БастыФутбол

Топтық сайыстан суырылып шыққандар

Чемпиондар лигасының топтық сайысы мәресіне жетті. Сегіз топтан үздік шыққан 16 команда келесі жылдың ақпан айында аламанды ары қарай жалғастырады. Сондай-ақ дүйсенбі күні УЕФА-ның штаб пәтерінде 1/8 финалының жеребесі тартылды.

А тобы

«Ливерпуль» (Англия) – «Наполи» (Италия) – 2:0
«Рейнджерс» (Шотландия) – «Аякс» (Нидерланд) – 1:3

Ағылшынның «Ливерпуль» клубы соңғы турда «Наполиді» 2:0 есебімен қапы қалдырды. Дегенмен, Юрген Клопп шәкірттері өз тобында екінші орыннан аса алмады. Қатарынан бес ойында жеңіске жетіп, соңғы турда тізгін тартқан италиялық команда топ жеңімпазы атанды.
«Наполи» Чемпиондар лигасының плей-офф бәсекесіне бұған дейін 2011/12, 2016/17 және 2019/20 жылғы маусымдарда шыққан. Алайда ширек финалға өте алмады. Биыл Лучано Спаллетти командасының қарқыны қатты. Италия чемпионатында қамшы салдырмай келеді. Бірақ 1/8 финалдық матчтар келесі жылдың ақпан айында өтетінін ескерсек, «Наполи» футболшыларының ол кездегі қарқыны қалай болар екен?
«Наполи» мен «Ливерпульді» 1/8 финалына «шығарып салған» Амстердамның «Аяксы» Шотландияның «Рейнджерсінен» басым түсіп, Еуропа лигасына жол тартты.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 Наполи 6 5 0 1 20-6 15
2 Ливерпуль 6 5 0 1 17-6 15
3 Аякс 6 2 0 4 11-16 6
4 Рейнджерс 6 0 0 6 2-22 0

 

В тобы

«Байер» (Германия) – «Брюгге» (Бельгия) – 0:0
«Порту» (Португалия) – «Атлетико» (Испания) – 2:1

4-турдан кейін плей-офф бәсекесінің жолдамасына қол жеткізген Бельгияның «Брюгге» командасы соңғы 2 турда арқаны кеңге жайды. Алдымен олар өз алаңында «Портудан» оңбай жеңілді (0:4). Соңғы турда «Байерге» қонаққа барып, 0:0 есебімен тең ойнады.
Мадридтің «Атлетико» командасы 5-турдан кейін плей-офф
бәсекесіне шығудан біржолата үміт үзіп еді. Олар сол кезде «Байермен» өз алаңында тең ойнаған-ды. Енді 6-турда «Портудан» жеңіліп, еуромаусыммен түпкілікті қош айтысты. «Атлетиконың» алдын «Байер» орап кетті. Енді келесі жылдың ақпан айында Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Порту» мен «Брюгге» ойнайды. «Байер» Еуропа лигасында бақтарын сынамақ. Ал Диего Симеоне шәкірттері бар күштерін Ла-лигаға салады.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 Порту 6 4 0 2 12-7 12
2 Брюгге 6 3 2 1 7-4 11
3 Байер 6 1 2 3 4-8 5
4 Атлетико 6 1 2 3 5-9 5

 

С тобы

«Бавария» (Германия) – «Интер» (Италия) – 2:0
«Виктория» (Чехия) – «Барселона» (Испания) – 2:4

«Бавария» бесінші жыл қатарынан топтық бәсекеден бірінші орынмен шығып отыр. 5-турда мюнхендік клубы «Барселонаны» сырт алаңда 2:0 есебімен жеңсе, дәл осындай есеппен соңғы турда «Интерден» айласын асырды. «Баварияның» соңынан «Интер» ілесті. Италия клубы плей-офф ойындарының мәселесін 5-турда шешіп тастаған еді. Ол кезде олар «Викторияны» жүндей түтті – 4:0.
«Барселона» үшін Чемпиондар лигасы тәмам. Катало­ниялықтар осымен екінші жыл қатарынан топтан шыға алмады. Енді келесі жылдың көктемінде Еуропа лигасында бақтарын сынайды. Ол жақта да осал команда жоқ. «Манчестер Юнайтед», «Арсенал», ПСВ командаларының қатарына «Барселонадан» бөлек, «Аякс», «Севилья» «Ювентус» барып қосылады.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 Бавария 6 6 0 0 18-2 18
2 Интер 6 3 1 2 10-7 10
3 Барселона 6 2 1 3 12-12 7
4 Виктория 6 0 0 6 5-24 0

 

D тобы

«Марсель» (Франция) – «Тоттенхэм» (Англия) – 1:2
«Спортинг» (Португалия) – «Айнтрахт» (Германия) – 1:2

D тобында плей-офф бәсекесіне шыққан командалар тек соңғы турда анықталды. 5-турдың қорытындысы бойынша Португалияның «Спортинг» командасы Чемпиондар лигасының плей-офф бәсекесіне шығып тұрған еді. Бірақ соңғы тур барлығын өзгертті. Тіпті португалиялықтар Еуропа лигасында да ойнамай қалуы мүмкін еді. Бірақ «Марсель» мен «Тоттенхэм» арасындағы матчта ағылшындар ойынның соңғы секундында гол соғып, «Спортинг» командасының жолын ашып берді. Ал Еуропа лигасының былтырғы жеңімпазы «Айнтрахт» плей-офф бәсекесінің көрігін қыздырады.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 Тоттенхэм 6 3 2 1 8-6 11
2 Айнтрахт 6 3 1 2 5-7 10
3 Спортинг 6 2 1 4 7-7 7
4 Марсель 6 2 0 4 7-6 6

 

Е тобы

«Челси» (Англия) – «Динамо» (Хорватия) – 2:1
«Милан» (Италия) – «Зальцбург» (Аустрия) – 4:0

Италияның «Милан» клубы араға тоғыз жыл салып, Чемпиондар лигасының плей-офф сайысына жолдама алды. Біраз жыл тоқырауды бастан өткерген италиялықтар кейінгі жылдары қайта бой тіктеді. Былтыр А сериясында жеңімпаз атанды. Енді келесі жылы Чемпиондар лигасындағы жорығын қайта жалғастырады.
Бұл топта «Челси» жеңімпаз атанды.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 Челси 6 4 1 1 10-4 13
2 Милан 6 3 1 2 12-7 10
3 Зальцбург 6 1 3 2 5-9 6
4 Динамо-З 6 1 1 4 4-11 4

F тобы

«Шахтер» (Украина) – «Лейпциг» (Германия) – 0:4
«Реал» (Испания) – «Селтик» (Шотландия) – 5:1

Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпазы «Реал» плей-офф мәселесін 4-турдан кейін шешіп қойған. Ал екінші жолдаманың иесі соңғы турда анықталды. Үміткерлер екеу болды. Украинаның «Шахтері» 5-турда «Селтикпен» тең түсіп, келесі айналымға шығатын мүмкіндіктерін сақтап қалып еді. Алайда соңғы турда басты қарсыласы «Лейпцигтен» ойсырай жеңіліп, плей-офф жолдамасынан айырылып қалды. Неміс клубы 6 ойыннан 12 ұпай жинап, «Реалдың» соңынан ілесті. Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпаздары топтық сайыстың нүктесін әдемі қойды. Олар Шотландияның «Селтигін» 5:1 есебімен ұтты.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 Реал 6 4 1 1 15-6 13
2 Лейпциг 6 4 0 2 13-9 12
3 Шахтер 6 1 3 2 8-10 6
4 Селтик 6 0 2 4 4-15 2

 

G тобы

«Манчестер Сити» (Англия) – «Севилья» (Испания) – 3:1
«Копенгаген» (Дания) – «Боруссия-Д» (Германия) – 1:1

Бұл топтың мәселесі 5-турдан кейін шешілген. Сондықтан да болар, соңғы турда «Манчестер Сити» мен «Боруссия» арқаны кеңге салып, негізгі құрамның кейбір ойыншыларына демалыс берді.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 Ман. Сити 6 4 2 0 14-2 14
2 Боруссия-Д 6 2 3 1 10-5 9
3 Севилья 6 1 2 3 6-12 5
4 Копенгаген 6 0 3 3 1-12 3

Н тобы

«Ювентус» (Италия) – ПСЖ (Франция) – 1:2
«Маккаби» (Израиль) – «Бенфика» (Португалия) – 1:6

Италияның «Ювентус» клубы Чемпиондар лигасымен 5-турда қош айтысты. Португалияның «Бенфикасымен» сырт алаңда күш сынасқан италиялық ұжым алаң иелерінен 3:4 есебімен жеңіліс тапты. Ал соңғы турда өз алаңында ПСЖ-дан ұтылды. Абырой болғанда басты қарсыласы «Маккаби» де өз алаңында ұтылып, италиялық клуб қосымша көрсеткіштердің есебінен Еуропа лигасына қарай ойысты.
«Маккабимен» сырт алаңда ойнап, 6:1 есебімен ойсырата жеңген «Бенфика» футболшылары «Ювентустың» Еуропа лигасына баруына көмегін тигізіп қана қойған жоқ, өздері де ПСЖ командасын артта қалдырып, Н тобының жеңімпазы атанды. Егер «Бенфика» 92-минутта «Маккаби» қақпасына алтыншы голды соқпағанда ПСЖ топ жеңімпазы атанатын еді. Португалия клубы сырт алаңда соққан голдар санының көптігінен француздардың алдын орады. Енді Лионель Месси, Клиан Мбаппе, Неймар бастаған жұлдыздар 1/8 финалда азулы «Бавария» командасымен ойнайды.
№ Команда Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Д-А Ұпай
1 ПСЖ 6 4 2 0 16-7 14
2 Бенфика 6 4 2 0 16-7 14
3 Ювентус 6 1 0 5 9-13 3
4 Маккаби 6 1 0 5 7-21 3

Дүйсенбі күні Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шыққан командалардың жеребе тарту рәсімі өтті.
Жеребе нәтижесінде келесі жұптар анықталды:
«Бавария» (Германия) – ПСЖ (Франция)
«Бенфика» (Португалия) – «Брюгге» (Бельгия)
«Порту» (Португалия) – «Интер» (Италия)
«Манчестер Сити» (Англия) – «Лейпциг» (Германия)
«Тоттенхэм» (Англия) – «Милан» (Италия)
«Челси» (Англия) – «Боруссия-Д» (Германия).
«Наполи» (Италия) – «Айнтрахт» (Германия)
«Реал» (Испания) – «Ливерпуль» (Англия).
Чемпиондар лигасының 2022/2023 маусымының финалдық ойыны 10 маусымда Ыстанбұлдағы Ататүрік Олимпиада стадионында өтеді.

Едіге ОРАЗ

Басқа жаңалықтар

Back to top button