Басты

Ислам Бозбаев пен Дидар Хамза ұлттық құрамадан шеттетіледі

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұрбол Сүлейменов Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатынан кейін қай балуанның командада қалатынын, кімдердің кететінін айтты.

Ташкенттегі әлемдік доданы қазақстандықтар екі қоламен аяқтаған еді. Елдос Сметов 60 келіде қола жүлдегер атанса, Абиба Әбужақынова қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет үздік үштікке енді.
Ал бірнеше балуан жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Олардың қатарында Абылайхан Жұбаназар, Ислам Бозбаев, Дидар Хамза және Ерасыл Қажыбаевтар бар.

Қазақстан құрамасының осы сәтсіздігінен кейін ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Нұрбол Сүлейменов команданы қайта жасақтайтынын ескертті.

«Жеті күндік жарысымыз аяқталды. Енді осы жарыстан соң Ислам Бозбаев, Ерасыл Қажыбаев, Дидар Хамза секілді балуандарды командададан шеттетеміз. Олар келесі әлем чемпионатына бармайды. Орнына жас балуандарды апарамыз. Бізде жас талантты жігіттер көп. Соларға мүмкіндік береміз. 60 килоны қазақтың төл салмағы деп айтуға болады. Елдос Сметов, Мағжан Шәмшадин, Бауыржан Нарбаев… Бұл салмақта бәсекелестік күшті. 66 килода Ғұсман Қырғызбаевты көрдіңіздер. Жаман емес. Ермек Амангелді деген жақсы балуанымыз бар. Ол жарақатына байланысты бір жыл күреспей, енді жаттығуды бастады. 81 килода Абылайхан Жұбаназар есімді жас балуан өсіп келеді. Енді соларға мүмкіндік береміз», –  деді Нұрбол Сүлейменов.

Айта кетелік, Ислам Бозбаев 90 келіде Лондон және Рио Олимпиадаларына қатысқан. Ал Дидар Хамза 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button