Сенсация: әлемнің бірінші ракеткасы Astana Open турнирінде жеңіліп қалды
Astana Open ATP 500 турнирінде әлемнің 1-ракеткасы испаниялық Карлос Алькарас жеңіліп қалды.
Елордада өтіп жатқан айтулы жарыста Алькарас негізі даниялық Хольгер Рунемен кездесуі керек еді. Алайда Хольгер Руне Астанаға келмей қалды да, оның орнына іріктеу сайыстарынан өте алмаған әлемнің 66-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффен шықты. Д.Гоффен күтпеген жерден әлемнің бірінші ракеткасын 7:5, 6:3 есебімен ұтып кетті.
Бельгиялық спортшы екінші айналымда әлемнің 51-ракеткасы франциялық Адриан Маннариномен шеберлік байқасады.
Турнирдің екінші күні, сондай-ақ қазақстандық, дүниежүзілік рейтингіде 221-орында тұрған Михаил Кукушкин әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасқа жол берді – 3:6, 4:6.
Ресейлік, рейтингіде 103-сатыдағы Павел Котов әлемнің 31-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович Фокинаны қапы қалдырды – 6:4, 6:4.
Бүгін Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик кортқа шығады. Оның қарсыласы – рейтингте 54-орындағы нидерландтық Таллон Грикспур.