БастыФутбол

Кәрім Бензема 2022 жылғы «Алтын доптың» иегері атанды

Футболдан 2022 жылғы "Алтын допты" Франция құрамасы мен Мадридтің "Реал" клубының шабуылшысы Кәрім Бензема жеңіп алды.

«Реал» капитаны өткен жылы Ла Лигада өткізген 32 матчта 27 гол салып, 12 нәтижелі пас берді. Сонымен қатар, Чемпиондар Лигасында алаңға 12 ррет шығып 15 гол соқты. «Бланкос» сапында Испания біріншілігін жеңсе, Чемпиондар Лигасының финалында «Ливерпульді» ұтты.

Осыған дейін француз футболшыларының ішінде «Алтын допты» Раймон Коп (1958), Мишель Платини (1983, 1984, 1985), Жан Пьер-Папен (1991) және Зинедин Зидан (1998) алған.

Аталған шара «France Football» журналының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді.

Мұндай марапатқа ие болу үшін футболшылардың 2021 жылғы 31 тамыз және 2022 жылғы 31 тамыз аралығындағы табыстары назарға алынып отыр. Үздік ойыншыны анықтауға FIFA рейтингі бойынша алғашқы 100 орында тұрған елдердің журналистері дауыс беруге мүмкіндік алды.

Қазірге дейін Йохан Кройф, Мишель Платини, Марко ван Бастен, Криштиану Роналду, Лионель Месси секілді үздік ойыншылар мұндай мәртебеге үш рет ие болды. Ал марапатқа 2 рет қол жеткізген жұлдыздар қатарында Альфредо ди Стефано, Франц Беккенбауэр, Кевин Киган, Карл-Хайнц Румменигге, Роналдо бар.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында әйелдер арасындағы «Алтын допқа» испаниялық «Барселона» сапынан Алексия Путельяс лайықты деп танылды.

Ал Испания құрамасы мен «Барселона» ойыншысы Гави 21 жасқа дейінгі үздік жас футболшы атанды.

Ал Лев Яшин атындағы «Үздік қақпашы» номинациясына «Реал Мадрид» және Бельгия құрамасының қақпашысы Тибо Куртуа ие болды.

Үздік он ойыншы қатарына Эрлинг Холанд («Манчестер Сити»), Лука Модрич, Винисиус Жуниор, Тибо Куртуа (үшеуі де «Реал»), Килиан Мбаппе («ПСЖ»), Мохамед Салах («Ливерпуль»), Роберт Левандовски («Бавария») қосылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button