінің сансыз шабуылынан сасқалақтап, 22-минутта Мбаппеден тағы да көз жазып қалды – 2:0.
Екінші таймда қонақтар есеп айырмасын қысқартқанымен алаң иелері жеңіс есебін ұстап қалды.
«Ювентус» қақпасына дубль жасаған Килиан Мбаппе Чемпиондар лигасында соққан голдарының санын 35-ке жеткізді. Оның жасы қазір 23-те (260 күн). Лига тарихындағы сұрмерген Криштиану Роналду 35-ші голын тек 27 жасында соққанын ескерсек, француз футболшысы бұл түрімен біраз рекордтарды жаңартатын түрі бар.

Едіге Ораз

Басқа жаңалықтар

Back to top button