БастыБокс

Төлтаевты кім сүйреп жүр?

Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына шыққан боксшылар белгілі болды. еліміздің ерлер құрамасы сапынан тек Санатәлі Төлтаев жарыс жолынан шығып қалды. Ал қалған 12 боксшы жүлдеге ілікті. Қыздар арасында да табысымыз жаман емес. Бүгінде аруларымыз тоғыз медальға қол жеткізіп отыр.

Хош, сонымен жарыстың алғашқы күнінде күт­пе­ген жерден 63,5 келі салмақ дәрежесінде жұды­рықтасатын Санатәлі Төлтаев ұтылып қалды. Ол былтырғы Өзбекстан чемпионы Руслан Абдул­лаевпен кездескен болатын. Жекпе-жек қорытындысы бойынша өзбек боксшысы 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Құрлық біріншілігінің алдында осы салмақта кім баратыны әзер шешілді. Өйткені қазір құрамада Олимпиадаға барған Зәкір Сафиуллин жоқ. Оның орнында бірнеше жас боксшы жүр. Солардың арасында Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен кезіндегі даңқты боксшымыз Руслан Мусиннің ұлы Сұлтан да бар еді. Бірақ бапкерлер штабының таңдауы Санатәлі Төлтаевқа түскен. Бейресми мәліметтерде Төлтаев жеке спаррингтік кездесуде Базарбайұлынан басым түсіпті. Алматы облысының тумасы, бүгінгі күні Маңғыстаудың намысын қорғап жүрген боксшының баратынына әлеуметтік желіде қарсылық білдіргендер де бар еді.
Жекпе-жектен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Bassport.kz тілшісіне пікірін білдіріпті.
«Азия чемпионатына аттанарда біз екі салмақта спаррингтік кездесулер өткіздік. Яғни 63,5 және 75 келіге дейінгі салмақта құрлықтық сынға кімнің қатысатынын көпке дейін анықтай алмадық. Егер бір боксшы айқын басымдық танытып тұрса, ойланбастан апарушы едік. Сол себепті біріншілік қарсаңында спаррингтік кездесулер өткіздік. Аталған жекпе-жектерді федерацияның атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшалов арнайы келіп тамашалады. Бапкерлер де сол жерден табылды. Аталған сында Санатәлі өз қарсыластарының бәрін жеңді. Алдымен Сұлтан Мусиновты, кейін Мұхамедсабыр Базарбайұлын ұтты», – дейді Қайрат Сәтжанов.
Ол: «бүгінгі кездесуде Төлтаев қолынан келгеннің бәрін істеді. Бірінші секундтан бастап, ең соңына дейін тынған жоқ», – деп айтты.
«Шамасы жеткенше айқасты. Бар күш-жігерін салды. Біздің есебімізше, бірінші және үшінші раундтарды Санатәлі жеңгендей еді. Бірақ жеңісті қарсыласқа берді. Егер Азия чемпионатына Санатәлі емес, басқа боксшымыз келіп, тап осы өзбек боксшысымен шығатын болса, ауыр соққы алып қалар еді. Өзбекстан намысын қорғайтын Руслан Абдуллаев – негізі қазақ бала», – дейді бас бапкер.
Санатәлі 2019 жылғы Азия чемпионатында қола жүлде алған. Бангкоктағы біріншіліктің жартылай финалында өзбекстандық Баходир Усмоновқа есе жібергені бар.
Сонымен, жексенбі күнгі бәсекелердің қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасының 14 боксшысы жартылай финалдық межеден көрінсе, дүйсенбі күні тағы жеті былғары қолғап шеберіміз жүлдегерлер қатарын толықтырды.
Алтыншы жарыс күнінің күндізгі сессиясында Қазақстан боксшыларынан бірінші болып 54 келі салмақ дәре­жесіндегі отандасымыз Махмұд Сабырхан шаршы алаңға көтерілді. Был­тырғы әлем чемпионатындағы табысты өнерінен кейін жанкүйерлердің көз­айымына айналған Махмұд Сары құрлық біріншілігіндегі алғашқы ай­қа­­­сын моңғолиялық Дорьныамбуу Ган­болд­пен өткізіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бір жекпе-жек арқылы жартылай финалға шыққан ол кем дегенде құрлық бә­секесінің қола жүлдесін иеленеді. Де­генмен алтыннан үмітті боксшымыз финалға шығу үшін 10 қарашада өзбекстандық Шахзод Музафаровпен кездеседі.
Сабырханның ізін ала рингке 57 келі салмақтағы Серік Теміржанов шығып, ол да жартылай финалға жолдама алды. Жергілікті боксшы Юсеф Иашашпен қолғап түйістірген отандасымыз төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті. Енді жартылай финалда ол үндістандық боксшымен кездеседі.
Сондай-ақ 60 келідегі Саматәлі Төлтаев та Азия біріншілігіндегі алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, қырғызстандық Мирзохид Имамназаровтан төрешілердің аралас шешімімен айласын асырды. Жастар арасындағы Азия чемпионы Саматәлі финал жолдамасын жергілікті боксшымен сарапқа салады.
Кешкі сессияда бақ сынаған жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай ширек финалда қырғызстандық Мирлан Туркбайұлын тізе бүктірді. 1/8 финалда өзбек боксшысын жарыс жолынан ығыстырған Санжарға қырғыз боксшысы да қарсылық көрсете алған жоқ. Отан­дасымыз енді жартылай финалда үндіс­тандық былғары қолғап шеберімен жұ­ды­рықтасады.
Ерлер арасында соңғы болып шаршы алаңға ел чемпионы Дулат Бекбауов (67 келі) шықты. Алғашқы айқасын сәтті өткізген отандасымыз ширек финалда тағы бір қырғызстандық Жакшылык Талайбековтен айласын асырды. Дулат финалға шығу үшін бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы өзбекстандық Асадходжа Муйдинходжаевпен жекпе-жек өткізеді.
Жексенбі күнгі жарыс күнінде бақ сынаған қыздарымыздан тек Алуа Балқыбекова (48 келі) ғана жартылай финалға жолдама алды. Былтырғы Азия чемпионатында топ жарған отандасымыз ширек финалда Таиланд өкілі Тхипсатчей Йодвариді төрешілердің бірауыз шеші­мі­мен қапы қалдырды.
Өкінішке қарай, былтырғы боксшылар додасында алтыннан алқа таққан 60 келідегі Римма Волосенко ширек финалда моңғолиялық қарсыласын екі рет нокдаунға түсірсе де, төрешілер моңғол қызы Номин-Эрдене Тугсжаргалдың қолын көтерді. Сөйтіп, Волосенко был­тыр­ғы Азия чемпионы атағын сақтай алмады.
Осылайша, ширек финал жекпе-жектерінен кейін 14 боксшымыз жартылай финалға жолдама жеңіп алды. Атап айтқанда, Санжар Тәшкенбай (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Алуа Балқыбекова (48 келі), Жазира Орақбаева (52 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Мәдина Нұршаева (66 келі), Дариға Шәкімова (70 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+78 келі) жартылай финалда айқасатын болды.
Сондай-ақ бір күн артқа тастап Асланбек Шым­бер­ге­нов (71 келі) үндістандық Сачин­мен, Нұрқанат Райыс (75 келі) қырғызстандық Сагын Сатыбалдыұлымен, Нұрбек Оралбай (80 келі) таиландтық Вирапон Чонджохомен, Сағындық Тоғамбай (86 келі) тәжікстандық Навруз Джафоевпен, Айбек Оралбай (92 келі) үндістандық Навин Кумармен, Қамшыбек Қоңқабаев кореялық До Хен Киммен және Назым Қызайбай (50 келі) моңғолиялық Балсан Мунгунсаранмен күш сынасып, барлығы да қарсыластарынан басым түсті.
Айта кетейік, Амманға барған қазақстандық боксшылар арасында тек Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Римма Волосенко (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) жүлдесіз қалды.

Бокстан Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектері 9-10 қарашаға жоспарланған. Ал биылғы чемпиондар мен жүлдегерлер 11-12-не белгілі болмақ. Назарларыңызға Ұлттық құрама спортшыларының кіммен жұдырықтасатынын ұсынамыз:
Жартылай финал. 10 қараша:
48 кг. Санжар Ташкенбай – Кумар Сахани Говинд (Үндістан)
51 кг. Сәкен Бибосынов – Томоя Цубои (Жапония)
54 кг. Сабырхан Махмұд – Шахзод Музафаров (Өзбекстан)
57 кг. Серік Теміржанов – Мұхаммад Хуссамуддин (Үндістан)
60 кг. Саматәлі Төлтаев – Әбу Джадже Мухаммед (Иордания)
67 кг. Дулат Бекбауов – Асадхужа Мудинхуджаев (Өзбекстан)
71 кг. Асланбек Шымбергенов – Отгонбатар Биамба (Моңғолия)
75 кг. Нұрқанат Райыс – Мусави Сейедшахин (Иран)
80 кг. Нұрбек Оралбай – Хусейн Эйшайшиашайш (Иордания)
86 кг. Сағындык Тоғанбай – Рияд Адельхиндави Одаи (Иордания)
92 кг. Айбек Оралбай – Туфан Шарифи (Иран)
+92 кг. Қамшыбек Қоңқабаев – Мұхаммад Аброридинов (Тәжікстан)

Жартылай финал. 9 қараша:
48 кг. Алуа Балқыбекова – Фарзона Фозилова (Өзбекстан)
50 кг. Назым Қызайбай – Цукими Намика (Жапония)
52 кг. Жазира Орақбаева – Ринка Киношита (Жапония)
54 кг. Жайна Шекербекова – Хуан Сяовэнь (Тайвань)
57 кг. Карина Ибрагимова – Нести Петесио (Филиппин)
66 кг. Мадина Нұршаева – Чой Хонгу (Оңтүстік Корея)
70 кг. Дариға Шәкімова – Чэнь Ниэнь-чинь (Тайбэй)
81 кг. Гүлсая Ержан – Ти Хонг Нгуен (Вьетнам)
+81 кг. Ләззат Күнгейбаева – Алфия Тараннум Акрам (Үндістан).

Басқа жаңалықтар

Back to top button