Спортшы жастардың жарқын жеңісі
Өткен аптада қазақстандық спортшылар ел халқын жарқын жетістіктерімен қуантты. Олар ірі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап шықты. Солардың арасында ең маңызды дегендерге тоқталып өтсек.
Үстел теннисі. Алан Құрманғалиев үстел теннисінен Лаоста өткен жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында үшінші орынға ие болды. Ол Азия чемпионатының медалін жеңіп алған тұңғыш қазақстандық азамат.
Осы жеңістен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алан Құрманғалиевті телефон арқылы құттықтады. Бұл жетістіктің ел спорты үшін тарихи маңызын атап өткен Мемлекет басшысы Аланның шеберлігіне алғыс айтып, келешекте жаңа жарқын жеңістерге жетуіне тілектестік білдірді.
Байдарка мен каноэде есу. Мария Бровкова 1 000 метр қашықтықта алтын және 500 метр қашықтықта қола медаль жеңіп алды (каноэ – жалғыз). Бұл сүйінші хабарды біз өткен нөмірде сүйіншілеп жазған болатынбыз.
Құзға өрмелеу. Дамир Тоқтаров АҚШ-тағы жастар арасындағы әлем чемпионатында «жылдамдық» бойынша үшінші орын алды.
Дойбы. Болгарияда дойбыдан әлем чемпионаты өтті. 9 жасқа дейінгі рапид аталымында Алтынай Саматова әлем чемпионы атанды, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында күмісті Айбек Есенғалиев, 20 жасқа дейінгі жастар арасында қоланы Есбол Еренғайып жеңіп алды.
Блицте Алтынай Жұмағалдиева (27 жасқа дейінгі) әлем чемпионы болды, Алтынай Саматова да алтын және блицте Тоғжан Тәжібекова (17 жасқа дейін) күміс жеңіп алды.
Классикада Алтынай Саматова да өз жасында абсолютті чемпион атанса, Тоғжан Тәжібекова (17 жасқа дейін) алтын, Айбек Есенғалиев (14 жасқа дейін) қола жүлдеге ие болды.
Жастар арасындағы әлем чемпионаты кезінде ерлер мен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты қатар өтті. Алтынай Жұмағалдиева мен Тоғжан Тәжібекова екі аталым (блиц және классика) бойынша қола жүлдегер атанды.