БастыФутбол

Юрген КЛОПП: Футболға қауіп төніп тұр

Футболдағы ең ерекше, ең эмоционалды бапкерлердің бірі Юрген Клопптың «Ливерпульмен» жұмыс істеп жатқанына қазанда жеті жыл болады. Неміс маманы «қызылдармен» біраз жетістікке жетті. Сондықтан болар клуб келісімшартты 2026 жылға дейін созды. Клопп The Independet-ке берген сұхбатында Ливерпульде неге қалғанын, футболға деген махаббат және миллиондар ойынына төніп тұрған қауіп пен әріптестерінің жетістіктеріне деген көзқарасын бөлісті.

– Ливерпульде сізге не көбірек ұнайды?
– Бәрі әйелім Улладан басталды. Өмірімдегі басты келісімшарт сонымен жасалған. Бірде асүйде отырғанда жұбайым 2024 жылы бұл жақтан кететінімізді елестетудің өзі қиын екенін айтты. Осы жылдар аралығында бұл қаламен бізді байланыстыратын адамдар қатары көбейді.
Әйеліммен әңгімеден соң ойланып қалдым. Одан қалды Пеп Лейндерспен де ақылдасу керек болды. Біздің штабтың нағыз қозғалтқышы екенін өздеріңіз де білесіздер. Бізді байланыстыратын футбол ғана емес. Пеп келіскен соң ұзарту туралы келіссөздер бастауға болатынын түсіндім.
– Қазанда сіздің келгеніңізге жеті жыл толады екен. Өткен шаққа қандай баға берер едіңіз?
– Ойындар мен тығыз кестеге байланысты артық ештеңе ойлануға уақыт та жоқ. Оған аса қайғырмаймын да, себебі бәрі аяқталған соң-ақ жүріп өткен жолымды ой таразысынан өткізіп үлгерермін. Егер бәрі жақсы болмаса, бүгін осы жерде отырмаушы едік. Қаншалықты жақсы адам болсам да, жеңіссіз жұмысты жалғастыра алмайтынымыз анық. Дос болып қалғанымызбен, көңіл көншітерлік нәтижесіз бірге жұмыс істесе алмаймыз. Мұны бәрі түсінеді.
– Футболды не үшін жақсы көресіз?
– Футболды есімді білгелі жақсы көремін. Бала кезден доп теуіп өстік. Командалық рух дегенді сол шақта түсіне бастайсың. Себебі ойын барысында командаңа барынша пайдаң тиюі керектігін білесің. Маған осы ұнайтын. Біз бір-біріміздің арқамызда мықтырақ, білімдірек боламыз. Ойын қоятын талап та ерекше: жүгір, теп, лас ойнасаң да болады, бастысы қарап қалма. Міне, футболға осылай ғашық болдым.
– Яғни футболдың ұжымдық ойын екендігі ұнайды ғой?
– Әкем теннис жаттықтырушысы болды. Ол мені футболшы емес, танымал теннисші болады деп үміттенетін. Бірақ теннис маған арналған спорт емес, жалғыз дайындалып түңіліп кетуші едім. Неше сағат форхэнд, бэкхэнд, бэкхэнд, форхэнд деп уақыт өткізуден қиыны жоқ шығар. Күні бойы бапкер екеуің ғана. Мүмкіндік берсе, достарыммен бірге 12 сағат бойы футбол ойнаушы едім.
– Сіздің өмірге деген көзқарасыңыз бөлек, түрлі қызығушылықтарыңыз бар. Сөйте тұра өміріңізді футболға арнадыңыз. Жаттығу, уайым, ойын, оны сараптауға арналған уақыттың бәрін басқа да дүниеге жұмсауға болатыны жайлы ешқашан ойланып көрмеп пе едіңіз?
– Бәлкім, солай істеу де керек пе еді. Бірақ 33 жасымда өмірім күрт өзгеріп шыға келді. Спорт – бұл ғажайып әлем. Осы салада қаншалықты жұмыс істей алатынымды да білмейтінмін. Негізі арманым медициналық ЖОО-ға түсу болатын. Алайда футбол мен медициналық білімді қатар алып жүру мүмкін емес. Өмірімді футболдың айналасында құруға тырыстым. Қазір ойлап қарасам, ештеңенің байыбына да бармаппын, бүгінгі күнмен өмір сүріп, ертеңіме тіпті ақша да жинамаппын ғой. Карьерамды аяқтаған бойда күн көру үшін басқа салаға жұмысқа шығу керектігін түсіндім. Ал қолымнан футбол ойнаудан басқа ештеңе келмейді. Өмір маған жаңа мүмкіндік сыйлады. «Майнцке» бапкер болу лотереядағы ұтыс секілді еді. Футболды мен сияқты ойнасаң, табиғи дарыны бар аяқдоп шеберлеріне қарағанда ойын туралы көбірек ойлануға тура келеді. Бапкер атануыма да дәл сол дүние әсер еткен тәрізді. Бес жасымнан доп қудым, 33-імде жаттықтырушы атандым. Яғни футболды зерттеуге 28 жылымды жұмсаппын.
Жалпы консервативті көзқарастағы адаммын, дегенмен қазіргі әлемнің саяси картинасына назар аударсақ, менің орным орталықтан солға қарай тұратыны анық. Мен үшін қоғам қызық, оның әрбір мүшесінің көңілі жай, жағдайы тұрақты болғанын қалаймын.
– Футбол қазіргі уақытта жарқын жақта қала алды ма? Қоғамға позитивті әсер етіп жатыр ма?
– Әрине, оған күмән болмасын. Футбол клубының киім ауыстыратын бөлмесі – түрлі мәдениет пен көзқарастың ортақ мүдде, мақсат, жеңіс жолында үйлесімді тіл табыса алатынына жақсы мысал. Футболда сонша адамды 95 минут бойы біріктіруге мүмкіндік аласың – бір эмоция, бір үміт пен бір энергетика. Біз бірге тойлаймыз, бірге мұңаямыз, бұл жалғыз қуанып, жалғыз қайғырғаннан әлдеқайда қызығырақ. Сондықтан футбол жарқын өмірдің елшісі деп айта аламын, бірақ оған қауіп туып тұрғаны анық.
– Футболға қандай қауіп төніп тұр?
– Ұйымдастырылуына байланысты. Үнемі дамып, жаңа жарыстардың ұйымдастырылуы және матчтар санының артуы – басты қауіп. Ойыншыларға жаттығу жасау керектігін де ұмытпаған жөн. Ойын бәріне керек, сөйте тұра дұрыс демалыс та қажет қой. Мысалы, біз маусымның соңғы матчын 1 маусымда өткіземіз. Бірақ мұнымен бәріне бірдей турнир тоқтайды деген сөз емес: әрі қарай Ұлттар лигасы, Африка ұлттарының кубогы секілді жарыстар бар.
– Бұл бүгінгі қоғам талабы емес пе? Себебі заманауи футбол клубтар, федерациялар мен ұйымдардың табыс табуына бағытталған ғой.
– Халықаралық қауымдастықтар не үшін өзі жұмсайтын қаржыдан да көбірек табыс табуы керек? Неге ФИФА артық ақша табуға құмар? УЕФА-ның жеке шоттарында неліктен ақша жатуы керек? Әлем чемпионатын кеңейтудің не қажеті бар? Турнир ұйымдастыруға кететін қаржыдан бөлек қаржыны қайтпек? Топырлатып ғимараттар салу үшін бе? Мен ешқандай да мұқтаждық көріп тұрған жоқпын. Әлем чемпионаты мен Чемпиондар лигасы – әлемдегі ең басты турнирлер. Олардың онжылдаған тарихы бар. Өзіңіз көріп тұрғандай, олардың да аясы кеңейді.
– Клубтық турнирлер жайлы не айтар едіңіз? Бұрын шағын клубтар да топ-лигаларда жеңіске жете алатын, қазір қаржылық теңсіздік мұндай мүмкіндіктің күл-талқанын шығарды. «Ювентус» Италияда жыл са­йын топ жарады, ал Францияда ПСЖ-ға тең келер ешкім жоқ, «Бава­рия» – Германияның көшбасшысы. Мұ­ны проблема деп қарауға бола ма?
– Проблема деп қарастыруға әбден болады. Германияда жүргенде «Бавария» жыл сайын жеңетін сияқты көрінетін. Бірақ өзге клубтардың да сол шыңды бағындыруға мүмкіндігі болатын. Сол кез оралатынына сенімдімін. «Байердің», «Дортмундтың» құрамына қарап чемпиондыққа таласы бар командалар деп айта аласың. Ол жақта күрес бар. Англияда да нағыз тартысты көруге болады. Италияда бұл жүйе қалай жұмыс істейтінін аса түсінбейді екенмін.
– Ал өзіңіз бапкерлік жасаған клубтармен тығыз қарым-қатынаста қалуыңыздың себебі неде?
– Білмеймін. Бізге бір ғана ғұмыр беріледі, оны лайықты сүруге ұмтылу керек. Менің түсінігімде футбол – өміріміздің көңіл көтеретін бөлігі. Іш пыстыратын ойындарға ешкім келмейді. Сондықтан көрерменді, жанкүйерді қуантып, көңілін көтеру керек. Жеңіспен ғана емес. Жолдың бастауы мен трофей арасында есте қаларлық сәттер де көп болуы қажет. Бізде ондай сәттер баршылық.
– Футбол өмір не өлім еместігін айтып келесіз. Өзіңіз жинаған тәжірибе футболдағы сәтсіздіктермен күресуге қаншалықты көмектеседі?
– Маған Құдайға деген сенім көмектеседі. Өмір дегеніміз – өткен шақ немесе болашақ емес, ол бүгінгі күн. Оған өте сақ болу қажет, арасында ләззат та алып үлгеру керек. Кішкентай бала емеспіз, әрбір ісімізге жауаптымыз. Егер алға мақсат қойсам, қолымнан келмесе де, қателессем де, тағы ұмтылып көруім керек. Егер мақсатым өзгеріп, құндылықтар ауысса, онда бағытым да ауысады.
Жеңісті уыстан шығарып алған финалдар жайлы білгіңіз келіп тұрған шығар. Бірақ финалға жету де ауқымды жұмыс. Сол жолда біз үлкен арақашықтықты бағындырамыз және олар бір-біріне ұқсамайды.
– Болашаққа деген сенім көмекке келеді дейсіз ғой? 
– Өзім жалпы сабырлы адаммын. Өмірім керемет болады деп күтпеймін. Бірақ қазіргі өмірім мен армандағаннан әлдеқайда қызығырақ. «Ана бапкер мықты, ол жеңіске жетіп жатыр» деген теңеулерді жиі естимін. Бола берсін. Үйіме келіп отбасымды көре аламын, соның өзі қандай бақыт. Менен табыстырақ, ақылдырақ, менен білікті адамдарды не үшін көре алмауым керек? Өмірді бүгінгі күн деп қана қабылдаймын.

Дайындаған
Мәдина АСЫЛБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button