Айдос Ербосынұлының командасы мәлімдеме жасады
Suleimen Promotions командасы қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлының денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады.
«АҚШ-тағы өкіліміздің сөзінше, боксшымыздың денсаулығы айтарлықтай жақсарды, соның ішінде физикалық жағдайы – Айдос өздігімен аяғын басып, жүре алады. Сондай-ақ боксшымыздың ақыл-есі жақсы. Онымен қоса, Айдос дәрігерлердің сұрағын түсініп, оларға оп-оңай жауап беріп жатыр. Мамандар мәліметіне сәйкес, Айдос тез сауығып келеді.
Өкіліміздің айтуынша, таяу уақытта боксшымыз ауруханадан шығарылып, ол отанына оралуы ықтимал.
Сондай-ақ АҚШ-қа Айдостың жұбайы келді. Қазір ол боксшының жанында. Әрине, ол үшін бұл үлкен қолдау», — деп мәлім етті Suleimen Promotions компаниясынан.
Еске салайық, қараша айының басында қазақстандық боксшы кубалық Давид Моррельден нокаутпен жеңілді. Жекпе-жектен кейін шұғыл түрде Миннеаполис қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Оған «миына қан кету» диагнозы қойылды. Бұдан әрі ол жасанды түрде комаға жіберіліп, ота жасалды.